Nur Otan жемқорлармен күреседі
Nur Otan жемқорлармен күреседі
5,307
оқылды
Жемқорлық – қоғамның дерті. Nur Otan партиясының бастамасымен сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейеді.

Партия өкілдері әр саладағы жемқор­лықты түбегейлі жою мәселесінің нақты жоспарларын әзірледі. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету ор­гандарында сыбайлас жемқорлық дерегі анықталса, оны жария ету, зерттеу, нәтижесі жайында жан-жақты ақпарат беру мәселесі талқыланды.

Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко жемқорлықты жоюға қоғамдағы әрбір азамат партия арқылы үлесін қоса алатынын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламасында нақты айтып өтті. «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жем­қорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тос­қауыл қояды. Мемлекет пен азаматтар­дың күшін біріктіреміз. Тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейтеміз. Басқарудың барлық дең­гейінде құқықтық-нормативтік акті­лердің жемқорлыққа қарсы сарапта­масына үкіметтік емес ұйымдарды тар­тамыз. Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұ­қаралық ақпарат құралдарының бел­сенді қатысуымен мемлекеттік шешім­дерді қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеміз» деген болатын. Сон­дықтан бір кісідей жұмылып атса­лысайық, – деді Илья Теренченко.

Сонымен қатар жиында Nur Otan партиясы Республикалық жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің тө­рағасы Оралбай Әбдікәрімов жемқор­лықты жоюдың нақты механизмдерін ата­ды. Алдағы уақытта атқарылған жұ­мыстардың қорытындысы талқы­ланады.

– Қазір кез келген салада, оның ішін­де лауазымды тұлғалардың жем­қор­лықпен ұсталуы халықтың билікке сенімін азайтты. Мұны шешудің бір-ақ жолы бар. Ол – жемқор шенеуніктің жым­қырған қаржысын, мемлекетке төле­ген айыппұлын, жазасын қалай, қай­да өтегенін толық халыққа ашық жа­риялап отыру керек. Әсіресе, соңғы кез­дері қоғамның назарын ерекше аударған білім беру, экономиканың дамуына жауапты министрліктердің бір емес, бір­неше орынбасарлары қайта-қайта үлкен көлемдегі қаржыны жымқырды деген күдікке ілінуі – сол мекемелердің жұ­мы­сына сын. Мемлекеттің қаржысы – ха­лықтың қазынасы. Халықтың қаржы­сына қол сұғуға ешкімнің құқы жоқ. Жа­заны күшейтіп, жемқорлар жайлы мәліметті дер уақытында халыққа ха­бар­лап отырайық. Қажет болса, әр ми­нистр­ліктің дәлізіндегі ақпараттық қа­бырға газетіне суретін, жеке дерегін іліп қою қажет, – деді Оралбай Әбдікәрімов.

Жиын қорытындысында комиссия мүшелері нақты ұсыныстар негізінде жұмыс істеуге бір ауыздан келісті.