Сіз кімсіз, Имамоғлу?
Сіз кімсіз, Имамоғлу?
353
оқылды
Түркия саясатын бақылап отыратын азаматтар бауырлас елдің саяси сахнасына былтыр аяқ астынан жаңа тұлғаның шыға келгенін байқаған. Ол – Экрем Имамоғлу. Былтыр ол Стамбұл қаласының мэрі болып сайланды. Оның өзінде қала мэрін сайлау шарасы екі рет өткені есте қалыпты. Со­ны­мен Ердоған мен коман­дасына қарсы тұратындай бедел жинаған осынау тұлға кім, республикашылдар ара­сынан суырылып шығатындай қандай «өнері» бар, бізге сол қызық. Стамбұл мэрі 1970 жылы Түр­кияның Трабзон қаласында дү­ниеге келген. Экрем Республикашыл халықтық партияға 2008 жылы мүше болды. Әу баста жергілікті сайлауларға қатысып жүрген саясаткердің жарқырап көрінген кезі 2019 жыл еді. Рас, оған дейін Бейлікдүзү мэрі болып сайланған Имамоғлу халық арасындағы беделі әлсіреген РДП-ның бойына «қан жүгірткені» бар. Мәселен, 2014 жылғы жер­гілікті сайлауда Бейлікдүзү мэрі болуға үміткер ретінде қатысқан саясаткер 50,8 дауыспен жеңіске жеткен еді. Ал дәл осы ауданда РДП одан бұрынғы сайлауда небәрі 30 пайыз дауыс жинаған. Осы себептен бе, әлде партия ішіндегі жақтастарының, жаңа көзқарастағы азаматтардың қатары артты ма, Имамоғлу 2019 жылы Стамбұл қаласының мэрі болуға үміткер ретінде тіркелді. Әрі екі рет өткен сайлаудан кейін қала билігіне қол жеткізді.  

Стамбұлды 29 жылдан кейін «алған» адам

Түркияда жергілікті сайлау да өте маңызды. Елдегі барлық қала­лардың, аймақтардың, аудан­дардың басшылары осы сайлау нәтижесінде билікке келеді. Стам­бұл қаласының мэрі болу үшін де сайлауда жеңіп шығу керек. Түркияда жергілікті сайлау жүйесі енгізілгеннен кейін РДП мүшесі қала мэрі болып соңғы рет 1977-1980 жылдары ғана қызмет етіпті. Сөйткен қаланы Экрем Имамоғлу 2019 жылдың көктемінде Республикашыл халықтық пар­тияға «алып» берді. Оған дейін Стамбұл мэрі болу мақсатын көз­деген республикашылдардың жо­лы болмаған еді. Тіпті қазір пар­тия төрағасы қызметін атқарып жүрген Кемал Кылычдароғлуның өзі 2009 жылғы сайлауда 37 па­йыз дауыс алып, Әділет және даму партиясының өкілі Кадыр Топ­баштан жеңіліп қалған бо­ла­тын. Сөйтіп, қазір Түркия би­лігінде отырған партия елдегі ең ірі қаланың тізгінін 15 жыл бойы ешкімге бермеген еді. Бірақ был­тырғы сайлау ӘДП-ның мо­но­полиясын жойды. Әрі 2019 жылдың наурызында өткен жергілікті сайлауда Анкара, Измир, Анталия, Едірне, Адана қатарлы көптеген аймақтарының билігі республикашылдардың қо­лына өткен. Стамбұл үшін сай­лауды қайта өткізгенімен, 2019 жылдың маусымында Экрем Имамоғлуның командасы қала би­лігін қолға алды. Ал соңғы кездері 2023 жылғы президент сайлауында РДП осы Экрем Имамоғлун үміткер ретінде ұсынатын болар деген болжам да айтылып жүр.  

«Экремшілер» мен «Мухерремшілер»

Стамбұл мэрінің 2023 жылы Түркия президенттігіне үміткер ретінде сайлауға қатысу-қатыспауы әзірге нақты шешілген жоқ. Алайда сайлау бола қалса, Имамоғлуның Ердоғанға басты қарсылас болу ықтималдығы жоғары. Бірақ көп­­теген зерттеу орталықтары Стамбұл мэрінің ел президентінің ал­­дына түсу мүмкіндігі әзірге тө­мен екенін алға тартады. Былтыр қара­­шаның соңында зерттеу жа­саған Ada зерттеу компаниясы ел тұр­ғындарының 45,1 пайызы Ердоғанға, 26,6 пайызы Имамоғлу­на дауыс беруі мүмкін еке­нін айтқан. Ал 2020 жылдың 13 қаң­­тарында жаңа жылдағы алғашқы зерттеу нәтижесін жариялаған «+1 araştırma» фирмасы қазір түр­киялықтардың 45,4 пайызы Ер­доғанға, 36,6 пайызы Имамоғлуна дауыс беруге даяр еке­­­нін жазды. Осынау деректердің өзі әзірге Стамбұл мэрінің Ердоғанға қар­сылас бо­ларлықтай қауқары жоқ екенін байқатады. Сауална­ма­лардың ешқайсысында жас саясаткер Ердоғанның алдына түсе алған емес. Ел президенті күллі Түркияға, Имамоғлу Стамбұл төңірегінде танымал болып тұр әзірге. Оның үстіне, республикашылдар сайлауға кімді ұсынатынын анықтаған жоқ. 2018 жылғы сайлауда Ердоғанға қарсылас болған республикашыл үміткер Муххерем Инже 2023 жылғы президент сайлауына қа­тысатыны жөнінде мәлімдеме жа­сағаны бар. Содан да болса керек, республикашылдар «экремшілер» мен «мухерремшілер» деп бөлініп алғаны туралы дерек тарап жатыр. Түркиялық журналист-сарапшы Орхан Угуроғлу биыл қараша айында Түркияда парламент және президент сайлауы болатынын жазды. Әрі мұндай мазмұндағы ақпараттар легі көбейіп келеді. Егер 2020 жылы сайлау бола қалса, Экремнің қазіргі Түркия президентін жеңуі неғайбыл.  

«Қамшы беріп дауға қой»

Қазақтың танымында қам­шының билік пен әділет нышаны саналатыны бар. Біздің әйгілі нақылдан үзінді келтіріп, оны та­қырыпша етуіміздің сыры Қа­зақстан елшісінің әрекетінде жатыр. Былтыр 16 желтоқсанда Түркияның Стамбұл қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 28 жыл­дығына орай салтанатты шара өткен. Осы жиында еліміздің Түркиядағы елшісі Абзал Сапар­бекұлы РДП төрағасы Кемал Кылычдароғлуна қобыз, Экрем Имамоғлуна қамшы сыйлағаны бар. Әрине, шараның Стамбұлда өткенін, ал аталған қала билігінің республикашылдардың қолында екенін білеміз. Дегенмен қазақтың танымында өзгеше си­паты бар қам­шыны Түркия билігіне оппозицияның басты тұлғасына айналған саясаткерге беру арқылы Қазақстан елшісі нені тұспалдады екен, сол қызық. Айтпақшы, түріктер «Стам­бұлды алған Түркияны да ала­ды» деген тәмсіл айтады. Яғни, Стамбұл мэрі болған адам Түр­кия­ны да басқарады деген сөз. Бірақ Стамбұл мэрлерінің ішінде президент болған Режеп Тайып Ердоған ғана. Имамоғлу екінші бола ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.    width=Амангелді ҚҰРМЕТ