Түркия саясатын бақылап отыратын азаматтар бауырлас елдің саяси сахнасына былтыр аяқ астынан жаңа тұлғаның шыға келгенін байқаған. Ол – Экрем Имамоғлу. Былтыр ол Стамбұл қаласының мэрі болып сайланды. Оның өзінде қала мэрін сайлау шарасы екі рет өткені есте қалыпты. Сонымен Ердоған мен командасына қарсы тұратындай бедел жинаған осынау тұлға кім, республикашылдар арасынан суырылып шығатындай қандай «өнері» бар, бізге сол қызық. Стамбұл мэрі 1970 жылы Түркияның Трабзон қаласында дүниеге келген. Экрем Республикашыл халықтық партияға 2008 жылы мүше болды. Әу баста жергілікті сайлауларға қатысып жүрген саясаткердің жарқырап көрінген кезі 2019 жыл еді. Рас, оған дейін Бейлікдүзү мэрі болып сайланған Имамоғлу халық арасындағы беделі әлсіреген РДП-ның бойына «қан жүгірткені» бар. Мәселен, 2014 жылғы жергілікті сайлауда Бейлікдүзү мэрі болуға үміткер ретінде қатысқан саясаткер 50,8 дауыспен жеңіске жеткен еді. Ал дәл осы ауданда РДП одан бұрынғы сайлауда небәрі 30 пайыз дауыс жинаған. Осы себептен бе, әлде партия ішіндегі жақтастарының, жаңа көзқарастағы азаматтардың қатары артты ма, Имамоғлу 2019 жылы Стамбұл қаласының мэрі болуға үміткер ретінде тіркелді. Әрі екі рет өткен сайлаудан кейін қала билігіне қол жеткізді.
Стамбұлды 29 жылдан кейін «алған» адам
Түркияда жергілікті сайлау да өте маңызды. Елдегі барлық қалалардың, аймақтардың, аудандардың басшылары осы сайлау нәтижесінде билікке келеді. Стамбұл қаласының мэрі болу үшін де сайлауда жеңіп шығу керек. Түркияда жергілікті сайлау жүйесі енгізілгеннен кейін РДП мүшесі қала мэрі болып соңғы рет 1977-1980 жылдары ғана қызмет етіпті. Сөйткен қаланы Экрем Имамоғлу 2019 жылдың көктемінде Республикашыл халықтық партияға «алып» берді. Оған дейін Стамбұл мэрі болу мақсатын көздеген республикашылдардың жолы болмаған еді. Тіпті қазір партия төрағасы қызметін атқарып жүрген Кемал Кылычдароғлуның өзі 2009 жылғы сайлауда 37 пайыз дауыс алып, Әділет және даму партиясының өкілі Кадыр Топбаштан жеңіліп қалған болатын. Сөйтіп, қазір Түркия билігінде отырған партия елдегі ең ірі қаланың тізгінін 15 жыл бойы ешкімге бермеген еді. Бірақ былтырғы сайлау ӘДП-ның монополиясын жойды. Әрі 2019 жылдың наурызында өткен жергілікті сайлауда Анкара, Измир, Анталия, Едірне, Адана қатарлы көптеген аймақтарының билігі республикашылдардың қолына өткен. Стамбұл үшін сайлауды қайта өткізгенімен, 2019 жылдың маусымында Экрем Имамоғлуның командасы қала билігін қолға алды. Ал соңғы кездері 2023 жылғы президент сайлауында РДП осы Экрем Имамоғлун үміткер ретінде ұсынатын болар деген болжам да айтылып жүр.«Экремшілер» мен «Мухерремшілер»
Стамбұл мэрінің 2023 жылы Түркия президенттігіне үміткер ретінде сайлауға қатысу-қатыспауы әзірге нақты шешілген жоқ. Алайда сайлау бола қалса, Имамоғлуның Ердоғанға басты қарсылас болу ықтималдығы жоғары. Бірақ көптеген зерттеу орталықтары Стамбұл мэрінің ел президентінің алдына түсу мүмкіндігі әзірге төмен екенін алға тартады. Былтыр қарашаның соңында зерттеу жасаған Ada зерттеу компаниясы ел тұрғындарының 45,1 пайызы Ердоғанға, 26,6 пайызы Имамоғлуна дауыс беруі мүмкін екенін айтқан. Ал 2020 жылдың 13 қаңтарында жаңа жылдағы алғашқы зерттеу нәтижесін жариялаған «+1 araştırma» фирмасы қазір түркиялықтардың 45,4 пайызы Ердоғанға, 36,6 пайызы Имамоғлуна дауыс беруге даяр екенін жазды. Осынау деректердің өзі әзірге Стамбұл мэрінің Ердоғанға қарсылас боларлықтай қауқары жоқ екенін байқатады. Сауалнамалардың ешқайсысында жас саясаткер Ердоғанның алдына түсе алған емес. Ел президенті күллі Түркияға, Имамоғлу Стамбұл төңірегінде танымал болып тұр әзірге. Оның үстіне, республикашылдар сайлауға кімді ұсынатынын анықтаған жоқ. 2018 жылғы сайлауда Ердоғанға қарсылас болған республикашыл үміткер Муххерем Инже 2023 жылғы президент сайлауына қатысатыны жөнінде мәлімдеме жасағаны бар. Содан да болса керек, республикашылдар «экремшілер» мен «мухерремшілер» деп бөлініп алғаны туралы дерек тарап жатыр. Түркиялық журналист-сарапшы Орхан Угуроғлу биыл қараша айында Түркияда парламент және президент сайлауы болатынын жазды. Әрі мұндай мазмұндағы ақпараттар легі көбейіп келеді. Егер 2020 жылы сайлау бола қалса, Экремнің қазіргі Түркия президентін жеңуі неғайбыл.«Қамшы беріп дауға қой»
Қазақтың танымында қамшының билік пен әділет нышаны саналатыны бар. Біздің әйгілі нақылдан үзінді келтіріп, оны тақырыпша етуіміздің сыры Қазақстан елшісінің әрекетінде жатыр. Былтыр 16 желтоқсанда Түркияның Стамбұл қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай салтанатты шара өткен. Осы жиында еліміздің Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы РДП төрағасы Кемал Кылычдароғлуна қобыз, Экрем Имамоғлуна қамшы сыйлағаны бар. Әрине, шараның Стамбұлда өткенін, ал аталған қала билігінің республикашылдардың қолында екенін білеміз. Дегенмен қазақтың танымында өзгеше сипаты бар қамшыны Түркия билігіне оппозицияның басты тұлғасына айналған саясаткерге беру арқылы Қазақстан елшісі нені тұспалдады екен, сол қызық. Айтпақшы, түріктер «Стамбұлды алған Түркияны да алады» деген тәмсіл айтады. Яғни, Стамбұл мэрі болған адам Түркияны да басқарады деген сөз. Бірақ Стамбұл мэрлерінің ішінде президент болған Режеп Тайып Ердоған ғана. Имамоғлу екінші бола ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.