Маусым айының басында Сарыағаш полиция бөліміне хабарлама келіп түседі. Онда ауыл тұрғынының бірі ауласында есірткітектес өсімдік өсіргені мәлімделді. Жіті тексеріс жүргізу үшін бөлім қызметкерлері криминалды жасақпен бірігеді.
Криминалды полиция жасағы мен учаске инспекторлары үй ауласына тінту жүргізіп, жеткілікті айғақ жинайды. Нәтижесінде, аталған үй иесі ауласында есірткітектес сора өсіргені анықталады.
Тергеу көрсеткендей, күдікті есірткіні ерте көктемде еккен. Күдік тудырмау үшін сораны бақша дақылдарымен бірге қатарласа өсіріп, күнделікті түбін босатып, суғарып, баптау жұмыстарын жүргізген. Сонымен бірге, өз еркімен есірткі қолданатынын мойындаған.
Қазіргі таңда полицейлер ауладан табылған 5 түп есірткітектес сораны айғақ ретінде тауып, тәркіледі. Қылмыстық кодексінің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша Сарыағаш бөлімшесінде тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Түркістан облысы полицейлері әр хабарламаны арнайы қарайды. Қылмыстың шеті шықса, түбіне дейін тексеруге бар. Жұмыс нәтижелері қоғам игілігіне жарарына сенімдіміз.
Айбике ЖАНАСЫЛ