– 2017 жылдың 7 маусымында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық жасап, БТА банкінің 7,5 млрд доллар қаражатын ұрлағаны үшін басты фигурант Мұхтар Әбілязовті 20 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Қабылданған шаралардың арқасында БТА банкке шамамен 2 млрд доллар қайтарылды, – деді ол агенттікте өткен брифингте.
Оның айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша 42 адам сотталған. Соңғы уақытта іздеуде болған 10 адам өз еріктерімен Қазақстанға келген. Олардың қатарында Жақсылық Жәрімбетов, Сәдуақас Мәмеш, Қайрат Садықов сынды БТА банктің топ-менеджерлері бар. Сергей Перов сот олардың барлығын кінәлі деп танығанын, дегенмен кінәларын толық мойындап, тергеу амалдарына көмек көрсеткендері үшін шартты түрде жаза тағайындалғанын жеткізді.
– Биыл мамыр айында Қазақстанға өз еріктерімен оралған 7 тұлғаға қатысты тергеу амалдары аяқталды. Олардың қатарында Әбілязовтің бақылауында болған «ИПГ Евразия», «Евразия Сити» және басқа компания Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Артур Трофимов бар, – деді ол.
Брифинг барысында Қазақстанға өз еріктерімен оралған айыптылардың бейнежазбасы көрсетілді. Олар бейнежазбада шетелде өмір сүру қиын болғандығын, ешкім көмек көрсетпегендігін айтады.
– Менің міндетім Мұхтар Әбілязовпен аффилирленген компаниялардың кредит алуы үшін құжаттар топтамасын дайындау болды. Мұхтар Әбілязовтен Вероника Ефимова арқылы елден кету керектігі, себебі қылмыстық іс қозғалғандығы, адамдарды түрмеге отырғызатындығы және бұл саяси мәселе екені туралы хабарлама алдым. Екінші кішкентай балам, қарт анам мен өзім үшін қорқып, отбасыммен шетелге кетіп қалдым. Әрине, одан кейін бірқатар көмек алдым. Бірақ шетелде болғанымызда қосымша ешқандай көмек алған емеспіз. Бізге өмір сүру өте қиынға соқты, – дейді БТА банкі Кредит басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Зәуре Жүнісова.
БТА банктің бұрынғы басқарушы директоры – кредиттік комитет мүшесі Валерий Налобин бейнежазбада банк басшылығы тарапынан қатты қысым болғанын айтады.
– Шын ниетіммен мойындағаным үшін банк басшылығы тарапынан қатты қысым болды. 2010 жылы шыдамым таусылып, өзім үшін, отбасым үшін қорқыныштан шетелге кетіп қалдым. Осы жылдар маған өте ауыр тиді. Отбасымды көрмедім, әне-міне тұтқынға алады деген қорқынышпен өмір сүрдім. Жұмыс та істей алмадым. Балаларымды, ата-анамды көрмегенім ауыр соққы болды. Сондықтан 2018 жылы елге оралуға шешім қабылдадым, – деді Валерий Налобин.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ