Еліміздің әр түкпірінен келген талантты, дарынды балалар он күн бойы тау баурайындағы әсем өлкеде демалып, сонымен қатар өздерінің мүмкіндіктерін де бағамдай алды. Оларға он күн бойы театр актері, режиссер, фотограф, дизайнер сияқты түрлі мамандық өкілдері дәріс оқып, шеберліктерін шыңдаған, құлшыныстарын оятқан. Осылайша, қысқа уақыт ішінде балалардың бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру мақсаты алға қойылған.
Лагерде балалар коммуникативтік дағдыларға, кәсіби бағыт беру кездесулеріне және салауатты өмір салтын насихаттауға, соның ішінде психологиялық денсаулық пен дұрыс тамақтануға ерекше назар аударатын, қазір ешбір мектепте және гимназияда оқытылмайтын, бірақ уақыт талабына сай келетін, көшбасшылықты, эмоциялық интеллекті дамытатын пәндерді оқыған. «Білім – Орта Азия» білім беру орталығының басшысы Лариса Горбунованың айтуынша, олар оқушылардың жан дүниесі мен сыртқы әлемдегі үрдістерді байланыстыруға тырысқан.
– Биыл лагерьде біз ішкі жан дүниені тануға, шығармашылық әлеуетті дамыту резервтерін ашуға, құрбы-құрдастармен қарым-қатынас құру дағдыларын жақсартуға баса назар аудардық. Бұл мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруде өте маңызды. Тиімді оқыту қағидасын біз бірнеше жыл бойы іске асырып келеміз және ол «тең – теңіне» болып өзгеріссіз қала бермек, – дейді «Білім – Орта Азия» білім беру орталығының басшысы Лариса Горбунова.
Алматылық жасөспірім Абай Жолдасбек осы лагерге келіп, білімді игеруге қатысты көптеген машықтарды үйрендім дейді.
– Өзім Алматы қаласының тұрғынымын. Лагерь маған өте қатты ұнады. Мұнда өте көп нәрсені көріп, көзім ашылды десе де болғандай. Осында келгелі командамен жұмыс істеуді үйрендім. Өзгелердің пікіріне құлақ асу, бірлесіп шешім қабылдау, қандай да бір тактикалық шешімдер қабылдау деген дүниелер де мен үшін жаңа белес болды. Негізі жыл сайын лагерге өзімнің жан досыммен келетін едім. Бірақ ол биыл отбасылық жағдайына байланысты келе алған жоқ. Дегенмен осында келіп жаңа таныстар, жаңа достар тапқаным анық. Соның бірі – Жасдәурен. Достығымыз кең өрістейді деп сенемін, – дейді Абай.
Ауысым бағдарламасының «оқудан тыс» бөлігі өте қызықты және танымды сабақтардан тұрды. Кез келген лагерь үшін дәстүрлі болған ойындармен, үйірмелермен, спорттық жарыстармен қатар жасөспірімдер сценарий жазуды, өз спектакльдерін қоюды үйренді, арт-жобаларды құру негіздерімен танысты, ойын және театр техникаларын үйренді.
Ал балаларға бар ықыласымен өнер мен тәрбие үйретіп жүрген жетекші Эмиль Вядкин «Тау Тұранда» осымен үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатыр екен. Балалармен жұмыс істеудің өзіндік ләззаты бар дейді ол.
– Мені мұнда осы лагердің директоры шақырды. Алғашқы жыл әрине қиын болды. Балалармен қарым-қатынас қалай өрбиді екен деген алаңдаудың болғаны рас. Дегенмен ондай проблема туындаған жоқ. Бір-бірімізді тез түсінісіп кеттік, – дейді Эмиль.
Қатысушылар командалары таңдаған өздері үшін маңызды тақырыпта «Бәрі қолыңнан келеді, ең бастысы соны қалау!» деген ұранмен бейнебаяндар ойластырып түсіру мүмкіндігіне ие болды. Бейнебаяндар ауысымның жабылу салтанатында көрсетілді. Сонымен қатар адами және табиғи ресурстарды күтудің маңызы туралы театр қойылымы да ерекше әсер берді.
Еске салсақ, Білім беру орталығының негізі 1995 жылы қаланған. 2004 жылдан бастап Орталық «Білім – Орта Азия» білім беру орталығы қазақстандық үкіметтік емес ұйым ретінде жұмыс істейді, оның миссиясы Орта Азияны халықаралық білім беру кеңістігіне біріктіретін реформаларды таныстыру және қолдау.