Әрине, уақыт бір орында тұрмайды, еліміздегі сот жүйесі жобалық басқарудың талаптарын басшылыққа ала отырып, үздіксіз даму үстінде. Қоғам талабының жылдан жылға өсуі және экономикалық қатынастардың өзгеруі сот жүйесіне де әсерін тигізіп, жаңа заманның талаптары сот жүйесін сынға алуда. Халықтың сеніміне ену үшін сот жүйесінде көптеген шара ұйымдастырылып жатыр. 2019 жылды – сот төрелігінің сапасы жылы ретінде жариялау соның мысалы. Мұнда Сот саласының соттарда айыптаушылық көзқарасты төмендету, кассацияға қолжетімділікті ұлғайту, сот рәсімдерін оңайлату, татуласу институтын жетілдіру, әкімшілік соттарда құқықтарды қорғауды күшейту, сот актілерінің сапасын арттыру, соттардағы жемқорлықтың алдын алу басым бағыттар болып отыр. Соның бір айғағы Е-СОТ түйіні де электрондық сот төрелігін одан ары дамытуды көздейді.
Қоғамда сот актісіне қатысты сан алуан пікір бар, азаматтар сот залынан сот актісін түсінбей шығатын жағдайлар кездесіп тұрады, осыдан келе шағымдардың 90 процентке жуығы нақты судьяның әрекетіне немесе әрекетсіздігіне емес сот актісіне берілетіні анықталып отыр. Жоғарғы сот жүргізген талдауға сәйкес, кейбір сот актілері қарапайым адам тұрмақ судьялардың өзі түсінбейтін актілер де кездесіп жатады. Осыдан келе 2018 жылдың наурыз айында жалпы отырыста Жоғарғы сот «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулы қабылданып, 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап қолданыла бастаған болатын. Үкімді әзірлеу бойынша жаңа тәсілдер енгізіліп, құрылымы мен логикасы жетілдірілді.
Дегенмен халық сотқа деген сенімсіздіктен біраз уақытқа дейін арыла алмайтын сияқты. Педофилия қылмысына көшсек, статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы 2013-2017 жылдары кәмелетке толмағандарға қарсы 964 зорлау фактісі тіркелген. 2013 жылы кәмелет жасына толмаған 258 адамға қарсы зорлау дерегі тіркелсе, 2014 жылы бұл сан екі есеге қысқарған – 169. Ал 2015 жылы 254 бала зорлық көрсе, 2016 және 2017 жылдары 123 және 131 бала зәбір көруші ретінде тіркелген. Алайда бұл деректер бойынша қанша қылмыстық істің сотқа жеткені және сот үкімінен кейін қанша адамның шағым түсіру арқылы жазасын жеңілдеткен-жеңілдетпегені белгісіз. Бүгінгі таңда да бұл қылмыспен айыпталушылар аз емес. Халық соттың ашық болуын, қылмыскерді бөле жармай лайықты жазасын алуын талап етуде. Адам өлтіру, отанын сату, сыбайлас жемқорлықтың түрлері: пара алу, пара беру сынды қылмыс түрлерінде жаза қатаң болу керегі айтылып жүр.
Қоғамды алаңдатқан, мемлекетті кейін тартып отырған тағы да бір қылмыс түрі – қазына қаржысына қол салу. Кеше ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ аудандық филиалы басшысының пара алу фактісін анықтады. Ол «2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік қызметкер ретінде жұмысқа жалпы қамқорлығы мен салғырттығы үшін «А» азаматынан пара алды деп күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктіге процессуалдық ұстау қолданылған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр. Алда сот. Міне, бұл бірінші жағдай емес. Өйткені мұндай қылмыстың көбіне толық аяқталмай жабылып қалуы немесе мың теңге алған сотталып, миллионды жұтқан құтылып кеткен жағдайлардың болуы соттың атына кір келтіріп отырғаны шындық.
Сонымен бірге, «Татуласу сотқа дейін және сотта» түйіні бойынша біршама шаралар да атқарылғанын атап өтуге болады. Әлемдегі дамыған елдерде істердің 25 проценті татуласу арқылы шешіледі. Бұл институт жеті түйіннің ең тиімділерінің бірі. Қазіргі таңда кәсіподақтар федерациясымен, медиаторлармен, әкімдіктермен бірлесіп, әкімдіктердің жанынан татуласу кабинеттері ашылуда, медиаторлардың кабинеттері барлық сот және полиция басқармаларында да ашылған. Мұндағы мақсат, азаматтардың мүмкіндігінше сотқа дейін немесе сотта татуласуына жағдай жасау.
Міне, осы институтты жетілдіре түсу де заман талабы. Бір ғана Нұр-Сұлтан қалалық Есіл аудандық сотта орналасқан Astana-zangerlik jane mediatsiia ortalygy қоғамдық бірлестігі 2018 жылы сотқа дейін 96 қылмыстық істі медиация тәртібімен қысқарту жөнінде келісімшарт жасаған, ал 2019 жылғы 4 айда сотқа дейін 35 қылмыстық іс медиация тәртібімен қысқартылған.
Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұратыны сияқты, сотта жазалау мен ақтаудан құралады. Жазықсызды жылатпайтын, құтылып кеткісі келіп басқа адамға жала жабушыны анықтап, төрелік айтушы – сот. Оның айтқаны орындалатыны сөзсіз. Өйткені сот – заңды орындаушы. Әділдікті ту етіп ұстау – азаматтық парызы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми кірісу рәсімінде сот жүйесіне басты назар аударды. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалауды тілге тиек етті. «Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу», – деді ол.
Әдебиет Белгібайұлы