Рас, оңтүстігімізден солтүстігімізге бет алуға тиіс ішкі көштің мәселесі кәдімгідей қордалана бастады. Дәл қазір Қазақстанда бір шаршы шақырым аумаққа 6,8 адамнан келеді екен. Бұл біздегі адам санының аздығын білдіреді. Ауа райы жанға жайлы оңтүстікте тұрғын көп болса, керісінше солтүстікте тым аз. Кінәні климатқа артқаннан пайда жоқ. Өйткені солтүстік өңірлердегі тұрғын санының аздығынан, елге жұмыс күші жетпей жатыр. Бұл ахуалды реттеу үшін мемлекет бірнеше жылдан бері ішкі көші-қонды қолға алды. Халықты күнгейден теріскейге көшіруге, орналастыруға бел байлады. Осы жоспар жасалғалы жүзеге асқан жұмыстың нәтижесі қандай? Теріскейге табан тірегендердің саны неге көбеймей тұр?
1992-2018 жылдар аралығында ел ішінде халықтың ең көп көшкен өңірі Алматы қаласы (900 мың адам) болып отыр. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласына 845 572 адам қоныстанған. Көші-қон бойынша көш соңына тұрақтағандар ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бар. Мұнда 103 173 адам ғана көшіп келген. Керісінше, бұл өңірден біржола көшіп кетіп жатқанның саны көп. Ресейге қоныс аударып жатқандардың артуына байланысты солтүстіктің тұрғындары соңғы жылдары азайып барады. 2050 жылға қарай мұндағы халық саны тағы 1 миллионға қысқаруы мүмкін. Оңтүстікте – керісінше. Өсім қарқыны өте күшті. Бұл бағытпен кете берсе, алдағы 20 жылда адам саны бұл өңірде 5 миллионға жетуі мүмкін.
Осы жерде күні кеше елімізде орын алған оқиға, Арыстың жайы да тұр. Көзіқарақты жұрт осы өңірдің халқын біртіндеп солтүстікке көшіріп алуды құптап отыр. Оның негізгі және салмақты себебі көп. «Үкімет осы орайда солтүстікке, жаңа өлкеге, жасыл аймаққа барамын дейтін отбасыларды анықтау керек. Шындап келгенде, ол да Отанның бір бөлшек жері. Әрине, қазір улап-шулап жатқан ел бірден шешім қабылдай қоймас, бірақ ақырын ескерте беру керек. Егер қоныс аударуға ниетті ағайын болса тізімдеп, солтүстік облыстардың аудан-ауылдарының картасын жасап, таныстыра берген жөн. Солтүстік облыстардан Арыс жұрты арасына мамандар тартылып, түсіндіру, таныстыру жұмыстарын жүргізе берсе де артық емес.
Туып-өскен, жұмыс істеп жүрген жерін тастау оңай емес, бірақ солтүстіктің құйқалы топырағы, орманды, егісті даласы да ешкімді өкіндірмесі анық. Оның үстіне ішкі көші-қонға байланысты үкіметтің жеңілдігі – жұмыс тауып беру, арзан баспана, пайызы төмен несие, мал бағу, жер салу, шаруашылық жүргізу, бюджеттік мекемелерге жұмысқа орналасу, мектеп бітірген балаларға грант секілді тиімділігі көп», – дейді белгілі журналист Мұрат Алмасбек.
Солтүстік Қазақстан облысына көші-қонға байланысты жоба аясында көшіп келушілерге арнап 2021 жылға дейін 3 мың отбасылық тұрғын үй салынбақшы. Үкіметтің көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша ішкі көші-қонды реттеу жоспары бекітілген. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2022 жылдары солтүстік аймақтарға (СҚО, ШҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола) 59 мың отбасын көшіру жоспары барын мәлімдеген. 2018 жыл осы межені орындаудың алғашқы жылы болды. Бірақ бұл көштің жүрісі өте шабан. Былтыр Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарынан 414 отбасы көшіп келген. Алайда мамандар солтүстік облыстарға көшуге ниеттілердің қарасы көп екенін айтады. Тиісті анкетаны толтырып, кезек күтіп отырғандар баршылық. Демек, халықтың көшуге ниеті бар. Оған біз жоғарыда сөз еткен арыстықтар көптеп қосылса деген ниет бар. Сонда да бұл бағдарлама өте баяу жүріп жатыр. Айта кетейік, қоныс аударушыларға көшіп-қону шығындары үшін отбасындағы адамдардың әрқайсысына шаққанда 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді. Тиісті жұмыспен қамтылады. Баспана жалдау үшін 1 жыл бойы субсидия беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алу кезегіне тұра алады. Бірақ бұл көшіп барушы үшін ауыз толтырып айтарлықтай көмек дей алмас едік. Сол тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуін қарастыру керек. Сондай-ақ жергілікті қалталы азаматтар бұл көшке қолдау білдіріп, бір адам бір отбасыны көшіру жұмысына атсалысуы қажет. Солтүстікті қазақыландырудың қамымен 2014 жылдан бастап елімізде «Серпін» мемлекеттік әлеуметтік бағдарламасы да жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Қоныс аударуға ниеттенген бірнеше отбасы жағдай ұнамаған, климат жақпаған, отбасылық жағдайлар кедергі болған деген сияқты бірнеше себеппен ол жақты жерсінбей, қайта оралыпты. Осы жерде жеке отбасыны ғана емес, бүкіл ауылды, көрші-көлемімен, ағайын туысымен бірге көшіруді қолға алу керек сияқты. Олар бір ауылға қоныстанса, ағайыннан алысқа кетіп қалдым деген уайымсыз жүрер еді. Жаңа ортаға бейімделуі оңай болар еді. «Туған жердің топырағы бұйырсын, сүйегім басқа жерде қалғаннан сақтасын» дейтін қазақ үшін бұл да үлкен мәселе болып отыр.
Бағдарламадан нәтиже шығара алмай, қалай жүзеге асыруды ойластырып отырған министрлік мұны да қарастыруы керек еді. Бұл көштің астарында тек көшу емес, солтүстікті қазақыландырып, мектептері мен балабақшалары балалардың аздығынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеп, түтінін түтету тұрғандықтан, көшудің жүйелі жүргені жақсы. Сонда ғана жұмыс күшіне тапшы болып отырған шаруашылықтардың беті бері қарап, жағдайы түзелер еді.
Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны, болжам бойынша, 5,2 млн адамға жетеді. Бұл солтүстіктегі тұрғындар санынан 4 есе көп болып кетеді екен. Қазіргі уақыттың өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келсе, солтүстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни, әлден-ақ еңбек ресурсы мәселелері туындап отыр. Былтыр сыртқа көшкендердің ішіндегі 71,3 пайыз – орыстар. Сол орыстардың дені осы солтүстік өңірлерден өз елдеріне қоныс аударғандар екен. Ұлттық және халықаралық сарапшылармен және ұлттық экономика министрлігімен бірігіп, халық санына зерттеу жүргізгенде, қазірден бастап халықтың орналасуында дисбаланс бар екені белгілі болған еді. «Екі көшкен бір таланғанмен бірдей» демекші, халықтың көшіп барып, қайтып кетуін емес, сол жерде тұрақтап қалуын қадағалап, құнттайтын нақты қадамдар жасалмаса, біз айтып отырған қауіптің іргесін сөгу мүмкін болмай қалады.
Түйін:
Қазақтың бір жері, екінші жерінен жаман емес.
Кешегі Арыс оқиғасы туралы да айтарымыз біреу: қауіп-қатер бола ма, болмай ма деп қорқып отырғанша, Отанның тағы бір бұрышынан бақытымызды іздегеніміз де жөн шығар...