Astana finance days басталды
Astana finance days басталды
336
оқылды

«Астана» халықаралық қаржы орталығында өтіп жатқан іс-шара 4 шілдеге дейін жалғасады. Ертең Astana Finance Days конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы жоспарланған.  Конференцияның негізгі бөлігі де ертеңге белгіленген. Ал  конференцияның алғашқы күні, яғни кеше отандық кәсіпкерлерді ІРО-ға үйрету  тренингтері ұйымдастырылды.  Тыңдаушылар алдында Қазақстан, Ұлыбритания, Австралия, Франция, Италия елдерінің сарапшылары ақпараттық сессиялар, воркшоптар мен жергілікті қаржы нарығы туралы өзекті тақырыптарға арналған ашық дәрістер оқыды. 

«Соңғы жарты жылда жобалар мен инвесторлар қалауының арасы тым алшақ екенін байқалды. Сондықтан, компанияларға ішкі трансформация, қызметкерлерді оқыту жөнінде тренинг ұсынып отырмыз. IPO-ға шығу – тек  ақша алып отыру емес, IPO-дан кейінгі өмір тіпті қиындай түседі. Инвесторлармен бірігіп жұмыс істеу керек, ашық саясат ұстанып, есептерді көрсету қажет», – дейді АХҚО басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов.

Оның айтуынша,   қор нарығына отандық  компаниялардың барлығы шығуы міндетті емес.  Кей компанияларға жай  инвестор немесе қор инвестициясы ғана керек. Көптеген орташа компаниялар бизнеспен айналысқанымен, шетелдік инвестор тартуды ойламайды. Сондықтан, оларға конференцияда  қабілетін шыңдап, халықаралық қор нарықтарына шығуы үшін құралдар мен жол картасы ұсынылмақ. Сондықтан алдағы қыркүйек айынан бастап компанияларды іріктеп, инвестиция қалай тарту керегін үйретіп, арнайы білім беріп, стратегиямен бөлісу жоспарда бар.  

 Бүгін, сондай-ақ, АХҚО-ның алдағы уақытта құқық саласы бойынша дамуына және АХҚО қатысушыларын қолдауға бағытталған AIFC Law Pro Bono кеңсесі ашылды. Аталған кеңсе заң саласын жетік білетін консультантты жалдай алмайтын жеке тұлғалар мен компания өкілдеріне АХҚО құзыреті шеңберінде туындайтын заң мәселелері бойынша кәсіби заңгерлерден тегін консультация алуға мүмкіндік береді.