Кеше Орталық аппараттың ұжымымен кездесу барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ұжымға жаңа хатшыны таныстырды. Ол өз сөзінде жаңадан тағайындалған хатшының мемлекеттік органдарда, партияның өзінде де қызмет атқарған мол тәжірибиесі барын айтты.
– Жігер Қуанышұлы – қызметіне адал. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ол партияда бұған дейін 10 жыл қызмет атқарды. Ол – елімізге, партияға және Елбасына адал қызмет етіп келе жатқан маман. Жігер Қалиев ұйымдастыру және аймақтық жұмыстарға жетекшілік етеді, – деді Бауыржан Байбек.
Жігер Қалиев еңбек жолын 1995 жылы Мемлекеттік мүлікті басқару бойынша Ақтөбе аймақтық комитетінің маманы қызметінен бастаған. Әр жылдары Ақтөбе облысы Экономика және индикативті жоспарлау департаментінің, Жер қойнауын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы болған. Салық комитеті төрағасының Ақтөбе қаласы бойынша орынбасары қызметін атқарған.
2007 жылдан бастап 2016 жылға дейін Nur Otan партиясының Орталық аппаратында консультант, директордың орынбасары, Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаментінің директоры болды.
2016-2019 жылдары Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, ал 2019 жылдың ақпан айынан бастап Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.