«Жерұйық» саябағына 1 500-ден астам халық жиналды. Қатысушылар елімізде тұрақсыздық пен арандатушылық әрекеттерге қарсылығын жеткізді.
Жиынды Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ашты. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев митинг мақсатын түсіндіріп, саяси технологияның мәнісін айтты. Nur Otan партиясы белсендісі, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы саяси процестегі зиялы қауымның ықпалы жайын қозғады.
Митингке қатысушылар ел ішіне іріткі салуға тырысқандар туралы көзқарасын білдірді. Олар қоғамға бірлік пен бейбіт өмір керегін және республиканың прогрессив дамуына кедергі жасауға ұмтылғандарға ермеу қажетін түсіндірді.
Спикерлер қазақстандықтардың революцияға ұмтылмай, эволюцияны таңдайтынын айтты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған әлемнің дамыған отыз еліне кіру басты міндетіміз екенін еске салды. Діттеген мақсатқа жету үшін барлық прогрессив күш деструктивті элементтерге тойтарыс беріп, бір мүдде үшін бірігуі тиіс екенін жеткізді.
Халық Қаһарманы, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев қазақстандықтарды экстремистік және радикал күшке қарсы тұруға шақырды. Оның айтуынша, аталған іс-әрекеттер әлемнің бірде-бір еліне күйзелістен, экономикалық құлдыраудан, халықтың азаюынан басқа ештеңе әкелмеген.
– Білесіз бе, мен соғысты көрдім. Батальон командирі болдым. Полк командирі болдым, өмірдің бағасын білемін. Біз шетелде жүрген адамдарға елде үрей туғызуға мүмкіндік бермейміз. Біз Отанымызды бірге қорғаймыз! Ел біртұтас болуға тиіс! – деп Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев елді бірлікке шақырды.
Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова жастарды саяси деструктив процеске қарсы әрекет жасау қажет екенін айтты. Білім алу, жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы ойын білдірді. Дамудың негізі білім екенін, жастар қай жағынан сауатты болған қоғамда алға жылжу орын алатынын жеткізді.