«Нұрлы көш» «ұлы көшке» ұласса...
«Нұрлы көш»  «ұлы көшке» ұласса...
455
оқылды

Кеңес заманы кезінде  «гиганто­ма­­ния» деген кесел болған. Соның вирусы өлмеген екен. Сол «Нұрлы көшке» жұқты. Көштің ат басын ауылға бұру орнына, оралмандарды онсыз да халқы көп, өз жұмыссыз­дары да жетерлік қалалар  мен  об­лыс орталықтарының жанына орна­ластыра бастады. Оның үстіне, оларға арналған тұрғын үйлер сапа­сыз салынып, қыста суық болып, әрі жұмыс болмай көшіп келген қандастарымыз жүдеді. Кейін олар жан-жаққа бытырап, жан бағып кетті. Бұл қате­лік «Нұрлы көшті» сәтсіздікке ұшыратты, ол бастапқы мақсатына жетпей бірер жылдан кейін тоқтап қалды.

Елбасымыз тоқтап қалған бұл жұмысты одан ары жалғастыру үшін және шеттен елге көшіп келе­тін ағайынды қолдау үшін «Отан­дас­тар» қорын құрып, «Қор Дүние­жүзі қазақтары қауым­дас­ты­ғымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шарала­рын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзір­лесін» деп тағы да арнайы тапсырма берген.

«Айқын» газетіне (5 мамыр 2019 жыл) «Отандастар» қорының пре­зи­денті Нұртай Әбіқаев сұхбат беріп, онда Елбасы тапсырмасы бойын­ша ғылыми негізделген зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, жыл аяғы­на дейін кешенді  мемлекеттік бағдарламаға талдамалық ұсыным­дар әзірленетінін айтқан болатын. Бұл – қуанарлық жағдай. Осы мақсат­та жүргізілетін зерттеу жұмыс­та­рын алдымен, «Нұрлы көш» бағдарла­ма­сының сәтсіздікке ұшырау себеп­те­рін анықтап, сол кемшіліктерді түзеу міндет.

 «Нұрлы көш» сәтсіздіктерінен сабақ алуымыз үшін: Ақмола облы­сы Степногорск қаласының 145 отба­сылы «Қарабұлақ» ауылы, Ақ­тө­бе облысы Қырымтау ауданы­ның 200 отбасылы  «Көктал», Шы­ғыс Қазақстан облысының 298 отбасылық «Өскемен», Қос­та­най облысы Қостанай ауданы 130 от­басылы «Заречный», Сол­түстік Қазақстан облысы Қызылжар ауда­нындағы 240 отбасылы «Бәйте­рек», Көкшетау облысының 270 отбасылы «Красный яр», Курча­тов қаласындағы 200 отбасы­лы және сондай басқа ауылдардың кешенді құрылыстары­на қанша бюджет қаржысы жұмсалды және соларда бастапқы келген оралмандардың қаншасы қалды? Қаншасы бытырап әр жаққа көшіп кетті? Бос қалған жерлерде кімдер тұрып жатыр? Кезінде сапасыз салынған сол тұр­ғын үйлердің қазіргі жай-күйі қа­лай? Міне,  соларды саралап, қате­ліктерді қайталамауды ойластыру  керек.

Қорытындылай келгенде, бола­шақ оралман қоныстанушы­лар­ға алдымен жұмыс орындарын ойлас­ты­рып, сайлап алмай тұрып, қала­лар­дың іргесінде 140-200-300 отба­сы­лық ірі тұрғын үй кешендерін салу үлкен қателік болғанын, қазақ кө­ші­нің тоқтап қалуының басты себебі сол екенін мойындауымыз ке­рек. Жоғарыда тізілген 7 ауылдың отбасыларының жалпы саны 1 483 екен. Сол 7 ауылдың тұрғын үйлерін салуға 13-15 миллиард теңге бюджет қаржысы жұмсалған  деп шамала­дық.

Мен сол жылы  «Нұрлы көш»  мем­лекеттік бағдарламасына қо­сым­ша жоба жасап ұсындым. Ол «Ауылдарға оралмандар мен ішкі қоныстанушыларды орналастыру­дың жаңа үлгі-моделі» деп аталады. Қысқаша айтқанда, «Ауыл-ана» жобасы. Оны  «Егемен Қазақстан» газеті маңдайын  жарқыратып 2009 жылғы 27 мамыр күнгі санында жария­лады. Бұл жоба бойынша қой фер­масы қонысы 2,8-3,2 мың, яғни төрт отар қой өсіріп бағуға арнал­ған. Оны қауымдық  шаруашылық (қауымшар)деп атадық. 4 отар қой­ды төрт шопан, төрт көмекші шо­пан бағып күтеді. Сол төрт отар қой қысы-жазы 8 отбасының ортақ жауапкершілігінде болады. Жазда 4 шопан жайлауға шығып, қалған төртеуі қыстауда қалып, жаздай-күздей мал азығын дайындайды, шөп шабады, бау-бақша, көкөніс өсіреді. Келесі жылы былтыр қыстауда қалғандар жайлауға кетіп, жазда жайлауда қой баққандар қыстауда қалып орын алмастырады. Сонда қой бағу жалықтырмайды. Мұның тағы бір артықшылығы – шопандар қыста да, жазда да жалғыз­дық көрмейді. Адам үшін жалғыздықтан асқан жамандық жоқ. Әкеміз шопан болды. Өзім де жасымда қозы бақтым, онда қой сауылатын. Мектеп бітірген соң екі жыл шопан болдым.

Шопандар қыс қыстауда да, жаз жайлауда да жалғыз-жалғыздан отыратынбыз. Жалғыздықтан жапа шеге­тінбіз. Жаз жайлауда қойлары­мыз қосылып кетеді деп, шопандар әр қырдың астында бөлек-бөлек қоныс тебетін. Ал мына жобада барлық қой ортақ жауапкершілікте болған соң жазда да, қыста да бір жерде бірлесіп бағады. Сонда бір ауылдың өзінен сиыр мен жылқыны қос­пағанда жазда 4 отар қой жай­лау­ға шығып, «Жайлаудағы мал шаруашылығын қалпына келтіру» туралы Елбасымыздың жоба-тапсырмасы қоса орындалады.

Екінші артықшылық – сегіз отбасына арналған әмбебап тұр­ғын­үй кешенінде. Қаладағы сегіз пәтерлік екі қабатты үй секілді бірге салынады; бір отқазаннан жылыты­ла­ды; сегіз үй сегіз пешке от жағып түтіндетіп жатпайды. Кешен Н әрпі секілді етіп тұрғызылады. Екі жақ басында төрт-төрттен пәтер болады да, ортаңғы белдікте мәдени тұр­мыс­­тық бөлмелер болады. Атап айт­қанда: шағын кітапханасы бар клуб бөлмесі, балалардың ортақ ойын залы, бастауыш мектеп бөл­месі. Егер сегіз отбасының ішін­де мұғалім болса, бастауышта өз бала­ларын өздері оқытатын болады.

Сегіз отбасы өздері бір шағын автономды ауыл боп өмір сүреді. Төрт отардың екеуі сау­лық қой, қалған екеуі етке өткі­зіп ақшалай кіріс кіргізетін еркек тоқты, ісек болмақ. Жыл сайын кемінде 700-800 қой бордақыланып сатылады. Өз төлі есебінен жыл сайын көбейіп табыстары да арта бер­мек. Төлдері­мен 4-5 мың қой­дың жабағы, күзем жүні де – қыруар табыс көзі. Жүн өңдеп, одан кілем, түрлі киімдер тоқылып, теке­мет басып, киіз үйдің туырлық, түндіктері, жабдықтары жасалып та кіріс кіргізіледі. Бау-бақшадан да табыс табу, ауыл адам­дарын көкө­ніс­пен, әсіресе, екінші нан сана­ла­тын картоппен  толық қамтамасыз ету жос­парланған.

Қой фермасынан басқа дәл осын­дай үлгіде сиыр фермасы бо­луы керек. Онда сауын сиырлар және бордақыланатын тайыншалар мен құнан өгіздер бағылады.

Біз ұсынған жоба бойынша Қос­танай облысының Арқалық ауда­нына қарасты бұрын ірі совхоз болған «Қайыңды» мен «Қызыл­жұлдыз» елдімекендерінде, бірінде қой өсіруге, екіншісінде сиыр ферма­сын құруға, яғни екі ауылға қаржы бөлуді сұрадық. Әр шағын ауыл 8 отбасылық қана, барлығы
16 отбасы. Егер мемлекет, Үкімет тарапынан мықты қолдау болғанда, «Қайыңды» қайта еңсе көтеріп, аяғынан тік тұрып кетер еді. Аз-ақ жылда баяғыдай қой мен сиыр көбейіп, халық саны да өсіп, бірте-бірте жұмыс орындары да жасалып, ауылда жұмыссыздық жойылып, шаруашылық өркендеп кеткен  болар еді-ау. Сөйтіп, ол респуб­лика бойынша өзгелерге үлгі-тірек  шаруашылыққа айна­ла­тын еді. Өкініш өзек өртейді.

Мен ұсынған бұл жобаны сол кездегі Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мен бір топ Парла­мент депутаттары қызу қолдады. Министр Қостанай облысының сол кездегі әкімі В.Кулагинге арнайы қаты­нас қағаз жолдап, алдағы жыл­дың пилоттық  жобасына енгізуді, қажетті  қаржының сметалық көле­мін анықтап жіберуді сұрады. Кула­гин болса, «Қайыңды» қолай­сыз  жер деп өтірік жауап берді, оған қазақ ауылдарының қайтадан өр­кен­дегені керек емес еді. Ал шы­нын­­да, Қайыңды аудан орталығы Арқа­лықтан 90-ақ шақырым жерде, бұрын мықты совхоз орталығы болған.

Ал Парламенттегі көші-қон тобы­ның жетекшісі У.Қалижан, К.Сағадиев, Д.Құсайынов, С. Тоқ­пақ­баев, Т. Қадамбаев, Г. Қара­ғұсова және бірнеше депутат Қазақстан Үкіметінің басшысы К.Мәсімовке бір емес, екі рет депутат­тық сауал жолдады. Бірін­шісі – 2009 жылдың 22 қаза­нында; екін­шісі – 2010 жылдың 9 шілдесін­де. Алдыңғысына да, соңғысына да түрлі-түрлі сырғытпа жауаптар кел­ді. Міне біздегі Үкімет пен әкім­дер­дің сиқы, олармен қашан көктеп көгерер екенбіз?

Енді алғашқысын қала жобасы, екіншісін дала жобасы деп, екеуін салыстырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда қарастырып көрелік. Егер қала жобасындағы жеті қалаға орналастырылған 1 483 отбасын, біз ұсынған дала жобасы бойынша әр ауылға (бұрынғы әр кеңшарға) әрқайсысы 8 отбасылық екі шағын фермадан келетіндей бөлсек (16 отбасы),  Қазақстанның бұрын кеңшар болған 92-93 елді­­мекенінде қой мен сиыр фермасы құрылып, ұйымдастыры­лып жұмыс істеп кетеді екен.  93 ірі елдімекен 9 ауданның, яғни бір облыстың бү­кіл ауылдарын қамту­мен тең де­ген сөз. Басында салы­нып беріл­ген үй баспанасы, алдын­да – бағымында малы, яғни жұмы­сы болса, орал­ман­­дарға одан артық не керек? Олар­дың сұрап жүрген­дері де сол емес пе?!

Оралмандар, тіпті, бізге жұмыс та, квота да бермей-ақ қойыңдар, Монғолиядан, Қытайдан өз малы­мыз­­бен көшіп келуге мүмкіндік жаса­ңыздар деп те жазғанын оқы­дық. Өте орынды тілек. Сонау Аме­рика мен Еуропадан ұшақпен ауру сиыр мен бұқалар та­сып әкеліп жатқанда, мына тұрған шека­ралас елдерден алдындағы отар қойымен, сиырымен, жылқы­лары­мен неге көшіріп әкелмеске?

Шетелдегі ағайындарымыздың көпшілігі, әсіресе, Монғолиядағы қандастарымыздың көбі малшылар екені аян. Ендеше, неге біз оларды он­сыз да өз жұмыссыздары жетер­лік қалалардың қасына топырлата­мыз?

 «Нұрлы көш» бағдарламасын дайындаған сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минист­рі Б.Сапарбаевтың «Түркіс­тан»газетінің 2008 жылы 20 қараша күнгі санында жарияланған сұхба­тын­да: «Көшіп келудің екі түрін ойластырып отырмыз. Бірі – шо­ғыр­ландырып орналастыру, екін­шісі – қазіргі ауылдық мекендерге барып орналасу» деген жолдар бар. Бірақ министрдің басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты орал­ман­дарды орналастырудың екінші жобасы орындалмай қалған. Аз айтқанда, көп айтқанда, «Нұрлы көш- 2» бағдарламасын тез жасап, көш бағытын қаладан далаға, бұрын­­ғы кеңшарлар мен олардың бөлімшелерінің қолайлы қоныс­та­ры­­на бұрып қоныстандыру керек. Сонда  «Нұрлы көш» – «Ұлы көш­ке» ұласады. Сөйтіп, бұрынғы құт­ты мекен, ауылдарды аз-ақ жыл­да жанға да, малға да толтыра­мыз.

 «Ұлы көш» – қиял емес, таяуда-ақ орындауға болатын іс. Таяу тарих­та «Ұлы көш» Түркия мен Гре­кия арасында жүзеге асты. 1919 жылы Түркия мен Греция арасын­дағы соғыстан кейін бір- біріндегі өз адамдарын айырбастап, өз елде­ріне көшіріп алысты. Грекия Түр­кияда ежелден бері тұрып жат­қан бір жарым миллион гректер­ді бас-аяғы бірер жыл ішінде көшіріп әке­ліп қоныстандырды. Түркия да Грекиядан сонша түрік азаматын тарихи Отанына оралтып орна­лас­тыр­ды. Бұл екі ел арасындағы осы ел көшіру тарихқа «Ұлы көші-қон» – «Великое переселение» деген атпен енді.

Түркия мен Грекия сол кезде бірнеше жылға созылған өзара соғыс­тан экономикалық күйзеліске ұшы­рап, қиын халде болатын. Оның алдында екеуі де  І дүние­жүзі­лік соғысқа қатынасқан. Бірі Антан­та, бірі Германия жағында шайқасқан, соған қарамастан «Ұлы көші-қонды» жүзеге асырды. Міне, бұл өз отандас азаматтарына деген мем­лекеттік қамқорлықтың ерен үлгісі.

«Ұлы көштен» біз де тәжірибесіз емес­піз. 1954-1956 жылдары тың көте­ру науқаны басталған алғаш­қы жылдары-ақ Ресейден Қазақ­стан­ның солтүстік облыс­тарына мил­­лион­­ға жуық тың игеруші келіп қоныстанған. Демек тәжіри­бе бар.

Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім!   – деген Махамбет арманы мен бүгінгі ауыл арманын тоғыстырсақ, «Ұлы көшті» жүзеге асыруға Қазақстанның қазір экономикалық мүмкіндік-әлеуеті толығынан жетеді. Тіпті, ақшаның көптігі, қаржының жетерлігі сондай жыл сайын халық шаруашылығына бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаражат игерілмей қалып жата­ды. Мысалы, 2012 жылы рес­пуб­лика бойынша 143 миллиард теңге, 2014 жылы  378 5 миллиард теңге бюджет қаржысы жұмсалмай, игерілмей қалған. Ал 2016 жылы «КазАгро» хол­дингі өзіне бөлінген 51, 7 мил­лиард тенгенің 41,2 мил­лиар­­дын жұмсай  алмаған және бұл жағ­дай жыл сайын қайталанады. Атап айтқанда, өткен 2018 жылдың алғашқы алты айында бюджеттен бөлінген 275, 5 миллиард теңгенің 15-ақ пайызын зорға игерген. Де­мек, жылдар бойы біз ұсынып жүрген «Ауыл – ана» жобасын да, «Нұрлы көшті» ұлы көшке айналды­руға да мемлекетіміздің қаржылай әлеуеті жетеді. Сонымен, қазір рес­пуб­­ликамыздағы болашағы жоқ деп жабуға ұйғарылған  4 719  ауыл-ана­м­ызды жапқызбай сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу жөнін­дегі Елбасымыздың тапсырма­сы да  сонда орындалады. «Көбей, қазақ!» деген жалаң ұранмен қазақ көбей­мей­ді. Қазақты тез көбейтудің бір­ден-бір амалы «Нұрлы көш-2» бағ­дарламасын қайта жасап, қайта жандандырып, жоғарыда жеткілікті дәлелдегеніміздей, көш бағытын ауылдарға бұру. Бұрын 30-40 мил­лион қойы болған  ұжымшарлар мен кеңшарлардың құтты қоныс­та­рының көбі қазір бос жатыр. Солар­ды қайта жан мен малға толты­ру міндет. Жай міндет емес – қасиетті міндет!

Өткен күзде тағы да Тұңғыш Пре­зидентіміздің тапсырмасы бо­йын­ша, «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жоба жасалып, оны жүзеге асы­руға 30 миллиард қаржы қарас­ты­ры­лып отыр. Бұл жоба үш жылға жоспарланып, бюджеттен барлығы 90 миллиард теңге бөлінбекші. Үкімет пен министрліктер және облыс әкімдері жылдағыдай тағы да бұл қыруар қаржыны игере алмай­ды. Өйткені жылдың 4 айы өтіп те кетті. Наурыз айында өткен Парла­мент Мәжілісінде спикер Н.Нығ­ма­туллин Ұлттық экономика ми­нис­тр­лігіне алты ай бойы жоба­ны әлі дайындап бола алмай жатыр­сың­­дар деп ауыр сын айтқан бола­тын. Осыдан-ақ  Елбасымыз­дың   тамаша тапсырмасы  «Ауыл – ел бесігі» жобасының тағдыры тәлкек­ке түскелі тұрғанын аңғаруға бола­ды. Бұл жолы оған жол бермеуіміз керек.

Ол үшін біз ұсынып отырған «Ауыл – ана» жобасына нақты мемле­кет­тік қолдау көрсетіліп, оны «Ауыл – ел бесігі» Елбасы жобасы­ның құрамына енгізіп және «Нұрлы көш-2» бағдарламасын қайта жаң­ғыр­тып жасап арнайы шешім шыға­ру керек. Сонда мақсаты бір осы үш жоба бір-бірін толықтырып, қатар  жүзеге аса бастайды.

 

Жұма-Назар  СОМЖҮРЕК,

Қазақстан Жазушылар одағының   мүшесіҚазақстан Жазушылар одағының   мүшесі