«Еуразия» кинофестивалі – халықаралық кинопродюсерлер ассоциациясы федерациясының аккредитациясынан өткен Орталық Азиядағы маңызды кинофорум. Фестивальдің негізгі мақсаты – Қазақстан киноиндустриясын қолдау, жас ерекшелігі әртүрлі көрерменге арналған кинотуындының сапасын арттыру.
Биыл фестиваль барысында көрерменнің назарына 11 елдің 12 кинотуындысы ұсынылады. Байқауға Қазақстан, Қытай, Ресей, Македония, Италия, Филиппин және тағы басқа елдердің жұмысы қатысады. Арнайы іріктелген жұмыстарға қазылар алқасының үш құрамы әділ бағасын береді. Олардың құрамында: негізгі, қысқаметражды және анимациялық фильмдер байқауының және NETPAC тәуелсіз қазылар алқасы бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолы шараға шетелдің атақты киножұлдыздары шақырылмаған. Себебі, осы жылы олар камерадан тасада жүріп, жүгі ауыр жұмысты атқаратын мамандарды шақыруды көздеген. Олардың қатарында Еуропа мен Азияның кино продюсерлері мен режиссерлері бар.
– Эдриан Броуди, Николас Кейдж сияқты жұлдыздардың келетініне көбінің еті үйренген. Себебі, осы уақытқа дейін әлемге танылған кино жұлдыздарын шақырдық. Ал ендігі кезекте кез келген туындының басы-қасында жүретін мамандарды шақырып отырмыз. Олар үнемі – кадр сыртында. Бірақ негізгі жұмысты атқаратын сол мамандар. «Еуразия» кинофестивалі арқылы кино әлемінің сапасын арттырғымыз келеді. Бұл фестиваль отандық кино саласының дамуына үлес қосатын құрал болуы керек. Сол себепті, шетелдің білікті мамандарын шақырып отырмыз, – деді «Еуразия» кино фестивалінің президенті Ермек Тұрсынов.
Кинофестиваль барысында нәзік жандыларды тосын сый күтіп тұр. Себебі, айтулы шараға миллиондаған арудың жүрегін жаулаған түрік актері Бурак Өзчивит арнайы келген. Фестиваль аясында ол арнайы баспасөз-мәслихатын да өткізді.
Айта кетерлігі, фестиваль бағдарламасы қызықты шараға толы. 6 шілдеге дейін жалғасатын фестивальдің орталығында танымал кинематографистердің шеберлік сыныбы, киножобалар питчингі, киноиндустрия саласындағы өзекті тақырыптарға арналған дөңгелек үстел және тағы басқа іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар фестиваль аясында көрсетілетін фильмдер ерекше сұрыптаудан өткенін атап өткен жөн.
– Көрсетілімге арналған фильмдерді таңдау барысында қатты қиналдым. Өйткені 2018 жылдың соңындағы үздік туындыларды іріктеп алғым келді. Ал олардың саны 200-ден асып кетті. Бұл тізіммен жүйелі түрде жұмыс істеуге тура келді. Нәтижесінде, сіздер тек қана үздік деп танылған фильмдерді тамашалай аласыздар. Олардың қатарында Оңтүстік Корея режиссерінің «Паразиты» фильмі де бар. Бұл туынды Канн кинофестивалінде үздік деп танылды. Сондай-ақ басқа да әлем бойынша орнын айшықтаған туындылар көрсетіледі, – дейді фестивальдің бағдарламалық директоры Элеонора Граната.