Журналист пе, технолог па? Біз кімді дайындаймыз?
Журналист пе,  технолог па? Біз кімді дайындаймыз?
418
оқылды

– Журналистердің жаңа буыны қалай қалыптасып келе жатыр? Сіздер оқытып, тәрбиелеп, еңбекке ұсы­нып жатқан жастардың аяқ алысын қалай бағалайсыз?

– Қазақстандағы медианарық сан алуан тарапта дамып жатыр. Оған маман даярлау үшін солар қалыптастырған талапқа сай әре­кет ету керек. Бұл ретте тәжіри­бе­міз бар деп айта аламын. Себебі, Журналистика факультеті­нің тарихы осыдан 85 жыл бұрын бастау алған. Талай-талай қайрат­кер журналистиканың бір қалыпқа түсуі үшін үлкен еңбек етті. Мәсе­лен, Темірбек Қожекеев сатира­ның теориясын жасаса, Қайыржан Бекхожин негізін қалаған, кейіні­рек профессор Сағымбай Қозы­баев, профессор Ләйла Ахметова қазақ журналистикасының тари­хын, Тауман Амандосов бастап, профессор Бауыржан Жақып жанр­лық тұрғысын зерттеді, ал Марат Барманқұлов іргелі дүние­лер­мен негізін салған тележурна­лис­тикаға профессор Сәуле Барлы­­баева ерен үлес қосты. Қазақ радиожурналистикасы ғылыми мектебіне профессор Намазалы Омашев түрен салды. Жаңа медиа­ны зерттеудің қолданбалы мекте­бін қолға алған профессор Ғалия Ибраева бар. Бүгінде бұл бағыттағы зерттеулер жас ғалымдар тобымен жаңарып келеді. Біз сол алтын дәс­түрді бұзып алмай, бірақ жаңа заман­ға сай жалғастыруға тырысып жатырмыз. Мықты журналист мамандар қалыптасып шығу үшін білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын потенциал, әдістемелік құралдар, ғылыми-технологиялық және өндірістік база аса қажет. Өйткені журналистерді құр сөзбен емес, нақты технологиялар­мен дайындаймыз. Қазір журна­лис­тика шығармашылықтан гөрі техно­логиялық мамандыққа айна­лып бара жатыр. Күн сайын осы сөзімізге дәлел көбеюде. Қазір редакцияның есігін қаққан жас маманнан «қандай бағдарламалар­ды білесің?» деп сұрайды. Муль­ти­ме­диадан, SММ-нен хабары бар ма, әлеуметтік желіні тиімді пайда­лана ала ма, жұмыс берушілер осының бәрін ескереді.

– Нарықтағы сұранысты қана­ғат­­тандыру үшін тікелей жұмыс беру­шілермен жиі диалог жасала ма?

– Әрине. Қазір әр университет, әр кафедра өзінің білім беру бағ­дар­ламасын дайындап жатыр. Жа­­қында ғана журналист маман­да­рын даярлайтын еліміздегі 29 кафедраға шағын зерттеу жасадым. Яғни, онда білім алып жатқан сту­дент­тердің контингенті мен олар­дағы білім беру бағдарлама­лары­ның басымдықтарын зерделеп шықтым. Таяуда «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» мен «Білім беру сапасын қамтама­сыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің» қорытындысы жария­лан­ды. Журналист мамандарды дайындау бойынша біздің уни­вер­си­тет алда келе жатыр екен. Одан кейін Тұран университеті мен Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті және Халықа­ралық ақпараттық тех­но­ло­гиялық университеті тұр. Жал­пы, журналист мамандарын даяр­лау бойынша мемлекеттік жоғары оқу орындары мен жеке оқу орын­да­рының үлесі тең. 45 пайызы – мемлекеттік, қалғаны – 55-і жеке­мен­шік. Жаңа білім беру бағдарла­ма­сын дайындау үшін нарықты көп зерттедік. Осы орайда Qazaqstan, «Хабар агенттігі», «Қаз­контент», «Қазақ газет­тері» , «Жас Өркен» және «Нұр Медиа» секілді медиа­­холдингтер мен агенттіктер бас­шыларына сұра­ныс­тар жібердік. Олардың маманға қойған талаптарын білдік. Нарыққа не керек, не жетпей жатыр, біздің мамандардың бойында қандай кемшіліктер бар, нені үйрену керек, соны терең білгіміз келді. Сонда олардың көп сұрайтыны – ма­мандардың технологиялық тұр­ғы­дан сауатты болуы, аудио және бейнематериал­дарды мон­таж­­дай алуы, әлеуметтік желі бойынша маркетингтік тәсілдерді меңгеруі. Сондай-ақ редакцияның ішкі жұмыстарын да ұйымдастыратын арнайы мамандар, датамен жұмыс істейтін журналистер де ерекше сұранысқа ие екен.

Біз үнемі әлемдік топ-универ­си­теттердің бағдарлама­лары­на бағдар жасап отырамыз. Менің білім беру бағдарламаларын мо­дер­низациялау туралы ректордың алдында презентация жасағаным бар. Министрлік бекіткен соңғы ережеге сәйкес IT факультетінің студенті бола тұра ол адам біздің факультеттің бір бағдарламасын таңдап, ары қарай журналист квали­фикациясын ала алады. Не болмаса, Биология факультетінен келген студент журфак бағдарла­ма­сын таңдап, білімін жетілдіреді. Яғни, ол келешекте экология сала­сын індете жазатын журналист болуға мүмкіндік алады. Керісін­ше, заң саласын жақсы білгісі келген журналист-студент заң факуль­тетіне барып оқып келе ала­ды. Бұл орайда 4 жылға негіз­дел­ген толыққанды бағдарлама аясында бір семестрге созылатын қысқа­мер­­зімді бағдарлама қарастырыл­ған. Бұл еліміздегі салалық журна­листиканың дамуына жол ашады.

– Соңғы бірнеше жылдан бері қыс­қы және жазғы мектеп жоба­ла­рын қолға алғаныңызды білеміз. Бұл бастаманың берген пайдасы қандай?

– Бұл жобаны алғаш рет Ыс­тық­көлде 15 адам болып баста­ған­быз. Содан жыл сайын дәстүрге айна­лып, келе-келе шетелдік сту­дент­тер де қатысуға ынта білді­ре бастады. Алғаш Қанат Әуесбай, Мұрат Нұрбай, Меруерт Құмарова, Есболат Айдабосын, Мұхамедәлі Бұқарбаев, Бейсен Құранбек, Серік­қазы Кәкібаланов, Өркен Кенжебек сияқты журналистер, мамандар, блогерлер уақытын қиып, дәріс беріп, қолдау танытты. Әр жылы әртүрлі тақырыпты таң­дап аламыз. Университет ішінара көмектеседі. Қалған шығындарға өзі­міз жауаптымыз. Ол үшін демеу­шілер іздейміз. Жазғы және қыс­қы мектепті алты рет Ыстық­көлде, алты рет «Тау Тұран» базасында өткіз­дік. Біздің мектеп – еркін пікір­лер алаңы. Бір жылдары «Радио адам өмірін құтқарады» деген тақырыппен өткізгеніміз бар. Төтенше жағдайлар кезінде, табиғи катаклизм уақытында интернет ажырап қалуы мүмкін. Сондай кезде радио бәрін хабардар етіп отырады. Студенттерімізді осындай маңызды тақырыптармен қамтуға, мықты спикерлерді шақы­рып, пікірталас алаңын құруға талпындық. Ал бір жолы тақырыпты спортқа арнадық. Сол кезде біздің қыздарымыздың ішінде спортқа қызығатындардың қатары көп екенін аңғардым. Ал былайғы күнде спорт тақырыбын тек жігіттер ғана жақсы білетін секіл­ді көрінеді. Тіпті спорт комментаторлары мектебін ашқы­мыз келді. Әр мектептен кейін әртүрлі идеялар туындайды. Осы мектептердің арқасында қаншама талантты студентті таныдық, олар­дың еңбекке белсене араласуы­на бағыт сілтедік. Биыл 180 адам қатыс­ты. Оның ішінде Қырғыз­стан, Тәжікстан, Ауғанстан, Фран­ция, Жаңа Зеландия, Канада уни­вер­ситетінің студенттері, журна­листері мен профессорлары бар. Ал Ауғанстаннан төрт бірдей әйел жур­налистердің келуі үлкен жаңа­лық болды. Бұған дейін ол елден әйел азаматтарды жібермей­тін, әсіресе, журналистерді. Өйтке­ні ол елде адам өмірінің, журналистің қауіпсіздігі деген өте күрделі мәсе­ле. Кабулдан келген BBC ауған қызметінің, CNN ауған қызметі­нің, ToloNews арнасының репор­тер­лары дәріс оқыды, білгендері­мен бөлісті.

– Медиа тренерлер мен студент­тер­ді ерекше платформада, яғни таби­ғат аясында кезіктірудің сыры неде?

– Бір жолы Іле Алатауы мемле­кет­тік паркіне барып, дәріс өткіз­дік. Табиғат аясында. Қанша аяз буып тұрса да, Белбұлақ шатқалын­да күн жылы болып тұрады. Қар өте қалың түседі. Ал табиғаты ауыз айтып жеткізе алмас әсем. Табиғи орта­ның шығармашылыққа тигі­зе­р ықпалы өте орасан ғой. Мұн­дай медиашараны дәрісхана не акт залдарында өткізе салсақ болушы еді, бірақ табиғаттағы әсер мүлде басқаша. Әрі бір жағынан студент­терден бір сәт қасаң аудитория мен күнделікті зал, кабинеттерден ары­лып, өз саласына, шығармашы­лы­ғына, қоғамға мүлде басқа биіктен көз салса дейміз. Биыл бізге бірне­ше ұйым демеушілік етті. Бұл ретте Nur Otan партиясына да алғыс айтып өтсем деймін. Олар бізге қатысушыларды тау шатқалына қысқы аязда, қар қалыңда аман-есен көлікпен тасымалдауға қолдау көрсетіп, ерекше көмек берді. Тіпті қазір кәсіби мамандар біздің алаңға келіп сабақ беруді, білгені­мен бөлісуді өздері үшін құрмет санап, ынта-ықыласын білдіріп жүр. Жаңағы табиғат аясын неге таңдадыңыз дегеннен шығып отыр ғой, осыдан біраз уақыт бұрын «Қа­зақ елі» деген экспедиция ұйым­дастырған едім. Бір экспе­ди­ция­ның құрамында үш студент болып, үш рет еліміздің түкпір-түк­піріне сапар жасады. Студент­тер сол сапар барысында қаншама құнды очерк, эссе жазды, фото­ма­те­риалдар дайындады, түрлі әлеу­мет­тік сауалнамалар жүргізді. Осы­лайша, олар өздері мақсат еткен кәсіби журналистикаға бір қадам болса да жақындай түсті. Шеберліктерін төрт қабырғадағы кабинетте, ноутбук шұқылап оты­рып емес, табиғат аясында жүріп, шынайы кейіпкерлермен жүздесе жүріп жетілдірді. Олар әр өңірдің сим­воликалық, тарихи құнды­лықтарын зерттеді.

Жалпы, журналистикаға, оның ішінде дәл бізге, яғни ҚазҰУ-ға қарата айтылатын сындарды да та­лай естідік. Осыдан он шақты жыл бұрын «ҚазҰУ бітірген бала­лар монтажды білмейді, камера ұстау­ды білмейді, не үйретіп жа­тыр» деген сындар да айтылды. Осын­дай «өткір» сын айтқыш жур­налистер өздерінің 17-18 жа­сын еске алуы керек. Олар да ә дегеннен микрофонды ұстаған күйі сайрап, қаламды ұстаған күйі жазып кеткен жоқ. Үйренді, ма­шық­­танды, қалыптасты. Қаншама кезеңнен өтті. Иә, біздің универ­си­тет базасында әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ ТРК кешенінде радио және телестудия, Kmlab Коника Минолта оқу зертханасы, бағ­дар­ла­малық қамтылған 4 ірі компью­­терлік кластерлер практи­ка­лық дәрістерге арналған технологиялық алаң бар. Мүмкіндігі 400-ге жуық студентті қамтуға, бәріне білім беруге жеткізу үшін студиялық дәріс­тер мен эфир кестесін жіті бақылап отырамыз. Кафедра доценті Жидегүл Әбдіжәділқызы «Телемұнара», «Көзбе көз», «Сөзбе сөз» студенттік теле және радио­бағ­дарламаларға жаңа өмір беріп келеді. Таяуда ғана студент түле­гі­міз Абылайхан Өмірбев «Жұлдыз­дан жарық» YouTube жобасының тұсауын кесті. Біздің цифрлы плат­фор­мамыздың ресурсы әлі де жетіл­діруді қажет етеді. Қаншама мемлекетте болдым. Мәселен, Гон­­конг университеті журналис­тика және кино факультеті ғима­ра­тының өзі 17 қабаттан тұрады. Бірнеше студия бар. Елу шақты камера бар. Олар Журналистика және кино мамандарын дайын­дай­ды. Бір телекорпорацияның жүгін арқалап отыр десе де болғандай. Әрине, олардың потенциалымен бізді салыстыру қисынсыз. Соның өзінде біз қолда бар дүниемен білім беріп, балаларға барынша тың, серпінді, креативті бағдар­лама ұсыну үшін әрдайым ізде­ністеміз. Бұл еңбегімізді бұлда­маймыз. Керісінше, осындай қар­қынды еңбектен шабыт ала­мыз. ҚазҰУ-дың, біздің факуль­теттің мәртебесі әркез биік болған. Қазір де биік. Сол биіктікті сақтап қалу, ары қарай дамыту бізге парыз. Ал журналис­ти­ка білім беру ошақ­тарын сынап жүрген Журна­листер еліміздің бар­лық өңірмен ірі қала­ларын­дағы журналистика кафедраларына барып, студент­терге шеберлік сы­ныптарын оқыса, бір-екі саға­тын қиса, білгенімен бөліссе құба-құп. Еуропаның білікті де қарымды журналистері өз елінің университе­те­рі­не барып, дәріс жүргізгенді ең үлкен мәртебе санайды. Визит кар­та­сындағы «лектор» деген бір ғана сөз оларға медиа және ком­му­ни­кация нарығында айрықша репута­циялық мәртебе сыйлайды. Біздің де журналис­тері­міз­ден осын­­дай қадамды күтеміз. Журна­лис­тика факультеті академиялық ықпалдастыққа ашық, практика­лық платформаға дайын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен

Абай Аймағамбет