Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Қазақстан азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларды жариялаған болатын. Соның бірі кәсіпкерлер үшін қарызды кеңейту болды. Яғни, бұл бастама кезек күттірмес мәселелердің бірі болып отырғаны рас. Міне осыны алға тартқан Елбасы қазақстандықтарға берілетін шағын несиені 2017 жылмен салыстырғанда 20 млрд теңгеге ($ 62,4 млн) көбейтуге тапсырма берді. Ал оның жалпы сомасы жылына 62 млрд теңге болады деп шешілген болатын. Н.Назарбаев бұл шағын несие беру бағдарламасы нәтижесінде несие алып, ісін бастайтын азаматтардың саны 2 есеге артып, 14 000-ға жетеді деп айтты. Бұл бастама өз ісін бастағысы келетін мыңдаған адамға көмек болады және ауылдық жерлерде өз бизнесін бастағысы келетіндер үшін өте маңызды деп атап өтті.
Бағдарлама түрткі болып кәсіпкерлерді қолдау мақсатында арнайы бағдарламалар түзіле бастады. Соның бірі 2018 жылы қолға алынған елімізде ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы аясында 27,2 миллиард теңге бөлінген еді. Яғни, ауылдағы ағайынның іс бастап, кәсіп ашуына мол мүмкіндік туды. Оның үстіне былтыр «Сыбаға» бағдарламасы да қайта іске қосылды. Нәтижелі бағдарлама өз өтеуін беріп, биылғы жылы да Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелеу өтініштерін қабылдауды жалғастырды. Жыл басында қор жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 1,2 мың бас ірі қара мал мен 3,2 мың бас мал сатып алуға 42 несие берген.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, несиелер асылтұқымды ірі қара мал басы мен ұсақ мүйізді мал басын сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алуға және айналымдық қаражатты толықтыруға беріледі. Яғни, малмен қатар фермерлер машина-трактор паркін жаңартып, қажетті жабдықтарды, мал азығын сатып алуға мүмкіндік алады. Бағдарлама нәтижесінде, бүгінгі күні қазақстандық шаруашылықтарға шет елдерден 9,3 мың бас ірі қара мал жеткізілген. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Арғымақ» шаруа қожалығы Ресейдің Тамбов облысынан 60 симментал тұқымды сиыр сатып алса, бұған дейін бұл шаруашылықта 100 жылқы және еділбай тұқымының 700-ге жуық қойы болған. Ал Ақмола облысындағы «Ел-Хан» шаруа қожалығы Бұланды ауданына 100 ангус сиырын әкелді. Олардың 60-ы, сондай-ақ жаңа «Беларус» маркалы тракторды сатып алу қор арқылы қаржыландырылды. Айта кету керек, бұл мал «Терра» ЖШС-дан сатып алынған. Аталған мал бордақылау алаңы АҚШ-тан американдық ангустарды әкеліп, олардан сапалы жас төл алған. Шаруашылығын дөңгелеткен ұжым қазір асылтұқымды малды жергілікті шаруашылықтарға сатуда.
– Шетелде мал басын сатып алған шаруашылықтар мемлекеттен субсидия алады – әрбір сатып алынған мал басына 225 мың теңгеден, – дейді қордың департамент директоры Г.Бааль. Сонымен қатар мемлекет пайыздық мөлшерлемені жылдық 14-тен 4 пайызға дейін төмендетеді. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – шаруашылықтарға бұқаларды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмағының әр килограммына 200 теңгеден субсидия төленеді. «Сыбаға» бағдарламасының тағы бір маңызды ерекшелігі – кепілдікке несие қаржысына сатып алынатын ірі қара мал алынады (кепілдік сомасының 75%-на дейін). Бүгінгі таңда қор «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды жалғастырады. Несиелер 70 млн теңгеге дейінгі көлемде беріледі, мерзімі – 15 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4% (субсидиялауды есептегенде), жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 4,1%-дан бастап.
– Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайтын 348 жобаны мақұлдады. Соның ішінде «Игілік» бағдарламасы бойынша теріскейлік іскерлер тарапынан 311,4 млн теңгенің 116 жобасы қолға алынып отыр. Бұл қаржының белгілі бір мөлшеріне 22 190 құс сатып алынды, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» несие менеджері Абай Садыров.
Айта кетейік, «Игілік» бағдарламасы аясында Ақжар, Тайынша және Тимирязев аудандарының тұрғындары жиірек несие рәсімдеген. Қызылжар ауданының тұрғыны Жанат Ғаббасов «Игілік» бағдарламасы аясында 4 млн теңге несие рәсімдепті. Мемлекеттен ақшаны 6 пайыз мөлшерлемемен 5 жылға алған. Ол қаржыны құс шаруашылығымен айналысуға бағыттапты. Бүгін мұнда қаздардың 10-ға жуық түрі бағылуда.
– Бірінші жылы 7 түрлі құстың 2 400 данасын сатып алдық. Былтыр 4 түрін тағы тапсырыспен алдырттық. Биыл мінекей қаздардың Линда деп аталатын түрінен 2 мың данасын әкелдік. Оларды етке өсіріп жатырмыз, – дейді кәсіпкер мақтанышпен. Ол қаз және үйрек өсірумен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Бастапқыда қанаттыларды сатып алуға қаржысы болмағандықтан, мемлекеттің көмегіне сүйенген екен. Осылайша, «Игілік» бағдарламасы аясында жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 4 млн теңгенің несиесін рәсімдепті.
Қазір елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға арналған 50 шара бар. Ең тиімдісі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы. Оның аясында 2010 жылдан бері 457 млрд теңге бөлінген. Ақшаның 60 проценті бизнес иелеріне субсидия түрінде берілген.