Үйлену оңай, ажырасу одан да...

Үйлену оңай, ажырасу одан да...

Ұлттық экономика министрлігі статистикасына сүйенсек, соңғы 10 жылда елімізде 1,5 млн неке қиылыпты. Соның 500 мыңы айырылысып кеткен. Ажырасу саны жыл санап көбейіп келеді. Мысалы, 2007 жылы 36 мың жұп айырылысса, 2017 жылы 54 мыңы ажырасқан. Комитет мәліметінше, 30-34 жас аралығындағылар ажы­ра­суға жиі өтініш береді. Алматы мен Қарағанды тұрғын­да­ры ажырасуға бейім екен. Оң­түс­тікте неке қию көп тіркелсе, мығым неке батысқазақстан­дықтар­ға тән. 2018 жылы ажырасқан 32 мың жұптың 19 мыңында бала бар. 2018 жылы қаңтар-тамыз аралығында 73 мың неке қиылған. Некеге отыр­ған еркектің орташа жасы 29 болса, әйелдікі – 26.

2018 жылы той маусымы Алма­ты­да қызған. 11 мың жас некеге отырған. Алматы облысы мен Түркістан облысында 17,5 мың жас шаңырақ көтерген. Алматы, Жам­был, Батыс Қазақстан облысында ең жас қалыңдық жасы – 16-да. Атырау облысы жігіттері ерте үйле­ну­ден қорықпайтындардың қата­рын­да. Сонысымен де, Атырауда ажырасу көрсеткіші төмен екен.

Қазір жаһандану дәуірі. Мұның ажырасуға да қатысы бар. Елімізде интернет арқылы оп-оңай ажыра­су­ға болады. Баласы жоқ отбасы ажырасуға онлайн түрде арыз берсе, іс жылдам жүреді. Онлайн ажырасуға Шымкент, Түркістан мен Алматы тұрғындары бейім. 2018 жылы 12 775 қазақстандық eGov арқылы үйлену мен ажыра­суға өтініш біріпті. Ажырасудың басты себебі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Екінші орында – қаржылық қиындық. Үшіншісі, некедегі бірінің ішімдікке, есірт­кіге, ойынға құмарлығы. Төртінші және бесінші орында – көзге шөп салу мен қызғаныш.

2018 жылы ажырасқан 15 мың ер қайта үйленген. 12,5 мың әйел қайта тұрмыс құрған. Әйелінен айырылған 984 еркек бақытын тапса, 1 184 жесір әйел екінші мүм­кін­дігін сынап көрген.

Ажырасу салдарынан психо­ло­гия­лық қысым көретін – бала. Бала үшін ажыраспай некені сақ­тау тіптен ауыр. Өйткені екі тарап та психологиялық тұрғыда қажи­ды. Психологтардың айтуын­ша, мұның бәрін бала сезеді. Сондық­тан бала үшін деп үшеуінің де өмірін құрдымға кетірудің қажеті жоқ. Елімізде ажырасқандардың 90 пайызы баланы анасында қал­ды­рады. Көпшілігіне алимент тө­лен­бейді. Сенатор Бірғаным Әйтімова­ның айтуынша, алимент төлемегендердің қарызы миллиард теңгеге жетеқабыл. Қазақстанда әрбір оныншы әке алимент төлеу­ден қашады. Жұмыс орнын тіркеу­ге құлықсыз.

Бірғаным Әйтімова бір сөзінде осы жағдайды қатаң қадағалау керек деп айтқан еді. Расында да, алимент ұғымына шетел қатты мән береді. Мысалы, Түркияда алимент төлеудің үш түрі бар. Балаға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Балаға төлейтін алимент мөлшері айына 100 ден 1 000 долларға дейін. Ажырасқан еркек әйеліне екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Өйткені отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Үй шаруасындағы әйел табыс табуға мүмкіндігі жоқ болғандықтан, алимент алады. Алименттен бас тартатын әйелдер де кездеседі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндеттеледі.

Ажырасу адам психологиясына қатты әсер етеді. Аризона универ­ситеті оқытушылары мұны ғылыми тұрғ­ыда дәлелдеп шықты. Универ­ситет ғалымдары 2002 жылдан бері зерттеу жүргізген. Объект ретінде 50-ден асқан адамдарды қарастыр­ған. Психологтар қараған 5 786 адамның 926-сы – ажырасқан және мүлдем үйленбегендер. Зерт­теу нәтижесі көрсеткендей, 46 пайы­зы, яғни жалғызбастыларда ерте өлім қаупі бар екен. Тұжырым себебі – шылым шегу мен физи­ка­лық белсенділіктің төмендігі. Жал­ғыз­бастылар, оны ішінде әйел­дер өз өміріне риза емесін жеткізген. Зертеушілердің топшылауынша, осы фактор адамның өмір сүруге деген құлшынысын азайтады. Сол себепті, көпшілігі шылым шегіп, денсаулығына көңіл бөлуді қояды. Сонымен қатар ажырасудың іске жарайтыны да бар екен. Қаты­су­шы­лардың бір бөлігі ажырасқаннан кейін өмірінің жаңа арнаға ауыс­қа­нын айтқан. Ғалымдар көңілі тоқ адамның позициясы өзгеріп, жаңа ­тынысы ашылатынын көрсет­кен.

Қазіргі таңда азаматтық некені ажырасудың алдын алу деп түсі­не­тіндер бар. Кейбірі мұны бір-бірін тану процесі деп қабылайды. Батыс­тан келген лептің елімізге әсері белгілі. Жыл санап азаматтық некеде «бір-бірін танығысы» кел­ген­дердің қатары көбейді.

1580 жылы Ниндерландыда аза­маттық неке түсінігі пайда бол­ды. Азаматтық неке ұғымы 1791 жылы Францияда, 1836 жылы Англия­да, 1875 жылы Германияда, 1917 жылы Ресейде кеңінен таныл­ды. Кеңес Одағы арқылы Қазақ­станға келді. Елімізде азаматтық некеге тұрғандардың 80 пайызы айы­рылысады екен. Некесіз туыл­ған сәбилер 22 пайызды құрайды.

Шетелдіктер не үшін азаматтық некеге құмар? Біздің ел үшін аза­маттық неке «бір-бірін тану», ажы­расудың алдын алу болса, шетел үшін күн көріс қамы. Өйт­ке­ні ол жақта той жасау мен ажырасу үшін қыруар қаржы керек. Сол себепті, еуропалықтар сән салтанатсыз, шығынсыз бірге тұруды қалайды. Жағдайын түзеп алғанан соң, заң­ды некеге отыруға арыз береді екен. Арыз беремін дегенше, арада 5-10 жыл өтіп кетеді. Тіпті кейбірі заңды некені қажет деп санамайды.

El Pais газетінің мәліметінше, Испанияда заңды некеге отыру күн санап кеміп келеді. Тойға 10 мың евро (4 млн 340 мың теңге) жұм­сау кез келген испан азаматына оңай емес. Статистикалық мәлі­мет­те Испанияда заңды тіркелген некенің 82 пайызы ажырасумен аяқталады. Ал испан елінде ажы­расу бағасы тіптен қымбат. Сон­дық­тан көпшілігі үйлену мен ажы­­расуға кеткен шығынды аза­мат­­тық некеде бақытты өмір сүруге жұмсайды.

Испанияда, жалпы Еуропада «өмірлік жұп болу» дейтін ұғым жоқ. Орташа есеппен неке ұзақты­ғы 16-20 жылды құрайды. Бельгия, Португалия, Италия мен Мальта қарағанда, Испанияда жастар жиі ажы­расады. 5-9 жыл некеде бол­ған­дардың 22 пайызы ажырасып кетеді.

Психологтар ажырасудың алдын алу екі тараптың түсінігі мен сыйласуына байланысты дейді. Осын­дайда күні бұрын Алшын­бай­мен құдаласып, Абайға Ділдәні жар еткен Құнанбайдың әрекеті еске түседі. Қазақы дәстүр мен тәрбие отбасын бұзуға жібермесі анық. Кезінде қазақ тілі мен әде­бие­ті пәнінен сабақ берген ұстазы­мыз «заманында үйір-үйір жылқы беріп, жасау-жабдығын түгендеген жарыңмен оңайлықпен ажырас­пай­сың» деген еді. Шыны­мен де, қыздың қалыңы мен жаса­уын беру шығын емес, отбасы құн­ды­лығы мен сыйластықтан тұратын секілді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ