Алдымен биыл енгізілген өзгеріс жайлы. Оқу бағдарламасының жалпы саны – 97. Жыл бойы тест тапсырып үйренген түлектер үшін ол бағдарламалар таңсық болмауы тиіс. Мысалы, маусымдағы негізгі сынақ кезінде «Биология» + «Химия» комбинациясындағы пәндерден тест тапсырдыңыз делік. Сәйкесінше, оқу бағдарламаларын да мүмкін болған 16-ның ішінен таңдайсыз. Бакалавриатқа тапсырып жатқан талапкер төрт топтан артық таңдай алмайды. Осылайша, «Биология» + «Химия» бойынша тапсырсаңыз, назарыңызға «Химия пәні мұғалімін даярлау», «Биология және соған байланысты ғылымдар», «Ветеринария» және «Жалпы медицина» шығады.
Сонымен бірге, шығармашылық емтиханды талап ететін кездер де бар. Ондай жағдайда бір оқу бағдарламасын ғана таңдай аласыз. Айталық, «Аудиовизуал құралдар және медиаөндіріс» тобын алсаңыз, бейіндік пән ретінде екі шығармашылық емтиханнан өтуіңіз керек. Бұл жерге сәйкес келетін оқу бағдарламаларының ішінде «Операторлық шеберлік», «Баспа ісі», «Полиграфия» бар. ҰБТ өтіп, шектік балл жинаған соң, әлбетте, грантқа үміткер боласыз. Биыл өтініштер шілденің 13-20 аралығында қабылданады. Құжат толтыру барысында ЖОО және төрт оқу бағдарламасын көрсетесіз. Жоғарыда айтқанымыздай, грант оқу бағдарламалары тобына бөлінеді. Ал бағдарламаның өзін оқу ордасына түскен соң таңдауға мүмкіндік бар. Айталық, «Химия пәні мұғалімдерін даярлау» тобын таңдаған жағдайда, оқу орнындағы білім беру бағдарламасына қарайсыз. Ол жерде «Химия» және «Химия-Биология» деген оқу бағдарламасы болуы мүмкін. Осылайша, көңіліңіз қалағанына түсе аласыз. 10-20 тамыз аралығында оқу орнына қабылдау кезеңі жүреді. Яғни, сол ЖОО-ға алыну туралы бұйрық нақты оқу бағдарламасы бойынша шығарылады.
Статистикаға сүйенсек, он баланың сегізі өзі қалаған мамандықта оқымайды екен. Сабаққа барып, емтихан тапсырып, диплом алғанымен, одан кейін өмірін қалай жалғарын білмей дал болатын жағдай жиі кездеседі. Тіпті көбіне мүлдем басқа салаға ауысады. Маркетинг саласында істейтін физикті кездестірсеңіз, таңғалмайсыз. Осы ретте көкейде мынадай сауал туады: ақыры басқа салада жұмыс істесе, 4 жыл уақытын бекер өткізудің қажеті қанша? Бұл жайлы жиі жазылады. Ата-аналарға кеңес көп айтылады. Балаға таңдау еркін беру керек, қинамаңыздар дейміз. Десе де, санада әлі сілкініс болмай жатыр.
HR-маман Наталья Кирилина бес кеңес айтады. Соған құлақ түрген дұрыс болар. Біріншісі – өз таңдауыңды тықпаламау. Ата-аналардың көпшілігі баласына бағыт беріп, бәрін аузына дайын қылып салып бергісі келеді. Өйткені өмір көрген тәжірибесіне сүйенеді. Қазақы қоғамда жиі кездесетін жағдай – дипломы бар маман, ата-анасының айтуынша оқып бітірген, бойындағы барлық қызығушылығы сөнген. Мамандық бойынша жұмыс істеп, ақыры ол саланы жек көріп кетуі мүмкін. Әу баста басқа саланы армандағанымен, әке-шешесі «сен қалайда мұғалім болуың керек» деп табанды түрде айтқанын жасатқан. Мұның салдары – бала психологиялық қысымға ұшырап, түгесіледі. Екінші кеңес – осыдан 10-15 жыл бұрын сәнде болған мамандыққа қызықпау. Әсіресе, бізде заңгер, қаржыгер сынды мамандықта оқу – абырой. Баласы қаламаса да, жұртқа айтар мақтан үшін оқытады.
Бүгінде беделді әрі сұранысқа ие мамандықтар өзгерді. Тағы бір айта кететіні – жүрек қалауын жасаған адам қашанда табысты. Әйтеуір грантқа түссе болды деу де – қате. Болмаса, қыруар қаржы жұмсап мықты оқу ордасына түсіретіндер де көп. Олардың жылдық оқу ақысы, әлбетте, өте жоғары. Бұл жерде балаңыздың қалауына құлақ асу маңызды. Сондықтан талапкерге таңдау құқын бірінші болып ата-ана бергені жөн. Қолдау сезінген балада қанат бітеді. Әрине, 17 жасар жеткіншек оң-солын дұрыс танымай, қателесуі мүмкін. Бірақ қырықтан асқандар да бәрін дұрыс жасайды деген түсінік жоқ. Ең дұрысы – түсіну, қолдау, таңдауын сыйлау.
Бізде әлі толық қалыптаса қоймаған бір үрдіс бар. Ол – карьералық кеңесшіге жүгіну. Бұл мамандар нарықтағы сұранысты жақсы біледі. Солармен бірауыз сөйлескен артық болмайды. Баланың неге қызығатынын айтып, қай салаға бағыттауға болатынын талқылаған жөн. Әлемде мамандық көп. Кейбірі жайлы тіпті естімеген болуыңыз да мүмкін. Қазір академиялық білімнен гөрі нарыққа бейімделе білгеннен бәсі жоғары. Мүмкіндік болса, басын тауға да, тасқа да ұрсын. Осы арқылы өмір сүруге бейімделеді. Ойға алғаны сізге ақымақтық болып көрінуі де мүмкін. Әрине, академиялық білім маңызды емес деуден аулақпыз. Оқу орнын таңдағанда уақыты бос өтпейтін, кәдеге жарайтын болғанына мән беру қажет.
Айша ЕРСҰЛТАН