Оқу орны қазіргі күнде дуалды оқыту жүйесін пайдалана отырып, оқу бағдарламаларын үш тілде жүзеге асыруда. Колледж басшылығының айтуынша, олар өздерінің алдына рухани әлеуеті жоғары, заманауи нарықтық жағдайларға бейім, өз бетінше шешім қабылдай алатын, білікті маман даярлау міндетін қойған. Қазір сол жолда елеулі еңбек атқарылуда. Білім ордасы соңғы 10 жылда экономика, радиоэлектроника, есептеу техникасы, бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер, құқықтану және бизнес салалары бойынша қаншама үздік мамандарды нарыққа шығарды. Колледж директоры Серік Иксановтың бастамасымен радиоэлектроника және байланыс мамандығы бойынша техникалық жабдықтау жұмысы тұрақты жүргізілуде.
– Біздегі материалдық-техникалық база студенттердің еркін әрі жан-жақты білім алуына мүмкіндік береді. Сол үшін терең интерактивті оқыту әдістерін қолданамыз. Кітапхана қорын да жыл сайын толықтырып отырамыз. Сондай-ақ заманауи студенттер асханасын да салдық. Сабақтан тыс уақытта да шәкірттеріміздің уақыты тиімді өтуі үшін түрлі бастамаларды қолға алдық. Біздің колледжді тамамдаған студенттердің кейінгі тағдыры да алаңдатады. Бұл әсте немқұрайлы қарайтын шаруа емес. Сол себепті, 40-тан астам кәсіпорынмен ұзақмерзімді келісімшарттар жасадық. Бұл түлектердің дипломын алғаннан кейін тезірек жұмысқа орналасып кетуіне мүмкіндік береді, – дейді оқу орны басшысы.
Атап айтсақ, оқу орны «Қазпошта», «Қазақтелеком», «Базис Телеком», Apple Technology мекемелерімен тікелей келісім жасасқан. Өз кезегінде ұстаздар мен студенттер командасы әрдайым түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, қанжығаларын майлайды. Бұл ретте былтыр «АЭФ-ке барамын» байқауында топ жарған колледж студенті Әйгерім Тасболатты айтып өтсек болады. Ол жеңімпаз атанғаннан кейін цифрландыру саласын тереңірек зерттегісі келетінін айтқан болатын. «Бұл саладағы мәселелер мені қатты қызықтырады. Мәселен, біз цифрландыру процесін жеделдетер болсақ, ол басқа салаларға қалай әсер етуі мүмкін? Осы сұрақ мені қатты толғандырады. Ал дамыған елдер 2020 жылға дейін экономикасының 20 пайызын цифрландырмақшы. Біз де осы деңгейге ұмтылуымыз керек» деген еді ол. Осылайша, колледж студенті былтыр елордада өткен XI Астана экономикалық форумына қатысу құрметіне ие болған. Ондағы әйгілі шетелдік спикерлермен тікелей тілдескен. Әрине, бұл колледж берген берекелі білімнің арқасы екені айқын. Оқу орны басшылығы үздік мамандар даярлауды ары қарай жалғастырмақ. Әсіресе, робототехника саласы бойынша тың жаңалықтарға ұмтыламыз дейді олар.