Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сайлау науқаны кезінде белсенді жұмыс істеген барлық штаб мүшелеріне алғыс білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады.
– Құрметті, нұротандықтар, сіздерді марапаттау – мен үшін үлкен мәртебе. Елбасы – Nur Otan партиясының лидері сенбі күні партияға келген кезінде Мәулен Сағатханұлы мен партиямыздың бюро мүшелеріне рақмет айтты. Республикалық қоғамдық штаб шын мәнінде, белсенді, табанды жұмыс істеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет екінші Президентті сайладық. Сайлау науқаны кезінде өңірлердің барлығын аралап, көп жұмыс атқардыңыздар. Сіздердің аймақтардағы жұмысыңызға өзіміз де куә болып, Nur Otan партиясының бюро мүшесі, партия Төрағасының бұрынғы Бірінші орынбасары ретінде, еліміздегі ең үлкен қаланың басшысы ретінде де тақым қысып отырдық. Барлығымыз бірігіп, жеңіске жеттік, – деді Бауыржан Байбек.
Еске сала кетейік, жақында ғана елімізде өткен Президент сайлауы кезінде республикалық қоғамдық штаб үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Оның құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, кәсіпкерлер, журналистер, эстрада артистері және тағы да басқа танымал тұлғалардан тұратын барлығы 190 адам кірді. Сонымен қатар 6 мыңға жуық жақтастардың басын біріктірген 17 өңірлік және 210 аумақтық штаб жұмыс істеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 мыңнан аса сенімді өкілдері аймақтарда 100 мыңнан аса іс-шара өткізді. Ал кандидаттың қоғамдық қабылдауында 20 мыңнан аса азамат болды. Өткен сайлау науқанының басты ерекшеліктерінің бірі – Birge жалпыұлттық акциясы. Акция аясында әрбір қазақстандық кез келген мәселеге қатысты ұсынысы мен талап-тілегін жолдауға мүмкіндік алды.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия алдына қойған жаңа тапсырмаларына назар аударды.
– Біз қоғамның жаңа сұранысын ескере отырып, партияның жұмысын жаңғыртуымыз қажет. Партияға деген сенімді, жұмыс қарқынын арттыру, жас мамандарды тарту бағытындағы іс-шараларды күшейтіп, кез келген мәселеде үнсіз қалмай, белсенді болуымыз керек, – деді Бауыржан Байбек.
Президенттің атынан партиялықтарға алғысхатты Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі ретінде Мәулен Әшімбаев тапсырды.
Клара НАҚЫП