ASTANA FINANCE DAYS: Үздік қаржы платформасы құрылды
ASTANA FINANCE DAYS: Үздік қаржы платформасы құрылды
355
оқылды

– Осыдан бір жыл бұрын Қа­зақстан Тұңғыш Президенті – Ел­басы АХҚО-ға ресми бастама берді, ал бүгін тарихымыздың жаңа бө­лімін аштық. Бүгінгі шараны Қа­зақстан тарихындағы беделді төреші Төле би атындағы залда өткізуіміз де тегін емес. АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульфке және Халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доманға, сондай-ақ АХҚО сотының бас жетекшісіне аталған сот пен орталықты ашуға қосқан үле­сі үшін ерекше алғыс айтамын, –­ деген Қасым-Жомарт Кемелұлы АХҚО соты мен Халықаралық ар­битражды орталықты ашық деп жа­риялап, қалыптасқан дәстүр бойын­ша сот балғасымен соққы жасады.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, заң үстемдігі – табысты эконо­ми­­ка­лық және тұрақты өсімнің негізі. Сондықтан заманауи кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін құруға ерекше мән берілді. Ағылшын заңына не­гізделген АХҚО соты мен Халық­аралық арбитражды орталық құру арқылы АХҚО-ның инсти­туционалдық құрылымын құру аяқталды.

– АХҚО-ны құру дамыған 30 ел­дің қатарына енуге арналған маңыз­ды құрал саналады. Бұл міндеттің өте жауапты екенін білеміз. Ол тұ­рақты сапалы экономикалық өсімді және жаңа инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуды қажет етеді. Дегенмен реформалардан қорық­паймыз. Сондықтан ағылшын заңы бұрынғы Кеңес Одағы аумағын­да алғаш рет елімізде жалпы әділ сот жүйесінде табысты қол­данылмақ. АХҚО сотын ең беделді және құр­метті британ судьяларынан қа­лып­тастыру АХҚО-ның табысқа жетуіне ықпал етеді, – деді Қ.Тоқаев.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, әлемнің табысты қаржы орталықтарының көп­шілігі жалпы құқықтың юрисди­к­ция­сында жұмыс істейді.

– Бұл нарық талаптарына тез бейімделген және инвесторларға сот шешімін шығару кезінде әділдік пен бейтараптыққа кепілдік береді. Осылайша, өңірдегі ең үздік қаржы платформасы мен бірегей инвес­т­кли­матты құрғымыз келеді, – дейді ол.

АХҚО сот төрағасы Лорд Вульф АХҚО соты мен АХҚО артбитражды орталығын құру Қазақстан үшін зор же­тістік екенін айтады. Екі орган да жаңа технологиялармен жабдық­талған.

АХҚО биржасының (АІХ) басқарма төрағасы Тим Беннет Қазақстан Президенті алдында ар­найы таныстырылым өткізді. Оның сөзінше, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының акциялары қазіргі уақытта Қазақстанда бел­сенді саты­латын бағалы қағаз, ай­налым жыл­дам­дығы көптеген даму­шы нарық­тарға қарағанда 2-3 есе жоғары. Ал Polymetall компа­ниясы акциялары­ның листингі АХҚО бир­жасының халықаралық эмитенттер тарапынан сұранысқа ие. Тим Бен­неттің ай­туынша, ІРО-дан бастап жарты жыл ішінде АІХ алаңында бірінші ком­пания жаһандық ин­весторларға түсінікті инфрақұрылым жасап қоймай, мультивалюталық сауданы, биржалық инвестициялық қорлар­дың көмегімен өнімдер желісін алуан түрлі етіп, юниорлық геологиялық барлау компания­ларының инвес­тиция тарту үшін жаңа сегментті іске қосты. «Белдеу және жол» сегмен­тінде әлеуетті эмитенттермен бір­неше келісімдер жасады, сондай-ақ бөлшек инвес­торларға арналған мобильді қосым­шаны іске қосты. АІХ елдегі және өңірдегі капиталдың терең және жоғары өтімді нарығын дамытуды жалғастырып келеді.