Жиында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Биятов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев соңғы мәліметтерді жариялады.
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, қаланы қалпына келтіру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жоспарлы түрде атқарылып жатыр.
«Қазір қала 17 секторға бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Жарамсыз күйге түскен және зақым келген үйлерді тіркеу, шығынын есептеу шаралары жүйеленуде. Әрбір облыс, әрбір аудан, қалам әкімдіктері өздеріне бөлінген аумақта жұмысты бастап кетті. Арыс қаласында азық-түлік дүкендері мен наубайханалар да ойдағыдай қызмет атқаруда. Қала аумағында және өзге аудан, қалаларға қатынайтын көлік тасымалы да бұрынғыша қалыпқа келтірілді. Үйі жарамсыз болып қалған тұрғындарға 800 орындық уақытша лагерь дайындалды. Ол үш мезгіл тамақпен қамтылған», – деді қала әкімі.
ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Биятов саперлар қала аумағын таңнан кешке дейін аралап, тазалау, тексереу жұмыстарын жалғастырып жатқанын, ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен, тұрғындар күмәнді заттарды байқаса, дереу 112 және 102 нөмірлеріне хабарласу керектігін жеткізді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, жарылыстан кейін 77 адам ауруханаға жатқызылған. Оның 40-ы жазылып, үйлеріне жіберілген. Бес науқас республикалық емдеу мекемелеріне жатқызылған. Қазіргі таңда Арыстағы 17 секторда бір-бір жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қала аумағында 4 мобильді медициналық пунктер орнатылған. Дәрі-дәрмек пен мамандар жеткілікті.