«Nur Otan» қайта жанданудан қалай өтіп жатыр?
«Nur Otan» қайта жанданудан қалай өтіп жатыр?
©akorda.kz
390
оқылды
Әр істің басы мен аяғы бар. Әр кезеңнің бастауы мен тоқтауы болады. Жеңіс бар жерде жеңіліс те қатар жүреді. Бұл өмір заңдылығы. Бірақ қандай күйге түссек те, қаншалықты тығырыққа тірелсек те жандануға, жаңғыруға мүмкіндік әрқашан туатыны сөзсіз... Өткен жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам  – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын жария еткені есімізде. Бұл партияның өзгеруіне, елмен етене жақын болуына, санға емес сапаға жұмыс істеуіне жол ашқан бағдарлама болды. Бүгінде «Nur Otan» халықты тыңдап қана қоймай, оларды естіп, туындаған мәселесіне дендеп еніп, нақты істермен елдің ықыласына бөленді. Жалпы «Nur Otan» қандай басымдықтарға назар аудара отырып, жүйелі жұмыс пен сенімді жақтастарды жинақтай алды? Осыған бір үңілсек. Nur Otan Осы уақыт аралығында партия белсенді мүшелерін топтастыруды басты назарға алды. Жергілікті жерлерде бастауыш партия ұйымдарының жұмысы жанданды. Партияның ядролық электоратының негізі қалыптасты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жергілікті мамандарға назар аударып, жастардың өсуіне, потенциалын көрсетуге жол ашты. Тәжірибесі мол, аймақта беделі бар, мәселеден қашпайтын жастар пулы қалыптасты. Оның жарқын мысалы ретінде Павлодар облысы мен Түркістан облысындағы «Nur Otan» партиясының облыстық филиал басшыларының атқарған ауқымды жұмыстарын атасақ болады. Әсіресе Бейсен Тәжібаевтың Түркістан облысында атқарған шаруалары дүйім облыс халқының көңілінен шығып, партияға деген сенімді күшейітті. Өткен жылғы Арыс оқиғасы мен жақында болған Мақтааралдағы су тасқыны кезінде «Nur Otan» партиясының маңайына дүйім ел біріккенін көрдік. Көмек қолын созғандарға куә болдық. Сондай-ақ жемқорлықпен күресті күшейтіп, партиядан лайықты емес мүшелерді шығару қолға алынды. Бауыржан Байбек Jastar-Otanga жастар лагерінің қатысушыларымен кездесуінде нұротандықтар қатарынан белсенді азаматтарды, елді өзгеріске алып келетін, ұмтылып тұрған қазақстандықтарды көргісі келетінін айтты. «Партия мүшесі 24 сағат бойы өзін «Nur Otan» екенін ұмытпау керек. Нұротандық болу тек таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін ғана емес. Бізде кейбір депутаттар басшыға қарай өзгеріп, бүгін былай десе, ертең айнып басқасын айтып тұрады. Олардың көздегені тек қызмет және өз мәселесін шешіп алу! Бізге ондайлар керек емес. Міне осындайлардан партияны тазарту керекпіз» деген Бауыржан Қадырғалиұлы партияның даму векторын анық сызып көрсетті. Nur Otan Партияның жеті серпіні Бұл тұрғыда партия праймериз өткізіп, партияішілік тартыс арқылы мықты кадрларды қалыптастыруды, жаңа есімдерге жол ашуды көздеуде. Партия қатарынан тек үздіктер табылып, көлденең қосылғандар орнын босату керек. Көктемге жоспарланған праймериз пандемияға байланысты өтпей қалды. Бұл шара 17 тамызда басталып, 3 қарашада аяқталады деп жоспарланды. Елбасы партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын барынша күшейтуді тапсырды. Себебі партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі фракцияның күші екені белгілі. Бұл тұрғыда Алматы қаласы мәслихатындағы партия фракциясы жұмысының оң нәтижесін айтуға болады. Партиямен тығыз байланыстың арқасында елдің көңілінен шықпайтын мәселелер атқарушы билік өкілдеріне жетіп, түйіткілдің түйіні тарқатылып отырған. Ал Батыс Қазақстан облысының мәслихатындағы партия фракциясының жұмысы керісінше сынға алынды. Өткен жылы Бауыржан Байбек  бұл өңірге жасаған сапарында фракцияның өткір мәселелерді көтермейтінін ашық айтқан. Тіпті кез-келген әкімге сенімсіздік вотумын жариялап, жұмысын тоқтататын заң бар екенін естеріне салды. Міне сол уақыттан бастап бүгінге дейін еліміздің барлық облысында фракция мүшелері белсенді жұмысымен көзге түсе бастады. «Nur Otan» ақпараттық-идеологиялық бағытта да үлкен жұмыс атқарды. Партияға тиесілі «Nur Media» холдингі жаңа медианың тізгінін берік ұстады. Ақпарат нарығында шындыққа жанаспайтын мәлімет таратып, елдің назарын аударғанды ұнататын медиаөнімдерге төтеп бере алатын шынайы, ашық, конструктивті контент жасақтайтын жаңа редакцияларды қалыптастырып үлгерді. БАҚ арқылы партиялық бақылау мен қоғамдық қабылдаудың жұмысы кеңінен насихатталып, ондағы проблемалар тез арада шешімін тауып жатыр. Aikyn.kz пен Liter.kz сайттары аз уақыттың ішінде жаңа саясаттың арқасында оқырмандарын 10 есеге, кей кезеңдерде тіпті 30 есеге дейін өсірді. Бұл арқылы партияға деген елдің сенімі мен ықыласы артқанын байқауға болады. Nur Otan biz-birgemiz-1-1024x632 Коронавирустың таралуын ауыздықтау үшін елімізде Төтенше жағдай режимі орнағаны белгілі. Көптеген қазақстандықтарға бұл қолайсыздық туғызып, экономикаға соққы болды. «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылып, оған ел меценаттары мен кәсіпкерлері қомақты қаржы құйды. Жиналған қаражатты партия бақылауға алып, елдегі жарты миллионға жуық мұқтаж отбасыларға 50 мың теңгеден үш рет таратып берді. Сондай-ақ Jas Otan жастар қанатының 5 мыңнан астам еріктілері 256 мыңдай отбасыға азық-түлік себетін жеткізді. Карантин кезінде тұрғындар «Nur Otan» партиясының елге қаншалықты жақын екенін сезіне алды. P.S.: «Nur Otan» партиясын трансформациялау елдің дамуына айтарлықтай әсер ететінін барлығымыз жіті түсінеміз. Себебі Үкімет пен Парламенттегі негізгі күш нұротандықтар екені анық. Сауатты министр, сапалы заң қабылдайтын депутаттар барда елдің еңсесі түспейтіні белгілі. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы – партияның басты ұстанымы екенін талай естідік және де куә болып келеміз...

Беков Асқар