Қас-қағым...
Қас-қағым...
455
оқылды

Былтыр астанада Бүкіл­әлемдік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның жол апаты бойынша әлемде бірінші орында екенін айтты. «Қазақстан жолдары жыл сайын 3 мыңнан аса адамның өмірін жалмауда. Тағы 3,5 мың адам жарақат алады. 2018 жылдың алты айында елімізде 6 703 жол қозғалыс оқиғасы болған, 780 адам көз жұмған. Апатты жағдайдың басым көпшілігі Алматы мен Алматы облысында тіркел­ген. Тас жолда қайғылы жағ­дайдың орын алуының басты себептері қарсы бетке шығып кету, ал қалада бағ­дар­шам­ның қызыл түсіне өту, бұры­лыста жылдамдықты сақта­мау болып отыр», – деген болатын ұйым мүшелері.

Сонымен қатар, олар елі­міз­де жол қозғалысы ереже­сін сақтау жағдайы өте төмен екенін айта келе, жол қоз­ға­лысы оқиғалары­ның алдын алу үшін бірқатар іс-шаралар өткізіп жатқандарын жеткіз­ді. «Қазір, әсіресе, балалар­мен жұмыс істеуге көп көңіл бөлудеміз. Жол қозғалысы ережесін сақтау­дың маңызын балалар арқылы үлкендерге жеткізгіміз келеді. Мәселен, ата-анасымен өтуге болмай­тын жерде кетіп бара жатқан бала міндетті түрде бұл жер өтуге арналмаған деп оларға ескерту жасайды. Сондай-ақ жас балалардан құралған жол инспекторларымен де жұмыс атқарамыз. Осы инспектор­лар арасында жыл сайын бай­­­қаулар өткізіледі, оған ба­ла­лар қуана қатысуда. Яғни, жол ережесінің зардап­тары қандай болатынын бала кезден бойына сіңіріп өскен азамат оны бұзбауға тырыса­ды. Алдағы 10-15 жылда жағ­дай қазіргіден тәуір болады деген ойдамыз», – дейді олар.

Дегенмен айтылған ақпа­рат­тан кейін де біршама уа­қыт өтті. «Баяғы жартас – бір жар­тас» дегендей, күнделікті хабар-ошардан жол-көлік оқи­ғаларын оқып, көріп, жол апаттарының азаятын түрі жоғына көз жеткізуде­міз.

29 маусым күні «Қараған­ды – Теміртау» тасжолында ірі көлік апаты болып, 6 адам көз жұмды. Қарағанды облы­сы­ның қоғамдық денсаулық сақтау департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, апаттан 9 адам жарақат алып, 6 адам оқиға орнында көз жұмған. «Жедел жәрдем» мен апаттық медицина көліктері Мақажа­нов атындағы облыстық трав­матология және ортопе­дия орталығына 3 әйелді ауыр шок жағдайында жеткізген. Апатқа түскен жолаушылар­дың бәрі түрлі дәрежеде жа­ра­қат алған» делінген ресми ақпаратта. Ауыр жағдайдағы әйелдердің бірі 1999 жылы туған. Оның басы жарақатта­нып, бұғанасы сынған. Ал 1991 жылғы әйел де басынан қатты жарақат алған. Шама­мен 22 жастағы үшінші әйел­дің де басы жарақатта­нып, екі аяғына бірнеше жерден ашық және жабық сынық түскен. «Қазір зардап шек­кен­­­дерге барлық қажетті меди­­циналық көмек көрсеті­ліп жатыр. Травмато­ло­гия­лық қызметтің ситуа­ция­­лық орталығы қосымша дәрігер-хирургтар мен нейро­хирург­тар шығармақ­шы», – дейді департаменттің баспасөз қыз­меті. Кеше ауыр жарақат алған үш әйелдің бірі қайтыс болды...

Мұндай ауыр, жантүрші­гер­­лік жол апаты мамырда Түркістан облысы Келес ауда­нында болып, 4 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға «Жеті­сай – Жібек жолы» бойында орын алды. Полицейлердің анықтауынша, Шымкентке бет алған «Ауди-100» маркалы көлігі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, «Киа» авто­кө­лі­гіне соқтығысқан. Жол апа­ты­ның салдарынан 3 жолау­шы оқиға орнында қаза тауып, бір адам ауруханада көз жұмды. «Киа» маркалы автокөліктегі тағы 3 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген...

Барлығы қас-қағым сәтте орын алатынын бәріміз біле­міз. Біреулер жолда көлігі­нің жылдамдығын арттырып, өз өмірін ғана емес, жолаушы­ның да өмірін бәйгеге салып айдайды, үйінде бала-шағасы күтіп отырғанын неге ойла­май­тыны­на таңғаласың, бас шайқайсың. Амал жоқ. Арақ ішіп алып, темір тұлпарды тізгіндегендер де аяқ тартар емес. Өздерін «асфальт коро­лі» ретінде санаған олар ауыр оқиға орын алған соң ғана ес жияды. Бірақ кеш. Ал ащы суды сіміріп, апат жасаған кейбірі қайтадан сол жағдай­да қолға түсіп жатады. Бірақ оларға заң жоқ.

«Сүріп жатқан өміріміздің өзі қас-қағым сәттей өте шы­ғады. Дегенмен сол уақыт­ты өнегелі де өрелі қылып өткіз­ген­ге не жетсін?! Ертеңгі күні бар­мақ тістеп қалмау үшін өмір­дің ғажабын, үйде бала­ла­рыңның тосып отырға­нын, жанындағы жолаушы да сен сияқты біреудің анасы не әке­сі, бауыр

ы екенін естен шы­ғар­машы, көлік жүргізу­шісі» дегің келеді. Өйткені өмірдің өзі қас-қағым емес пе?!.