1967 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «емдеу ісі» факультетіне түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шықты. Студент болып, кітапхана есігін күзетуді ғана арман етпей, Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінде қосымша орта медициналық қызметкер болып жұмыс істеді. Диплом қолда, елге оралды. Жас маманды облыстық ауруханаға анестезиолог-реаниматолог дәрігері етіп жіберді.
Тынымсыз мінезі барлық нәрсені білуге ұмтылдырды. Мүмкін бұл қасиеті сонау санада қалған теңдеулердің шешімін табуға деген қызығушылығынан туған болар. Әйтеуір көп ұзамай-ақ, ұйымдастырушылық қызметке, яғни қан құю бөлімшесінің меңгерушілігіне ауысты.
Жас, бір бала қолда, бір бала арбада. Ерте тұрып кішкентайларын балабақшаға жетелейді. Одан жұмысқа асығады. Бір күні, сол кездегі облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарып отырған, Ернияз Омарұлы қызметке шақырды. Содан Асылбек 1982 -1990 жылдар аралығында облыстық аурухана бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік ісі бойынша орынбасары болып қызмет атқарды. Ол ең бірінші, денсаулық сақтау саласында емдеу-алдын алу ұйымдары қызметіне компьютер арқылы талдау жүйесі тәсілдерін қолданысқа енгізді. 1982-1995 жылдарда Арал теңізі мен Байқоңыр космодромының халық денсаулығына экологиялық әсерін зерттеуге қатысты. Кейіннен осы зерттеу деректері Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы мен Министрлер кеңесінің «Арал теңізі өңірінде экологиялық және санитарлық ахуалды түбегейлі жақсарту туралы» Қаулысының қабылдануына негіз болды.
Ізденімпаз, жігерлі, көзі қарақты маманға 1990 жылы Жаңақорған орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін сеніп тапсырды. Әлі есінде, ескі аурухананың ескі орындығына жайғасқанда көңілі құлазып салғаны бар. Аурухана ішін аралып шықты. Су жоқ, әжетхана далада. Осыдан кейін ол аудандағы денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға барынша күш салды. Жас дәрігерлерді жанына жинап, оларды өзге қалаларға оқуға жіберді. Білікті басшының бір ғана мақсаты болды, ол – медициналық қызметтің алдыңғы әдістерін енгізуге, ауыл тұрғындарының жоғары дәрежедегі көмекке қол жеткізуіне күш салу еді. Аудандық ауруханада эндоскопиялық және ультрадыбыстық зерттеулер кабинеттері ашылды. Иммунопрофилактика жұмыстарын сапалы жүргізе отырып, балаларға вакцинация жасау арқылы, жұқпалы аурулардың және өлім көрсеткішінің 2 есе төмендеуіне ықпал етті. Жаңақорған ауданында қызмет еткен 4 жыл ішінде, тері-венерология ауруханасы, стоматологиялық емхана, жедел жәрдем бөлімі, 6 төсектік реанимация бөлімшесі ашылды.
Сол кезеңдегі облыс басшысы Сейілбек Шаухаманұлы мен аудан басшысы Ибрагим Абибуллаевпен байланысқа шығып, босаған аудандық атқару комитетінің ғимаратын сұрады. Бұған дейін тар жерде отырған аудандық емхана кең ғимаратқа орналастырылды. Аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері қора жайы ыңғайландырылған, көгалдандырылған, жылу, су жүйесі мәселелері толық шешілген жаңа ғимаратқа көшірілді. Түгіскен, Сунақ ата, Юбилейный елдімекендерінде медициналық құрал-жабдықтармен, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген дәрігерлік амбулаториялар ашылып, аудандағы әйелдер босану көрсеткішінің өте жоғары деңгейде екенін көрсете отырып, 100 төсектік перзентхана құрылысының іргетасы қаланды. Екі жылда, ауданға 11 санитарлық автокөлік жаңадан алынды, 15 жас дәрігер жұмысқа тартылды.
Бұдан кейін ол облыстық аурухана бас дәрігерінің кеңес беру диагностикалық орталығы бойынша орынбасарлығына қайта шақырылды. Бұл қызметке келгенде Арал теңізі мен Байқоңыр космодромының экологиялық әсерінен туындаған ауруларды ерте анықтау, кадрлар сапасын арттыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлді. Генетикалық бөлім және радио-иммунологиялық зертхана, компьютерлік томограф кабинеті мен психотерапевтік бөлімше ашылып, компьютерлік томограф алынды. Бұл заманауи медицинаның алғы шарттары еді.
1997 жылы ғаламда жаңадан келген індеттің себеп-салдарын жеңілдететін орталықтың, облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Бұл – әлем назарын аударған тың сала еді. Медицина майталманы басымдықты эпидемиологиялық және зертханалық бақылау жұмыстарына берді. Небәрі 20 қызметкермен жұмысын бастаған орталық, 10 жыл ішінде 3 есеге көбейді. Мамандар біліктілігін арттыруға күш салды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Польша мемлекетінің Краков қалаларындағы орталықтарға дәрігерлерін жіберіп, білім жинақтап, тәжірибе алмасты.
Облыстық әкімдік жанынан ЖИТС-тің алдын алу жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Кейіпкеріміздің белсенді басшылығымен ЖИТС орталығы «ЮНИСЕФ», «Сорос-Қазақстан», «ЖИТС, туберкулез, безгекке қарсы күрес жөніндегі» халықаралық қорлар грантын жеңіп алып, халықтың мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері арасында «Зияндылықты сейілту», жастар мен жасөспірімдер арасында «Жастар салауаттылығы» бағдарламаларын жүзеге асырды. Соның нәтижесінде облыста індеттің ахуалы тұрақталып, халықтың мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері мен жастардың ақпараттану деңгейі өсті. Асылбек Тоқмырзаұлы 2008 жылдан бастап қалалық аурухананың бас дәрігерлігіне тағайындалды. Дәл осы қызметке келгенде ғана, «тағдыр» деген тіркестің байыбына барды. Себебі, сонау жылдары жекешеленіп кеткен аурухананың еш талапқа сәйкес келмейтіні анық еді. Ол алғаш рет өз өмірінің «1-ден 0-ге дейін, 0-ден 1-ге» дейінгі аралықта жүретінін сезінді. Алғашқы қадамды, аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағыттады. Жоғарғы органдар алдына мәселені бірнеше рет көтеріп, күрделі жөндеу жұмысына қомақты қаржы бөлгізуге күш салды.
Аурухананы заманауи талапқа сәйкестендірді. Соңғы үлгідегі, эндовидеохирургиялық лопароскоп, ангиографиялық-рентгенологиялық аппарат, гистерескоп, заманауи ота жасайтын столдар, наркоз беретін және оттегімен демалатын аппараттар, компьютерлік томограф, медбике мен науқастарды байланыстыратын электронды байланыс құралы алынып, оттегімен қамтамасыз ету орталықтандырылды.
Зейнетке шығып, 70 жасты еңсерген Асылбек Тоқмырзаұлы, қазірде қалалық ауруханада қызмет етіп жүр. Жасыратыны жоқ, осыдан 20 жыл бұрын, кептер ұшып, қарға қонған ғимараттар бүгінде заман талабына сай қызмет көрсететін дәрігерлік мекемеге айналды. Ауруханада травматология, хирургия және гинекология саласы бойынша жоғары мамандандырылған оталар жасалуда. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсетілуде, тұрғындар риза. Өзі басқарған жылдары Ұлттық бизнес рейтингтер одағының «Қазақстан көшбасшысы 2013, 2014, 2016» атты марапатына ие болды.
Ол білікті басшы және ұтқыр ұйымдастырушы, мықты менеджер, алтын қолды дәрігер болды. Әлемнің бірнеше елінде жүріп білімін көтерді, тәжірибе алмасты. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Сондықтан да болар 2012 жылы облыстық мәслихатқа депутат болып сайланып, іргелі істердің жанынан табылды. Қызылорда қаласының, әсіресе, Белкөл, Тасбөгет кенттерінің абаттануына, су-кәріз жүйесі, газ тарту, жол құрылысы мәселелеріне сүбелі үлес қосты. Қаланың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және дене шынықтыру салаларының дамуына жағдай туғызуға атсалысты.
Жоғары санатты денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы Асылбек Тоқмырзаұлы марапат биігінен табылған жан. Ол 2008 жылы «Құрмет орденімен», Қазақстан Президентінің «Алғыс хатымен», ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен, Қызылорда облысы әкімі мен Қызылорда қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ССРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен және өзге де бірнеше медальдармен марапатталған. Ең үлкен, Сыр халқының денсаулығына көрсеткен қызметі үшін, 2018 жылы «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Адам ұрпағымен мәуелі, бүгінде бес баладан 15 немере сүйіп отыр. Өмірлік серігі Мейрамкүл апа да медицина қызметкері. Татулығы жарасқан отбасылық өмірде құдай қосқан жарымен 45 жыл бірге өмір сүріп, ұл мен қызды тәрбиелеп, оларға өнегелі ата жолын салуда.
Грек математикасында «Берілді. Дәлелдеу керек. Дәлелдеді» деген теория бар. Бүгінде жетпістің желкеніне шыққан Асылбек Тоғызбаевтың бала кездегі математик болу арманы жүзеге асты деуге де болады. Ол бар ғұмырын дәрігер деген абзал мамандықпен байланыстырып, грек математикасының шартты белгісімен өре білді.
Ақбота ӘЛІМ