Аталған өрт ҚР Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің оқ-дәрілердің фрагменттерін жинау бойынша жұмыстары барысында болған. Алайда, өрт ошағы әскери өрт сөндірушілер күшімен сөндірілді. Жапа шеккендер жоқ.
– Алаңдауға негіз жоқ. Территорияны тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздікті сақтау тұрғысында барлық шаралар жасалуда. Әскери өрт сөндірушілердің күшімен өрт ошағы сөндірілді, – деді Бақыт Құрманбаев.
Сондай-ақ, Бақыт Жанұзақұлы жергілікті тұрғындарды алаңдамауға шақырды.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов қаладағы төтенше жағдайдың тұрақты екенін айтты.
– Арыс қаласында өрт қауіпсіздігі бойынша жағдай қалыпты. Азамат қорғау органдары қызметкерлінен 80 адам, 21 техника жұмыс істеуде. 9 өрт сөндіру автокөлігі мен 45 өрт сөндіруші Қорғаныс министрлігінің қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқаруда, – дейді Н. Жүнісов.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов 17 аумаққа бөлінген арыс қаласында жедел-жәрдем қызметі жүйелі жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.
Брифинг барысында мамандар көшелерден, үйлерден оқ-дәрі қалдықтары табылған жағдайда қолмен ұстауға болмайтындығы ескертіп, бірден 102 немесе 119 нөмеріне хабарласу қажеттігін айтты.