Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешені жанында орналасқан биік тутұғырға Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты. Дәстүрлі түрде жылда өткізілетін бұл салтанатты рәсім астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың басталғанын білдіреді.
Өз сөзінде Қ.Тоқаев бұл шараның символдық мәніне тоқталды.
– Қазақстанның көк байрағы жерден жоғары қарай әуелеп көтерілгенде жүрегімізді тәуелсіз елімізге, оның барлық жетістігіне деген мақтаныш сезімі баурап алады. Мұның барлығы тәуелсіздіктің арқасы! Құрылған күнінен бастап бас қаламыз дамудың қазақстандық үлгісінің жарқын табысқа жеткенін паш етіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәсім аясында ел Президенті – Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды.
Оларға қайырылған Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің көк туын «өңірде және бүкіл планетада қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшіл әрі салиқалы саясаттың символы» ретінде бүкіл әлем білетінін атап өтті.
– Қазіргі күрделі жаһандық геосаяси жағдайда жауынгерлеріміз түрлі қақтығыс ошақтарында бітімгершілік миссиясын абыроймен атқаруда. Офицер атағына тек адамгершілік құндылықтарды биік ұстайтын, темірдей тәртіпті сақтайтын, шын беріле еңбек ететін адамдар ғана лайық. Еліміздің кәсіби Қарулы күштері заман талабына жауап беруі үшін мемлекет әрдайым барлық жағдай жасайтын болады. Қазақстанның қауіпсіздігі сіздердің сапалы жұмыстарыңызға тікелей байланысты, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Салтанат барысында отандық жоғары әскери оқу орнының 27 үздік түлегі Жоғарғы бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.
Соңында Қ.Тоқаев қазақстандықтарды, барлық қатысушыларды келе жатқан Елорда күнімен құттықтап, Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.