Аналарға арналған «Көрпе Fest»

Аналарға арналған «Көрпе Fest»

Елордадағы «Көрме» орталығында өзгеше мегафестиваль өтіп жатыр. Қала күніне орайластырып ұйымдастырылған іс-шараның атауы – «Көрпе Fest». Фестиваль қала әкімдігінің бастамасымен «Асыл ана» жобасының шеңберінде өткізілді.

Осы іс-шараның аясында көпбалалы аналарға тігін және қолданбалы өнерден тегін ше­берлік сағаттары ұйымдасты­рыл­ды. Қазақстанның түкпір-түк­пі­рінен келген аналар өнерін ортаға салып, үйренгенін көпшілікке паш етті. Атап айтқанда, фес­ти­валь барысындағы байқауда бақ сынауға мүмкіндік алды. Тігін ті­гуді олар осыған дейін 6-10 мау­сым аралығында өткен «Асыл ана» семинар-тренингі кезінде үйренген болатын.

Осылайша қолөнерін қауымға ұсынып, көрмеден орын алды. Ал жұмыстарының бағасын беру­ші – фестиваль тамашалауға кел­ген қонақтар. Аталған іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трі Бердібек Сапарбаев қа­тысты. «Әйел – отбасы мен ошақ қасының берекесін сақтаушы ғана емес, қоғамның айнымас бөлігі. Елдің дамуына да белсенді ат салысады. Бүгінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері күн сайын кеңейіп келеді. Оған дәлел ретінде нәзік жандылардың ша­ғын және орта бизнес секто­рындағы белсенділігін келтіруге болады», – деді қала басшысы Алтай Көлгінов.

Шеберлік сағатын «Құрмет» орденінің иегері, белгілі этно­ди­зайнер Ырза Тұрсынзада өткізді. Ол ұлттық, қазақы стильдегі бұ­йымдар жасайды. Оның жұмыс­тарымен қазақстандықтардың көп­­шілігі жақсы таныс. Мұндай ма­маннан құнды кеңестер алып, құ­лақ түрген жөн-ақ. Әсіресе, те­гін өткізіліп жатқанда мүм­кіндікті пайдаланып қалуға әр­кімнің-ақ таласы да, ынтасы да бар. Өйткені мастер-класс ба­рысында он саусағынан өнер там­ған маман шеберлігінің сыр­ларымен бөлісіп, жеке бизнес ашудың тәсілдерін айтудан да аянып қалмады.

Әсіресе, бүгінде әлеуметтік желіні қуатты қару ретінде қол­дана білу маңызды. Ырза Тұрсын­зада әйелдерге осы туралы да бір­шама кеңес айтты. Себебі, жасаған бұйымдарды өткізу, сатып алушыға жеткізу үшін де қабілет қажет-ақ. «Ескі салт-дәс­түрлерді жаңғырту арқылы Ұлы дала әйелінің бейнесін де жа­ңартуға мүмкіндік бар деп ой­лаймын. Мұндай қайырымдылық шеберлік сағаттарын өткізіп жүргенімізге осымен төрт жылдай уақыт болды. Байқағаным, әйел­дерде өзгеріс орасан зор. Жыл өткен сайын шыдамды, дана болып бара жатқандай көрінеді. Қазіргі таңда ұлттық қолөнердің дамуына үлес қосып, кәсібін дөңгелетіп жүрген әйелдер көп. Табыстары да жақсы – 500 мың теңгедей табады. Міне, соларға қарап кез келген әйел табысқа жете алатынын, қаражат табуға мүмкіндігі барын көре аламыз», – дейді Ырза Тұрсынзада. Фес­ти­валь қатысушылары дипломмен марапатталып, 50 әйелге тігін машиналары мен өзге де бағалы сыйлықтар табысталды. Мұндай сыйлық мерекелік көңіл күйді одан әрмен көтергені анық.

 

Қуаныш САПАРБАЕВ