Астаналық «Нұржол» бульварында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жемісті де жетістігі мол ел басқарудағы 30 жылдығына арналған «Нұрсұлтан Назарбаев: жасампаздық дәуірі» атты фотокөрме ашылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ашық аспан астындағы көрмені елорда әкімі Алтай Көлгінов ашты.
–Елорда күні қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы оқиғамен құттықтаймын! Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ең жоғарғы билігіндегі өкілеттігінің 30 жылдығына орай фотокөрме ашып отырмыз. Бұл, әсіресе, жастар үшін қажет. Себебі, аға буын еліміздің елең-алаң шақтарында қиын жылдардың қалай болғанын, тосқауыл жайттарды қалай еңсергенін, халықты толғандыратын өте күрделі мәселелердің қалайша шешімін тапқанын жақсы біледі, – деді әкім құттықтау сөзінде. Ол сондай-ақ Елбасының астананы көшіру туралы тарихи шешім қабылдаған кездегі қиын уақыты туралы еске салды.
– Біздің тамаша елордамыз 21 жыл ішінде бүкіл әлемге танылды. Бұл ретте өзіндік басқару моделін қалыптастырған Елбасының тарихи рөлі әркез жоғары. Біз басқа елдерден, еліміздің өзге өңірлерінен келген туристер мен қонақтар өткен тарихымызды, Елбасы дәуірі елдің дамуына қалай әсер еткенін терең түсініп, есте сақтағандарын қалаймыз, – деді А.Көлгінов.
Көрмеге келушілер назарына Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмірі мен саяси өмірбаянының маңызды кезеңдерін, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан тарихының ең басты сәттерiн көрсететін фотоматериалдар мен көркем суреттер ұсынылды.
«Нұрсұлтан Назарбаев: жасампаздық кезеңi» фотокөрмесі өткен ғасырдың 1990 жылдарынан бастап қазіргі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. Экспозицияда Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік мұрағатының жиналысынан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасынан, Қазақстан Суретшілер одағынан және National Geographic Qazaqstan журналынан 90-нан астам фотосурет пен көркем суреттер ұсынылды. Олардың авторлары ақпараттық агенттіктерде, еліміздің алдыңғы қатарлы мерзімді басылымдарында жұмыс істеген және жұмыс істейтін танымал отандық фотографтар. Елорда тұрғындары мен қонақтары еліміздің әлеуметтік-маңызды нысандарының ашылуында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің сөйлеген сәттерiн, әлемдік көшбасшылармен кездесу кадрларын көре алады. Көрмеге шамамен 45 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр. Экспозицияларды 2019 жылдың 1 тамызына дейін «Нұржол» бульварынан тамашалауға болады.
Тұмар МЫРЗА