Қазақтың жаны – домбыра
Қазақтың жаны –  домбыра
429
оқылды

7 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Биыл екінші рет ұйымдасты­рылып отырған жиынға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, барша қазақстандықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батыр­ларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бо­луы тиіс. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық ру­хы­мызды көтеретін таңғажайып туын­дылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұ­туымыз қажет. «Өнер – ұлт келбеті» дей­ді дана халқымыз. Баршамызға ор­тақ құндылық – домбыраны жан-жақ­ты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сі­ңіру өте маңызды. Домбыра – қай­таланбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажет әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһан­дану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Қазақстан Президенті төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша наза­рында болатынын жеткізді.

«Қазақ елі» монументі ала­ңында өткен ұлттық руханиятты дәріптейтін концерт барысында мыңнан астам өнерпаз бір ор­кестрдей домбырамен «Са­рыар­қа», «Адай», «Әлқисса», «Кө­ңіл тол­қыны», «Балбырауын», «Кө­реғұлы» секілді қазақтың белгілі күй­лерін орындады. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орын­басары Нарима Мұхамбетали­наның айтуынша, Ұлт­тық дом­быра күні – шілде айының ал­ғашқы жексенбісі деп белгі­ленген. «Биылғы концерттің ерек­шелігі – жас айырмашылы­ғына қарамастан, ниет білдір­геннің бәрі концертке үлес қос­ты. Домбырашылар барлық өңір­ден жиналды. Қатысушы­ның ең үлкені 70-те болса, ең кішісі – 7 жаста. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының мемле­кеттік академиялық филармо­ниясы, «Сарыарқа» халық му­зыка ансамблі, «Қорқыт» дәс­түр­лі музыка ансамблі секілді кә­сіби музыканттар да қатысты. Орындаушылардың арасында белгілі тұлғалардан күйші Арман Жүдебаев, Батыржан Мықты­баев, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирек­торы, күйші Нұрғиса Дәуешов, Олим­пиада чемпионы Ермахан Ыбы­ра­йы­мов, «Астана Опера» теат­рының ди­рек­торы Ғалым Ахме­дияров, Т.Жүрге­нов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демия­сының ректоры Асхат Мае­ми­ров өз өнерін ортаға салды», – деді ол.

Мереке барысында күйден басқа, «Жастар» театрының ак­терлары та­рихи қойылым ұсын­ды. Оған қоса, елор­далық музы­ка мектептерінің шәкірттері өз өнерін ортаға салып, ақындар ай­тысын өткізді. Сонымен қатар «Қазақ елі» монументінің ал­дын­да киіз үйлер тігіліп, ұлттық на­қышта безендіріліп, ұлттық аспаптар мен қолөнер бұйым­дары қойылған көрме болды.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

Мәдениет және спорт министрі:

Ұлтымызды ұлықтайтын күн

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев домбыраның мәртебесін асқақтатып, өткен жыл­дан бастап шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық дом­быра күні» деп ресми түрде бекіткен еді. Бұл мереке «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының аясында аталды. Осы концерт – Мәде­ниет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірге өткізген шараның бастамасы ғана. Бұл тек біз үшін емес, ұлт үшін де үлкен мереке. «Ұлттық домбыра» күнін күймен шектемей, жалғасын тауып, ұлтымыз ұлық­тауы тиіс. Осыған орай, домбыра тартуды үйрету мақсатында үлкендерге арнайы сабақ өткізілмекші. Сондықтан қазақтың ұлттық мерекесін бүкіл халық болып ұлықтаған.

 

Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА,

Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі:

Рухты көтеретін мереке

– Осы жолы біз күй тартпадық. Керісінше, өнерпаздардың өнерін сырттай тамашаладық. Биыл Ұлттық домбыра күні екінші рет тойланып, бізді қуантып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының шешімімен Ұлттық домбыра күні пайда болған. Бұл мереке – қазақтың рухын көтеретін, бірлігін нығайтатын, ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты күн. Былтырғы мерекеде 2 мыңдай адамның басы қосылған. Биыл әуесқой домбырашылар қатысты. Жалпы, Ұлттық домбыра күні аталуы жүрегімізге жылылық ұялатып, жанымызды жадыратты.

 

Ермахан ЫБРАЙЫМОВ,

боксшы, Олимпиада чемпионы:

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым

– «Әу» демейтін қазақ жоқ. Ұлттық домбыра мерекесінде домбырашылармен бірге Құрманғазы мен Дина Нұрпейі­со­ваның күйлерін орындадым. Кәсіби күйшілер секілді біл­месем де, шамам келгенше ойнадым. «Нағыз қазақ – қа­зақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, жалпы спорт­шы­лар оның ішінде боксшылардың домбыраға құрметі ерекше. Сондықтан бұл мерекенің үлкен аумақта тойлануына тек қуаныштымын.

 

Анар ҚОНЫС