Аудан әкімдерінің «атаманы» кім?
Аудан әкімдерінің «атаманы» кім?
5,276
оқылды
Алайда аудан әкімдерінің арасында да «атаман» бар екен. Бұл жайында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың  төрағалығымен өткен жиында белгілі болды. Негізі басқосуда жол сапасы мен қоғамдық көліктерге қатысты өзекті мәселе қаралды. Бердібек Машбекұлы жұмысына салғырт қараған сала мамандырының жұмысын сынға  алып, бірқатар түйінді түйткілдердің түйінін тап басып, тарқату жолдарын көрсетті. Ал жиынның соңында аймақ басшысы кейінгі кездері «Асар» сияқты дүниелер ұмыт болып бара жатқаны туралы орамды ой айтып, биыл Жамбылдағы 350 ауылдағы  аз қамтылған  350 отбасына асарлатып үй салып беру ұсынысын жасады. Рас, мұндай тосын ұсынысқа бастапқыда жиынға қатысушылар да, селекторлық режимде отырған аудан әкімдері де таңырқай қарағандай көрінді. Себебі «дұрыс айтасыз» деп алға суырылып шыққан бірде-бір  адам болмады. Әйтеуір әкімдердің барлығы әліптің артын бағып,  «кім бірінші қолдау білдіреді екен» дегендей бір-біріне қарасып, үнсіздікпен отырды.
Осыны аңғарған Бердібек Сапарбаев «Аудан әкімдері арасында кім атаман?» деп, сол осы мәселені шешсін дегендей ишарат танытты. Сол сол-ақ екен, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «аудан әкімдері арасында Мәден Мұсаев атаман» деп шалғай Мойынқұм ауданың әкімін мінберге шығарды. Бұған облыс әкімі «350 болмаса да, 300 ауылда асарлатып үй салынсын» деп қысқа қайырды.     
Негізі Жамбыл облысында бұған дейін бүкіл әкімдердің «атаманы» облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков саналатын. Әулиеаталық әкімдер сол кісінің сөзіне иланып, облыс әкіміне кірмей жатып, соның  алдынан  өтетіндігін  сан мәрте естігенбіз. Күні кеше облыс әкімінің орынбасары болған Нұржан Календеровты Шу ауданы әкімі  қылып тағайындарда да, Бекболат Серікбекұлы «Сені інімдей жақсы көремін. Барынша қолдап жүрдім» дегенінен-ақ көп нәрсені аңғару болады. Енді міне, байырдан келе жатқан «атаман» зейнет жасы келіп тұрғандықтан ба, әлде Сенат депутаттығына сайлауға түсіп жатқандықтан ба, әйтеуір өз тағын Мәден Мұсаевқа әдемі тапсырып кетті. Енді жаңа «атаманның» қолынан жыл соңына дейін кемі 300 ауылдан үй салдыру келер ма екен? Ал ең бастысы өзге әкімдер Мәден Мұсаевтың әміріне көніп, тапсырмаларын тыңдай ма?  Бірақ, Мәден Тоқтарбайұлы сан саланы көріп, от пен суда шыныққан білікті кадр екенін барша әкімдер біледі. Сондықтан «атаманның» абыройына қатысты сауал туындамайтын шығар.

Бір қызығы, Бердібек Сапарбаев өзінің көңілінен шыққан немесе мамандарды сын тезіне алған жиындардың соңында әзілдейтіні бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да көңілі толған басқосулардың соңын әзілмен аяқтайтынын аға буын үлкендерден сан мәрте естігенбіз. Бәлкім, бұл билік дәлізінде бір-біріне жалғасып, мұра болып келе жатқан тәсіл шығар. Әзірге Сапарбаевтың әзілдері дөп тиіп, кадрларды ғана емес, «атамандарды» да ауыстыруға сеп болуда.

Саятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы