Ливия: халықаралық соғыс жалғасады
Ливия: халықаралық соғыс жалғасады
583
оқылды
22 маусымда әлемдік ақпарат агенттіктері оның аумағына Мысырдың басып кіргенін хабарлады. Онда Ресейдің жалдамалы жасақтары әрекет етіп жатқаны да айтылды. Түркия «бітімгершілік көмекті» жүзеге асыруда. Еуропа осы африкалық елде төл геосаяси ойынын жүргізуге тырысып әлек. Wikimedia күн сайын «Ливиядағы ұрыс қимылдарының картасын» жаңартуда... Өткен дүйсендібе Египеттің әскери әуе күштерінің F-16C/D жойғыш ұшақтары Ливияның (ресми атауы Dawlat Libya) әуе кеңістігіне кірді. Оларға БАӘ-нің әскери әуе күштерінің Airbus A330-243MRTT Tankers аталатын аспанда жанар-жағармай құю ұшақтары ере жүрген. Кейбір ақпарат көздерінің мәліметінше, жаумен шайқасатын ұшқыр ұшақтар Мисраттағы Ұлттық келісім үкіметінің әскерлеріне төбеден соққы беруде. Осының алдында Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси өз мемлекетінің Ливияға заңды негізде басып кіруі мүмкін екенін ескертті және өз армиясына ұрыс дайындығына көшуді жүктеді. Оның айтуынша, «Ливия қолдап отырған террорист-жалдамалылар және бүлікшілер Египетке тікелей қауіп-қатер төндірді». Тиісінше, «Каирдың әскери араласуы бұдан былай легитимді саналады». Ливияның ресми билігі – Ұлттық келісім үкіметі (ҰКҮ) көршісінің баса-көктеп кіремін деп доқ көрсетуін «соғыс жариялау» ретінде бағалады. «Триполи мұны ішкі ісіне дөрекі түрде қол сұғу және соғыс жариялау деп бағалайды», – деп жазды The Libya Observer газеті. ҰКҮ президенттік кеңесінің мүшесі Мохаммед Эммари Заид Мысыр Ливияның егемендігін аяққа таптайтынын және бүкіл Солтүстік Африканың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін жеткізді. Өз кезегінде Египет президенті әскери күшті қолданудың мақсаты «өз мемлекетінің шекарасын қорғау және іргелес мемлекетте бейбітшілік пен тәртіпті қалпына келтіру» деп табандады. Бұл шешімді ас-Сисидің сендіруінше, БАӘ мен Сауд Арабиясы қолдаған. Бұл елдегі бүлік сыртқы күштер дем берген «түрлі-түсті революциядан» басталды. 2011 жылы Ливияда төңкеріс жасау талабы азаматтық соғысқа ұласты. Оның барысында бүлікшілер 1969 жылдан бері басқарған Муаммар Каддафиді азаптап өлтірді. Содан бері Ливия бейбіт күнге орала алмай келеді. Бүгінде мемлекетте қос билік орнаған: шығыста Тобрук қаласын астана етіп парламент отыр. Ал батыста ресми астана Триполиде  Ұлттық келісім үкіметі билік етуде.  

Державалар «көкпарына» тасталған ел

Ливияда Түркия мен Ресей өз мүддесін қорғайды. Олар бұл аумақта өзара қақтығыспайтынын айтып жүр. «Астана процесі» арқасында қос державаның Сирияда бірлесе қимылдау тәжірибесі бар. Демек, Анкара мен Мәскеуге Ливияда ынтымақтастықтың сириялық алгоритмін кезекті рет сынап көру әлдеқайда тиімді болмақ. Өйткені әр тарапқа төл мүддесі мен серіктестің тілегін қатар ескеруге мүмкіндік берген «Астана процесі» Сирияда жағдайды ушықтыруға емес, бейбіт реттеуге бастағаны сөзсіз. 2020 жылғы 8 қаңтарда Владимир Путин мен Реджеп Тайып Ердоған «Түрік ағыны» аталған газ құбыры магистралін салтанатты түрде ашты. Осыдан кейін екі ел көшбасшысы оңаша қалып, Таяу Шығыстағы оқиғаларды талқыға салған. Нәтижесінде, қорытынды коммюникенің үлкен бөлігі Ливияға арналды. Түркия мен Ресей қақтығыстан қансыраған тағы бір таяушығыстық елдегі жағдайды реттеуге уағдаласыпты. Олар өз мәлімдемесін БҰҰ қарарымен «тұздықтады». Бұл қос мемлекет шешіміне халықаралық ұстын-негіз берді. Дегенмен Ливияның түйткілі Сириядан ерек­шеленеді. Мысалы, түрік-орыс бастамасын қақтығыстың бір тарабы – Триполидегі Сарадж үкіметі қолдады. Ал Ресейге сүйенетін фельдмаршал Хафтар Ливия астанасын қарулы жолмен өз қолына алу ниетінен бас тартпады. Ливиядағы шиеленісті бейбіт реттеуге Батыс та құлшынуда. Ұжымдық Еуропаның көшбасшысы болып есептелетін Германияның канцлері Ангела Меркель ливиялық проблеманы реттеу ісін ілгерілетуде. Сонда империялық өктемдігі жоқ Еуропаның алыс Африкада қандай мүддесі бар? Ресми Берлиннің түсіндіруінше, солтүстікафрикалық осы ел көші-қон тасқындары арқылы Батыстың экономикалық өміріне кері әсер етеді. Ал, әсіресе араб елдерінен мигранттардың ағылуы еуропалықтарда билікке деген наразылықты өршітеді. Ендеше Ливиядағы жағдай Еуропаның саясатына да нұқсан келтіреді. Бірақ Ангела Меркельге біріккен Еуропаны бір байламға иліктіру оңайға түспейді: ортақ ұстаным жоқ. Франция бітімнің емес, бомбаның қуатына сенген Ливия ұлттық армиясының (ЛҰА) қолбасшысы Халиф Хафтарды құптауға бейім. Италия халықаралық деңгейде мойындалған Ұлттық келісім үкіметін (ҰКҮ) және оның жетекшісі Фаиз Сараджды ресми түрде жақтайды. Бұл ретте Париж де, Рим де өзге алпауыттар секілді Ливия жерінің қойны-қонышы толы қазынасына қызығып отыр және осы істе бір-бірімен қатаң бәсекеге түсуде.  

Бір елдегі «қырық құрақ» мүдде

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының ақпарына сәйкес, Ливияда дағдарыс пен азаматтық соғыс басталғалы жыл сайын 14 мыңнан 30 мыңға дейін адам қаза табады, тағы 150 мыңнан астам бейбіт тұрғын елден қашып, жат жерлерге босуға мәжбүр. «Төңкеріс тұзағына» бір түскен Ливияның қақтығыс тозағының азабын тартқанына да көп болды. Ол тауқыметтің әзір таусылар түрі көрінбейді. Ғасырлар бойы Ливияның бай ресурстарына көптеген империя көз сұғын қадаған. Соның кесі­рінен, осы мекенді «жерұйығы» еткен бәдуиндер – жергілікті көшпелі ұлыстар зардап шекті. Бұл тайпалардың бас біріктірмеуі сыртқы күштердің мұнда ойына келгенін істеуіне жол ашты. Бертінде осы қанды «ойынға» Кеңес Одағы қосылды. Ізінше Мәскеу Каддафимен жерасты қазба байлықтарын игеру үшін құны миллиардтаған долларға баратын ірі келісім бекітті. 2011 жылғы революция оны толық жүзеге асыруға кедергі жасады. Ливияның мұнайлы аймақтарын Хафтар басып алып, бақылауға алды. Тиісінше, Ресей КСРО-да оқыған, орысша сөйлейтін Хафтармен ымыраласып, қолдау көрсетуде. Әйткенмен елде бейбіт өмір орнамай, бұрынғы миллиардтық контракт аясында өндіріске тұрақты кірісе алмайды. Қаптаған порттары, Жерорта теңізінде ұзын-сонар жағажайлары бар діндес Ливия Түркияны да ынтықтырады. Анкара ұзақ жылдардан бері Африкамен ынтымақтастықты өрістетіп жатыр. «Қара құрлықтың» біраз еліне визасыз режим енгізді, бірқатар африкалық жобаларға ақша құюда. Түркия да сондағы мұнайға, кеме айлақтарына қол жеткізіп, Жерорта теңізіне саяси ықпалын таратуға іңкәр. «Араб көктемі» деп аталған көтерілістер толқыны кезінде түріктер қолдаған «Мұсылман ағайындар» қозғалысы үлкен кеңістіктегі билікті өз уысында ұстап қала алмады. Олар енді Триполидегі Сарадж үкіметінің айналасында топтасқан. Егер елде бітім орнаса, билік пен саясатқа араласа алады. Басқаны айтпағанда, кезінде бұл аймақ ұлы Осман империясы құрамына кіргені мәлім. Сондықтан Ливияға ену бірқатар түрік күштерін рухтандыратын тақырып. Бұған Сарадждың Анкарадан әскери көмек сұратқанын қосыңыз. Шайқастар жалғасуда. Жақында ҰКҮ әскерлері астанаға жақындап қалған ЛҰА содырларын стратегиялық маңызды бекіністерінен қуып шығып, оңтүстікке қарай шегіндірді. «Бұл жетістік шайқастың біткенін білдірмейді, бірақ бізді ұлы жеңіске жақындата түседі», – деді ел алдында ҰКҮ жетекшісі, премьер-министр Фаиз Сарадж. Ал ЛҰА болса, аса ірі әуе операциясын бастауға қамдану үстінде. Қазақстандықтар «қара құрлықтағы» қақтығыстан қандай сабақ ала алады? Біріншіден, бұл мемлекет үшін ең басты құндылық – бірлік пен бейбітшілік екенін айғақтайды. Екіншіден, қоғамдағы кез келген ірі проблема өзара келісіммен шешілуі керек. Әйтпесе, дауласушы жақтар жауласушы жаққа айналады. Үшіншіден, өлексеге үймелеген қалың маса, қарға-құзғын секілді ұлттық тұтастық кеткен елге сыртқы күштер жабылады. Ал олар тек өз мүддесін ғана тықпалап, ұлттық мүддеңе пысқырмайды.  

Айхан ШӘРІП