«Ұлттық домбыра» күнінде Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында домбыра аспабына арнап орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі болып өтті.
Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев және зиялы қауым өкілдері мен мәслихат депутаттары, қала тұрғындары және өнер мектебінің оқытушылары мен шәкірттері қатысты. Биіктігі 7 метрді құрайтын ескерткіш ұлттық нақыштармен көмкерілген. Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған осынау айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екенін атап өтті.
– Бұл күн – бәріміз үшін қуанышты күн. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой! Домбыра аспап қана емес, қазақтың жаны, философиясы деуге болады. Домбыраның үнінен-ақ көп жайтты түсінеміз. Бұл құндылық қала тұрғындарына, жас ұрпаққа серпін береді деп ойлаймын. Ескерткішті орнатуға қолдау көрсеткен қала мәслихатының депутаттарына, жомарт жандарға алғысымды айтамын. Баршаңызды атаулы күнмен құттықтаймын, – деді қала әкімі.
Одан соң сөз алған айтыскер ақын Біржан Байтуов атаулы күнге арнап жазған арнауын оқып берді. Ол домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес екенін, бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірлік екенін атап өтті. «Рухымызды асқақтататын мерекеден көп нәрсе күтеміз», – деді ол.
Мерекелік жиын ән-күйге ұласты.
Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы