Кәсіп түбі – нәсіп
Кәсіп түбі – нәсіп
411
оқылды

Бизнесті қолдауға бағыт­талған бағдарламалар кемші­лік­сіз десек, артық айтқан бо­лар едік. Әлі де болса, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін тұс­тары бар. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы берілетін несиені қайта­ру мерзімін ұзартса деген ұсыныс айтылып жүр. Бұл ретте, несие берілген жобаның әлеуметтік яки коммерциялық мақсатты көздейтініне назар аударылса дейді ұсыныс айту­шы­лар. Осындай ұсыныс-тілектер «Бизнестің жол карта­сы – 2025» бағдарламасын жасау­да ескерілсе құба-құп. Себебі, кез келген жоба жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз жұрттың нәпақасын айыруға септігін тигізеді. Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жала­қы­мен қамту ел дамуының төртінші бағыты болатынын атап өткен-ді.

«Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – бұл стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алды­мен, келешегі зор мақсат­тарға және жаңа жұмыс орын­дарын ашуға бөлу қажет» деген еді Президент.

Егер кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін қаржының (грант, несие болсын) ел қазы­насынан бөлінетінін ескерсек, онда бизнес-жобалардың оң нәтиже бергені қажет-ақ. Бұл ретте, бүгінгі таңда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін айтуымыз керек. Аталған бағдарламаның II ба­ғыты жаппай кәсіпкерлікті дамы­туды көздейді.

– «Еңбек» бағдарлама­сының екінші бағыты аясында «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыта­мыз. Сабақ кезінде бизнес жобаларын жазады, қорғайды. Сосын сертификат береміз. Сол сертификат бойынша қаржы ұйымдарынан жобасына ақша алады. Ол кредит немесе грант болуы мүмкін. Алматы облысы Балқаш ауданында былтыр жұмыссыз тұрғындар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен нәтижесіз қамтыған азаматтар және бастауыш кәсіпкерлер, жалпы саны 100 адам «Бастау» жобасына   қаты­сып, сертификат алды. 59 адам жеке кәсібін заңды түрде тір­кеп, кәсіпкер атанды. Бұл – республика бойынша жоғары көр­сеткіш. 87 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, 35 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» мемлекеттік бағдарлама аясын­да жеңілдетілген несие алды, 8 адам «Балқаш-Несие» несие серіктестігінен кредитке қол жеткізді. 16 адам «Еңбек» бағ­дар­­ламасының 100 АЕК мөл­ше­ріндегі грантын жеңіп ал­ды, – дейді Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы Балқаш ауданы және Қапшағай қала­сы бойынша «Бастау» жоба­сы­ның бизнес-тренері Мейірман Сауранбеков.

Оның айтуынша, қаржы­лан­дырылған жобалардың жал­пы құны (59 жобаның) 138,4 млн теңгені құрады. Биыл «Бас­тау» жобасы бойынша 60 адам­ды оқыту жоспарланған.

– Балқаш ауданы Алматы қаласы мен облыс орталығы – Тал­дықорғаннан алшақ орна­лас­қан. Бизнес-идея көп. Біз оны «Бастау» жобасында қаты­су­шылармен бірге марке­тинг­тік зерттеулер жүргізіп, нарық­ты талдағанда анықтадық. Мә­с­е­­лен, жылыжай кешені, меди­ци­налық қызметтер (УЗИ каби­­нет, стоматология, зерт­хана), жартылай фабрикаттар цехы, сүт-ет өнімдерін өң­деу, құс шаруашылығы және бас­­қа да кәсіпте р қажет-ақ. Аталған идеялар бойынша жұмыс жүргі­зіліп жатыр, – дейді М.Сауран­беков.

 Балқаш ауданы бойынша «Бастау» жобасының табысты түлектерінің бірі – Жанат Сыр­баева «Ауыл шаруашы­лы­ғын қаржылай қолдау» қорынан 4 млн теңге кредит алып, омарта шаруашылығымен айналысып жатыр. Бір адамды жұмыспен қамтыды. Бұл кәсіппен айна­лыс­қанына 25 жыл болған. 4 млн теңге кредитке автокөлік тіркемесі мен 40 бал ара ұясы, басқа да қажетті құралдар сатып алды. Өнімдерін аудан мен Алма­ты қаласында сұраныс жоғары.

«Бастау» жобасының тағы бір түлегі Әсел Нұрлыбекова «Еңбек» бағдарламасының 100 айлық есептік көрсеткіш мөл­ше­ріндегі грантын жеңіп алған. «Аудан орталығында аспаздық пен кондитерлік цех аштым. 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Аудандағы барлық той-қуаныш иелерін тәтті торт­пен қамтамасыз етіп жатыр­мыз», – дейді Ә.Нұрлыбекова.

 

Айдана БЕГІМ