Бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалар кемшіліксіз десек, артық айтқан болар едік. Әлі де болса, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін тұстары бар. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы берілетін несиені қайтару мерзімін ұзартса деген ұсыныс айтылып жүр. Бұл ретте, несие берілген жобаның әлеуметтік яки коммерциялық мақсатты көздейтініне назар аударылса дейді ұсыныс айтушылар. Осындай ұсыныс-тілектер «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жасауда ескерілсе құба-құп. Себебі, кез келген жоба жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз жұрттың нәпақасын айыруға септігін тигізеді. Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту ел дамуының төртінші бағыты болатынын атап өткен-ді.
«Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – бұл стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен, келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет» деген еді Президент.
Егер кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін қаржының (грант, несие болсын) ел қазынасынан бөлінетінін ескерсек, онда бизнес-жобалардың оң нәтиже бергені қажет-ақ. Бұл ретте, бүгінгі таңда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін айтуымыз керек. Аталған бағдарламаның II бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.
– «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытамыз. Сабақ кезінде бизнес жобаларын жазады, қорғайды. Сосын сертификат береміз. Сол сертификат бойынша қаржы ұйымдарынан жобасына ақша алады. Ол кредит немесе грант болуы мүмкін. Алматы облысы Балқаш ауданында былтыр жұмыссыз тұрғындар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен нәтижесіз қамтыған азаматтар және бастауыш кәсіпкерлер, жалпы саны 100 адам «Бастау» жобасына қатысып, сертификат алды. 59 адам жеке кәсібін заңды түрде тіркеп, кәсіпкер атанды. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш. 87 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, 35 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алды, 8 адам «Балқаш-Несие» несие серіктестігінен кредитке қол жеткізді. 16 адам «Еңбек» бағдарламасының 100 АЕК мөлшеріндегі грантын жеңіп алды, – дейді Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы Балқаш ауданы және Қапшағай қаласы бойынша «Бастау» жобасының бизнес-тренері Мейірман Сауранбеков.
Оның айтуынша, қаржыландырылған жобалардың жалпы құны (59 жобаның) 138,4 млн теңгені құрады. Биыл «Бастау» жобасы бойынша 60 адамды оқыту жоспарланған.
– Балқаш ауданы Алматы қаласы мен облыс орталығы – Талдықорғаннан алшақ орналасқан. Бизнес-идея көп. Біз оны «Бастау» жобасында қатысушылармен бірге маркетингтік зерттеулер жүргізіп, нарықты талдағанда анықтадық. Мәселен, жылыжай кешені, медициналық қызметтер (УЗИ кабинет, стоматология, зертхана), жартылай фабрикаттар цехы, сүт-ет өнімдерін өңдеу, құс шаруашылығы және басқа да кәсіпте р қажет-ақ. Аталған идеялар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді М.Сауранбеков.
Балқаш ауданы бойынша «Бастау» жобасының табысты түлектерінің бірі – Жанат Сырбаева «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 4 млн теңге кредит алып, омарта шаруашылығымен айналысып жатыр. Бір адамды жұмыспен қамтыды. Бұл кәсіппен айналысқанына 25 жыл болған. 4 млн теңге кредитке автокөлік тіркемесі мен 40 бал ара ұясы, басқа да қажетті құралдар сатып алды. Өнімдерін аудан мен Алматы қаласында сұраныс жоғары.
«Бастау» жобасының тағы бір түлегі Әсел Нұрлыбекова «Еңбек» бағдарламасының 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі грантын жеңіп алған. «Аудан орталығында аспаздық пен кондитерлік цех аштым. 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Аудандағы барлық той-қуаныш иелерін тәтті тортпен қамтамасыз етіп жатырмыз», – дейді Ә.Нұрлыбекова.
Айдана БЕГІМ