Азғырлықтар көгілдір отынмен қамтылды

Азғырлықтар көгілдір отынмен қамтылды

Азғыр өңірінде қарасты Асан ауылында көгілдір отынның ке­луіне орай салтанатты шара өтті. Оған арнайы қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Айбек Қырамбаев салтанатты түрде алауды жағып, өңір тұр­ғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.

– Бүгінгі күн – Азғыр өңі­рінің көптен күткен мерейлі кү­ні. Тұңғыш Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың шекара ма­ңындағы аудандарды дамыту және сол елдегі халық­тың тұр­мы­сын жақсарту тап­сырмасы бойынша жоба жүзеге асуда. Сол кездегі облыс әкімі болған Бақ­тықожа Ізмұ­хам­бетовтің баста­масымен, қазіргі таңда өңір бас­шысы Нұрлан Ноғаев бұл жұмыстардың ары қарай жүзеге асуын қолға алып, бүгінде Азғыр өңірі газбен қамтылып отыр. Көгілдір отын осы өңірдегі ха­лық­тың тұрмыс-тіршілігіне, ша­ғын және орта бизнестің ­да­муына септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Айбек Қырамбаев.

Азғыр өңіріне газ құбырын тарту жұмыстары 2017 жылы бастау алып, қазіргі таңда то­лықтай аяқталды. Жоба НКОК компаниясының демеушілігімен іске асырылды.

– Бұл ауқымды жоба. Азғыр өңіріне тартылған газ құбыры­ның ұзындығы – 365 шақырым, сондай-ақ ауылішілік құбыр­лар – 68 шақырым. Ауданның үш округіне қарасты он елдіме­­кенге газ құбырлары тар­тыл­ды. Ары қарай әр тұрғын өз үйі­не тарту үшін құжаттарын рет­теп, қон­ды­ратын болады. Аз­ғыр өңі­ріне кө­гілдір отын тар­тыл­ғасын, об­лыс бойынша газ­бен қамту көр­сеткіші 98,2 па­йызға жетті, – дейді Атырау облысы Энергетика және тұр­ғын үй ком­муналды шаруа­шы­лық басқар­ма­сының басшысы Мұрат Иғалиев.

Айтарлығы көгілдір отынды ауылға жеткізуші мердігер ме­кеме ауылдағы жиырмаға жуық аз қамтылған және көпбалалы, бірінші топ мүгедектерінің үйіне газ құбырын тегін тартып беріп, қуаныш сыйлады.

Бұл күні жылдар бойы отын жарып, күл шығарып келген ауыл тұрғындарының қуаны­шында шек болмады. Көгілдір отынның келуі әр шаңырақтың ажары кіріп, жылдың төрт мез­гілінде қаладағыдай өмір сүру, уақыт үнемдеуге қол жеткізуден бөлек, шекараға жақын маңдағы ауылдардағы тұрғындардың тұрақты мекен етуіне кепіл болуымен маңызды болмақ.

 

Атырау облысы