Елорда күні Талдықорғандағы ел-жұрт үшін үлкен жаңалық болды. Соның бірі және ең бастысы ретінде облыс орталығындағы жаңа тұрғынжай алабында пайдалануға берілген үш бірдей 16 қабатты, 230 пәтерлі үйді айтуға болады. Бұл үйлердің басқалардан ерекшелігі – алғашқы медициналық көмек көрсету орталығының да осында орналасқаны. Құрылыс «Нұрлы жер» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында жүргізіліп, бірінші кезекте Тұрғын үй жинақ банкінде салымдары бар азаматтар баспана алды.
– Ел болып тойлайтын мереке кезінде талдықорғандықтарға тамаша тарту жасалды. «Нұрлы жер» бағдарламасының шапағаты тиген 230 отбасы пәтерлі болды. Биыл облыс бойынша 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Басты назарды көпбалалы отбасылардың баспаналы болуына аудармақпыз. Жыл соңына дейін 100 коттедж бен 125 пәтерлі тағы екі көпқабатты үй қолданысқа тапсырылады. Өңірдегі кәсіпкерлер де қарап қалмай, көпбалалы отбасыларға 116 баспана тарту етті. Жүздеген отбасының үйлі болуына жол ашатын «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасын орындауға кірістік. Бұлардың барлығы Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен және қадағалауымен жүзеге асырылады. Қоныстой құтты болсын! – деген Алматы облысының әкімі пәтерлі болғандардың кілттерін тапсырып, үйлі болғандар қатарында түрлі саланың мамандары мен жастардың көптігіне орай қуанышын білдірді.
Үйлі болғандар атынан сөз алған Әлиям Молотова тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге жан-жақты қолдау көрсетіп отырған мемлекетке алғысын айтты. Елге белгілі актер, құрметті ақсақал Әлімғазы Райымбеков пәтер иелеріне ақ батасын берді. Екі отбасыға кіріп, той дастарқанынан дәм татқан облыс басшысы оларға өзінің сый-сияпатын жасады.
Он алты қабатты тұрғын үйлердің құрылысы 2017 жылы күзде басталған. «Астана-Құрылыс» компаниясы белгіленген мерзімде бар жұмысты атқарды. Тұрғынжай ғимаратының жалпы алаңы – 22 мың шаршы метр.
Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында да бір күнде 100 отбасы баспаналы болды. Бірі 40 пәтерден, екіншісі 60 пәтерден тұратын екі бірдей жалдық үй қолданысқа тапсырылды. Қатарында бюджеттік қызметкерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жетім балалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және толық емес жанұялар бар баспана кезегінде тұрғандар көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Үштөбеліктерді үлкен қуанышымен құттықтауға облыс басшысы да уақыт тапты.
– Жаңа ғана талдықорғандықтардың қоныстойына қатысқан едім, сіздерді де осындай тамаша күнмен құттықтауға арнайы келдім. Аудан орталығында бірден 100 отбасының пәтерлі болуы сирек кездесетін жаңалық. Өздеріңіз көріп отырғандай, бірінші кезекте қоғамның әлжуаз топтарындағылардың жағдайына көңіл бөлдік, – деген Амандық Ғаббасұлы жыл соңына дейін облыста тағы жүздеген отбасының баспана мәселесі шешілетіндігін де айтты.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы