Табиғи өсім төмендемесін

Табиғи өсім төмендемесін

Ел тәуелсіздігі 1991 жылы жарияланды. Егер ел халқының демографиялық жағ­да­йын­да үлкен өзгерістер болса, оның барлығы өткен 28 жылдың еншісінде. Қолда бар деректерге талдау жасайтын болсақ, 1991-2018 жылдар аралығында республика хал­қының жалпы саны бар болғаны 1799,1 мың адамға өскен немесе 111,0 пайызға арт­қан. Мұнда халық санының өсуі туғандар мен өлім-жітім көрсеткіштері арасындағы айырмашылықтың біртіндеп өсуіне, яғни табиғи өсімнің жылдан-жылға артқандығы бай­қалады. Мысалы, көрсетілген уақыт аралығында республика бойынша 8418,2 мың сәби дүниеге келсе, оның 5816,6 мыңы, яғни 69,1 пайызы қазақтан туған. 4000,6 мың адам қайтыс болған, оның 1533,4 мыңы немесе 38,8 пайызы қазақтардың үлесіне тиесілі.

Яғни республика халқының жал­пы өсімі тек қана қазақтардың таби­ғи өсіміне тікелей байланысты. Егер республика көлемінде 2017 жыл­ды демографияның ең төменгі шегі­не жеткен 2000 жылмен салыс­ты­ра­тын болсақ, онда 2000 жылы орта есеппен күніне 608 баладан туып, 410 адамнан қайтыс болып отырса, 2017 жылы туғандардың орташа күндік көрсет­кі­ші 1069 балаға жеткен. Ал қайтыс болғандардың күндік мөлшері 353 адамға дейін төмендеген. Бірақ рес­пуб­лика көлемінде өлім-жітім көр­сет­кіші әлі де болса жоғары. Демек, көр­сетілген 28 жыл ішінде орта есеп­пен жылына 148,2 мың адам қай­тыс болып отырған. Тек 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш аз да болса, 129 мың адамға дейін төмендеді.

Өлім-жітімнің негізгі себептеріне тоқ­тала кетсек, әр жылы орта есеп­пен ел тұрғындарының 46-52 пайызы – қан айналым жүйесінен, 12-14 пайы­зы – жазатайым оқиғалардан, улану­дан және жарақаттанудан, 11-13 пайызы – қатерлі ісіктен қайтыс болады. Көрсетілген жылдар ішінде халық санының өзгеруіне көші-қон көр­сеткіштері де үлкен әсерін тигізді. Бірақ көп жылдар аралығында жа­ғым­сыз кері (минус) көрсеткіші көр­сетілуде және оған егемендігімізді алғаннан кейінгі 1991-2000 жылдар аралығы жатады. Осы жылдар ішінде көші-қон қалдығының ең көп болға­ны 1994 жыл болып саналады және оның саны минус 406,7 мың адамға жеткен. Егер Қазақстаннан кеткен халықты ұлты бойынша жеке қарас­ты­­ратын болсақ, онда оның басым бөлігін орыстар мен соған жақын орыстілді ұлттардан тұрады. Оған мы­сал ретінде статистикалық дерек­терге сүйенетін болсақ, онда ұлты бойынша сыртқы көші-қонның 71,7 пайызы орыстардың, 7,6 пайызы украиндардың, 5,5 пайызы неміс­тер­дің үлесіне келген. Содан кейінгі жыл­дары минустық көрсеткіш біртіндеп азая бастады да, 2004 жыл­дан бастап жағымды жағына ауысты және 2012 жылға дейін өзгермеді. Осы 8 жыл ішінде (2004-2011) кет­кен­­дерден келгендердің саны 98,7 мың адамға артық болды. Жалпы алғанда 1991-2018 жылдар ара­лы­ғын­да республикамызға келгендер­дің саны 10876,6 мың адам болса, елі­мізден кеткендердің саны 12957,2 мың адамға жетті және көші-қон қал­дығы минус 2080,6 мың адам неме­се орта есеппен жылына 77,1 мың адамға азайып отырған. Оның себебі – мемлекетіміз тәуелсіздік ал­ған­нан кейін басқа ұлт өкілдері өзде­рінің тарихи отанына оралу мүм­кін­дігін кеңінен пайдалануында. 2012 жылдан бастап республика бойын­ша көші-қон айырымы қай­та­дан минусқа ауысты және жыл­дан-жылға біртіндеп өсуде. Демек, 2012-2018 жылдар аралы­ғын­да көші-қон айырымының барлық саны минус 70,7 мың адамға жетті. Соның ішінде көбі славян ұлттары мен немістер көп орналасқан Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыс­тары. Осының салдарынан республи­ка халқының жалпы саны мен ұлттық құра­мында көптеген өзгеріс бол­ды және басқа ұлттардың үлесі азай­ды, ал қазақтардың үлесі керісінше көбейді.

Осыған орай республика хал­қы­ның жалпы өсімі тек қана жергілікті түркітілдес ұлттардың және соның ішінде қазақтардың табиғи өсіміне тікелей байланысты болуда. Халық­тың саны қалалық және ауыл­дық бо­лып бөлінетіні баршамызға мәлім. Рес­публикамыздың әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайларына байла­нысты халықтың қалалық және ауыл­дық елдімекенді жерлерге орна­ла­­суында да үлкен өзгерістер бай­қа­луда. 2018 жылдың 1 қаңтардағы деректері бойынша республикадағы 87 қалада, оның ішінде 3 республи­калық, 38 облыстық, 47 аудандық маңыздағы қалалар мен 30 қалатектес кенттерде 10423,6 мың адам немесе бар­лық халықтың 57,4 пайызы қала­лық жерлерге, ал 7733,8 мың адам немесе 42,6 пайызы ауылдық 6668 елді­мекенде орналасқан. 1991-2018 жыл­дар аралығында қала халқы 1056,6 мың адамға көбейген немесе өсім қарқыны 11,3 пайызға артқан, ал ауыл халқы бар болғаны 342,5 мың адамға өскен немесе өсім қарқыны 4,9 пайызды құрайды. Қала тұрғын­дары­ның өсуі, оның табиғи өсімімен қатар ауылдық жерлердегі көптеген жас­тардың жұмыссыздық салдары­нан, яғни жұмыс орнының жетіспеу­ші­лігіне байланысты қалаға қоныс аударуынан туындаған жағдай деп түсінуіміз тиіс немесе оны урбаниза­ция деп те атайды. Халықтың жыны­сы мен жастық құрылымы туралы көрсеткіштер халық санының негізгі сипаттамасы болып саналады.

Дүниежүзі бойынша жаңадан туған балалардың ішінде қыздарға қарағанда, ұл балалар санының көп болатындығы, яғни 100 қыз балаға 105-106 ұл баланың өмірге келетіндігі барлығымызға мәлім. Ал біздің рес­пуб­ликамыз бойынша бұл көрсеткіш 2017 және 2018 жылдары 107 ұлдан кел­гендігі. Демек, жыл сайынғы туыл­­ған балалардың 51,7 пайызы ұл­дар­дың, 48,3 пайызы қыздардың үлесіне келді. Бірақ түрлі себептерге бай­ланысты 30 жастан кейін еркек­тер­дің артық саны біртіндеп жойы­лып, әйелдердің саны жағынан ба­сым­­дылығы көріне бастайды. Ха­лық­тың жастық құрылымы жынысы мен тығыз байланыста бола тұрып, рес­публика халқының өсіп-өнуін, сан­дық және сапалық жағынан мо­лая түсуін қамтамасыз ететін негіз­гі табиғи себеп саналады.

Халық санын көбейтудiң негізгі жолы осы – табиғи өсiм. Ал ол үшiн ана­ларға жасалатын көмек, меди­ци­на­лық жәрдем және әлеуметтiк жәр­дема­қылар өсуi керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдан-жылға жанданып келеді. Биылдан бастап көпбалалы отбасыларға бөлінетін жәрдема­қы­ның көбеюі көңілге қуаныш сыйла­ды. Мамандар еліміздегі табиғи өсімнің оң бағытқа ие екенін тілге тиек етеді. «2017 жылғы деректер бойынша туудың жиынтық коэффи­циен­ті 2,73 болды. Демография ғы­лы­­мында replacement level 2,1-ден төмен болса, халықтың өсімі бол­май­ды деп есептеледі. Яғни, әр әйел­де кемінде екі бала болуы керек екен. Бірақ біз әу бастан көпбалалы анасы көп ұлтпыз. Сондықтан біздің балаға көзқарасымызбен бұдан да көбейіп, өсіп-өркендеуімізге үлкен мүмкін­дік­тер бар. Әр қоғам халқы­ның өзі­нің өсу, өнудегі ерекше даму заң­ды­лық­тары болады. Сондықтан демо­графия ғылымының дамуы үшін арнайы ғылыми институт қа­жет. Бұл институт біздің жоспа­ры­мыз­дағы межеге ертерек жеткізуге апарады.

 

Ерлан БОШАЙ,

әлеуметтану ғылымдарының докторы