Қар барысын қалай қорғаймыз?
Қар барысын қалай қорғаймыз?
1,442
оқылды

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиясында: «2030 жылға қарай Қазақстан Ортаазиялық Барысқа айна­лып, басқа дамып жатқан мемлекеттерге үлгі болаты­ны­на сенімдімін», – дей келе, қар барысы Қазақстан­ның символы­на айналу керегін айтқан еді. Бүгінде қызыл кітапқа енген таби­ғат қазынасының жер бетінен күрт азаюы әлем ғалымда­рын алаңдата бастады.

Қар барысы немесе ілбіс (Panthera unica) Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енген.  Әлемнің 12 елінде мекен­дей­­ді. Олар: Қазақстан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ау­ған­стан, Пәкістан, Үндістан, Непал, Бутан, Қытай, Моңғолия мен Ресей. 

Мамандарға қар барысының нақты санын айту оңайға соқпай тұр. Өйткені оны анықтау үшін арнайы фототұзақтар құрылып, әрбір жануар бақылауға алынуы тиіс. Ғалымдардың болжамы бо­йын­ша, қазір әлемде небәрі төрт мың­нан астам қар барысы қалған. Оның азаюын мамандар аң аулаумен, таудағы орманды ал­қап­тардың кемуімен, сондай-ақ жан­уар қорегінің азаюымен байла­ныс­тырып отыр. 

Қар барысы 1978 жылдан бері елімізде сирек кездесетін әрі жоғалып кету қаупі бар жануарлар санатына енген. Бүгінде арнайы заңмен қорғалады. 2013 жылы Қазақстан «Қар барысы және оның экожүйелерін сақтаудың жаһандық бағдарламасына» қосылды. 20-шы жүзжылдықтың соңында қар бары­сы­ның қазақстандық популяция­сы­­ның саны шамамен 180-200 бас­­қа бағаланған. Зоология инсти­ту­тының есебі бойынша, 2014 жы­лы Қазақстанда барлығы 110-130 ілбіс тіршілік еткен. Табиғаты жұм­бақ жануар Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында мекен етеді.

Жалпы, ілбіс дүниежүзі бойын­ша жойылып кету қаупі бар жануар­дың қатарында тұр. Осыған орай Елордада қар барысы популяция­сын сақтау мәселелеріне арналған жаһан­дық конференция өтті. Жиын­ға ілбіс мекен ететін 12 елдің өкілі қатысып, ғылыми ақпараттар мен статистикалық деректерді ортаға салды.

Форумды халықаралық Snow Leopard Foundation қар барысын сақ­тау қоры ұйымдастырды. Қор­дың негізін қалаушы әрі құрыл­тай­шысы қазақстандық меценат, кә­сіп­кер және қоғам қайраткері Нұрәлі Әлиев жиында қар барысын қорғауға байланысты нақты шара­лар қолға алынатынын жеткізді. 

–Біз Қазақстанның елор­да­сын­да ірі әлемдік қорлар мен халықа­ралық ұйым өкілдерін, сондай-ақ қар барысын қорғаумен айналыса­тын және территориясында барыс мекендейтін 12 елдің ең беделді ға­лымдарын жинай алдық. Біз тәуел­­сіз Қазақстанның символы деп есептелетін осы жануарды сақ­тау үшін нақты қадамдар жасауды жос­парлап отырмыз. Атап айтқан­да, БҰҰ Даму бағдар­ла­ма­сының сарапшыларымен елімізде қар бары­сы бойынша барлық ғылыми және статистикалық деректерді біріктіруге арналған бірыңғай әлем­дік ақпараттық орталық құру жоба­сын талқылаудамыз. Нұр-Сұл­тан­да бастау алуға дайын тағы бір нақты жоба бар.  Ол – ілбістің бірың­ғай халықаралық гендік зерт­ханасын құру, – деді  Нұрәлі Әлиев.

Айта кететін жайт, қар барысы мекендейтін 12 ел маңызды мәсе­ле­ні талқылау мақсатында алғаш рет  бас қосып отыр. Шараға қатыс­қан  Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрі де бұл мәсе­леге алаңдаулы. 

–Қар барысы Қазақстанның қы­зыл кітабына, Халықаралық таби­ғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енген және еліміздің мемле­­кеттік символдарының бірі. Біздегі мәлімет бойынша, елімізде 11 табиғи қорғалатын аумақта 120-150 қар барысы мекендейді. Жоба­ның мақсаты – жоғалған түрді қал­­­пына келтіру, санын арттыру, – дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Жануарды сақтап қалу үшін оның азаю себебімен күресу қажет. Соның бірі – оны аулауға тыйым салу.  «Бұған дейін қар барысын қор­ғау үшін 12 мемлекет жеке-жеке әрекет етіп келді. Оның нәтижесі шама­лы екенін уақыт көрсетіп отыр. Бүгінгі конференцияның мақ­саты – күш біріктіріп, ілбіс популяциясын сақтауда бірлесіп әрекет ету. Бұл жерде трансше­ка­ра­лық шаралардың маңызы зор. Фото­тұзақты көпшілік аң санын білу үшін ғана құрылады деп ой­ла­уы мүмкін. Қазір фототұзақтар бра­коньер­лерге де үлкен тосқауыл болып тұр», – дейді WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц. Snow Leopard Foundation халықаралық қоры­ның басшысы Ержан Еркін­баев зообақтардан қар барысын алып тастау мәселесін көтерді. Өйткені ондағы жануарлардың көбісі түрлі себеппен көз жұмады екен. «Негізі елі­міз бойынша ілбіс жануары бұ­дан да көп болуы керек. Сондық­тан ел аумағындағы қар барысының әрқайсысына төлқұжат жасап, ат қойсақ деген ойымыз бар. Ал фото­тұзақтар мен генетикалық зерт­теулер арқылы жүргізілетін мони­торинг нәтижелерін халықара­лық ақпарат орталығына жинақтауды жоспарлап отырмыз», – дейді Ер­жан Еркінбаев. GSLEP қар бары­сын сақтау жөніндегі жаһандық бағ­дарламаның халықаралық үйлес­тірушісі Костуб Шарма қар барысын Орталық және Оңтүстік Азия биік тауларының елшісі деп есеп­тейді. Мәртебелі мейман 12 ел­дің өкілдері жиналған шара  өзек­ті мәселені талқылап, тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін қуанышпен жеткізді. «Қар барысы 12 елде мекендей отырып, халықа­ралық шекаралармен төл­құжат­сыз және визасыз қозғалады. Қар барыстары мен тау экожүйе­ле­рін сақтау Азия биік таулары халық­та­рының экономикалық, мәдени және экологиялық салауаттылы­ғы­ның ажырамас бөлігі. Snow Leopard Foundation қоры Қазақстан Үкі­ме­ті­мен және қар барысын және оның экожүйелерін сақтау жөніндегі жаһандық бағдарламамен (Global Snow Leopard and Ecosystem Protection Program) әріптестік аясында  ұйымдастырылған осы жиында біз әлемдегі қар барыстарының по­пуля­­циясын бағалау жүйесін (PAWS) енгізу бойынша жалпы опе­­ративтік нұсқаулығын тал­қы­лай­мыз. Қар барысы ареалы елде­рі­нің өкілдері үшін интерактивті платформаның болуын қамтамасыз еттік және одан ары бірлескен күш-жігермен жасалған жұмыс нәтиже­ле­рін таныстырамыз. Транс­ше­ка­ра­лық ынтымақтастықтың тәжіри­бе­сі туралы айтып, қар барысының ландшафттарын сақтау бойынша ұзақмерзімді ынтымақтастықтың жолдары мен әдістерін талқыладық. Бұл ілбіс мекендейтін барлық елдің өкілі үшін техникалық мәселелер мен ғылыми зерттеулерді талқылау, тәжірибе мен білім алмасу үшін бас бірік­тіретін тамаша мүмкіндік болды», – дейді ол.

Қар барысын көбейткіміз кел­се, таутекені көбейтуіміз қажет. Өйт­кені қар барысы сол жануарды қорек етеді. Ал, қоректі заты кемісе, жан­уарды сақтап қалу қиын. 

–Батыс Тянь-Шань, Ақсу Жаба­ғылыда суырлар бар. Қар бары­сы суырларды да азық етеді. Қазір малшылар суырларды көп аулайтын болған. Соған тосқауыл керек. Ол үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, баламалы қызмет түрін ұсынуымыз қажет. Қазір спутник қондырғылар алып жатыр­мыз. Олар жануардың мой­нын­да жүреді. Сол арқылы жануар­дың қай ареалда жүргенін біліп оты­­рамыз. Ал фототұзақ арқылы олар­дың немен қоректеніп жүр­ге­нін анықтаймыз. Осы арқылы олар­дың нақты санын біле отырып, аң аулаушыларға тосқауыл бола аламыз. Шекара қызметкерлерімен де байланыс орнатып, оқытып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының биологиялық алуан түрлілік саласы бойынша ұлттық менеджер Талғат Кертешов. 

Алматыдағы генетика инсти­туты­ның жанынан арнайы зертхана құрылмақ. Қазір оған қажетті құрал-жабдықтар алу мәселесі қара­лып жатыр. Осы арқылы қар барысы басынан аяғына дейін зерттелетін болады. Қар барысын сақтап қалу үшін мамандар осы іске білек сыбана кірісуге дайын.