Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиясында: «2030 жылға қарай Қазақстан Ортаазиялық Барысқа айналып, басқа дамып жатқан мемлекеттерге үлгі болатынына сенімдімін», – дей келе, қар барысы Қазақстанның символына айналу керегін айтқан еді. Бүгінде қызыл кітапқа енген табиғат қазынасының жер бетінен күрт азаюы әлем ғалымдарын алаңдата бастады.
Қар барысы немесе ілбіс (Panthera unica) Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енген. Әлемнің 12 елінде мекендейді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Непал, Бутан, Қытай, Моңғолия мен Ресей.
Мамандарға қар барысының нақты санын айту оңайға соқпай тұр. Өйткені оны анықтау үшін арнайы фототұзақтар құрылып, әрбір жануар бақылауға алынуы тиіс. Ғалымдардың болжамы бойынша, қазір әлемде небәрі төрт мыңнан астам қар барысы қалған. Оның азаюын мамандар аң аулаумен, таудағы орманды алқаптардың кемуімен, сондай-ақ жануар қорегінің азаюымен байланыстырып отыр.
Қар барысы 1978 жылдан бері елімізде сирек кездесетін әрі жоғалып кету қаупі бар жануарлар санатына енген. Бүгінде арнайы заңмен қорғалады. 2013 жылы Қазақстан «Қар барысы және оның экожүйелерін сақтаудың жаһандық бағдарламасына» қосылды. 20-шы жүзжылдықтың соңында қар барысының қазақстандық популяциясының саны шамамен 180-200 басқа бағаланған. Зоология институтының есебі бойынша, 2014 жылы Қазақстанда барлығы 110-130 ілбіс тіршілік еткен. Табиғаты жұмбақ жануар Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында мекен етеді.
Жалпы, ілбіс дүниежүзі бойынша жойылып кету қаупі бар жануардың қатарында тұр. Осыған орай Елордада қар барысы популяциясын сақтау мәселелеріне арналған жаһандық конференция өтті. Жиынға ілбіс мекен ететін 12 елдің өкілі қатысып, ғылыми ақпараттар мен статистикалық деректерді ортаға салды.
Форумды халықаралық Snow Leopard Foundation қар барысын сақтау қоры ұйымдастырды. Қордың негізін қалаушы әрі құрылтайшысы қазақстандық меценат, кәсіпкер және қоғам қайраткері Нұрәлі Әлиев жиында қар барысын қорғауға байланысты нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді.
–Біз Қазақстанның елордасында ірі әлемдік қорлар мен халықаралық ұйым өкілдерін, сондай-ақ қар барысын қорғаумен айналысатын және территориясында барыс мекендейтін 12 елдің ең беделді ғалымдарын жинай алдық. Біз тәуелсіз Қазақстанның символы деп есептелетін осы жануарды сақтау үшін нақты қадамдар жасауды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшыларымен елімізде қар барысы бойынша барлық ғылыми және статистикалық деректерді біріктіруге арналған бірыңғай әлемдік ақпараттық орталық құру жобасын талқылаудамыз. Нұр-Сұлтанда бастау алуға дайын тағы бір нақты жоба бар. Ол – ілбістің бірыңғай халықаралық гендік зертханасын құру, – деді Нұрәлі Әлиев.
Айта кететін жайт, қар барысы мекендейтін 12 ел маңызды мәселені талқылау мақсатында алғаш рет бас қосып отыр. Шараға қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі де бұл мәселеге алаңдаулы.
–Қар барысы Қазақстанның қызыл кітабына, Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енген және еліміздің мемлекеттік символдарының бірі. Біздегі мәлімет бойынша, елімізде 11 табиғи қорғалатын аумақта 120-150 қар барысы мекендейді. Жобаның мақсаты – жоғалған түрді қалпына келтіру, санын арттыру, – дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Жануарды сақтап қалу үшін оның азаю себебімен күресу қажет. Соның бірі – оны аулауға тыйым салу. «Бұған дейін қар барысын қорғау үшін 12 мемлекет жеке-жеке әрекет етіп келді. Оның нәтижесі шамалы екенін уақыт көрсетіп отыр. Бүгінгі конференцияның мақсаты – күш біріктіріп, ілбіс популяциясын сақтауда бірлесіп әрекет ету. Бұл жерде трансшекаралық шаралардың маңызы зор. Фототұзақты көпшілік аң санын білу үшін ғана құрылады деп ойлауы мүмкін. Қазір фототұзақтар браконьерлерге де үлкен тосқауыл болып тұр», – дейді WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц. Snow Leopard Foundation халықаралық қорының басшысы Ержан Еркінбаев зообақтардан қар барысын алып тастау мәселесін көтерді. Өйткені ондағы жануарлардың көбісі түрлі себеппен көз жұмады екен. «Негізі еліміз бойынша ілбіс жануары бұдан да көп болуы керек. Сондықтан ел аумағындағы қар барысының әрқайсысына төлқұжат жасап, ат қойсақ деген ойымыз бар. Ал фототұзақтар мен генетикалық зерттеулер арқылы жүргізілетін мониторинг нәтижелерін халықаралық ақпарат орталығына жинақтауды жоспарлап отырмыз», – дейді Ержан Еркінбаев. GSLEP қар барысын сақтау жөніндегі жаһандық бағдарламаның халықаралық үйлестірушісі Костуб Шарма қар барысын Орталық және Оңтүстік Азия биік тауларының елшісі деп есептейді. Мәртебелі мейман 12 елдің өкілдері жиналған шара өзекті мәселені талқылап, тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін қуанышпен жеткізді. «Қар барысы 12 елде мекендей отырып, халықаралық шекаралармен төлқұжатсыз және визасыз қозғалады. Қар барыстары мен тау экожүйелерін сақтау Азия биік таулары халықтарының экономикалық, мәдени және экологиялық салауаттылығының ажырамас бөлігі. Snow Leopard Foundation қоры Қазақстан Үкіметімен және қар барысын және оның экожүйелерін сақтау жөніндегі жаһандық бағдарламамен (Global Snow Leopard and Ecosystem Protection Program) әріптестік аясында ұйымдастырылған осы жиында біз әлемдегі қар барыстарының популяциясын бағалау жүйесін (PAWS) енгізу бойынша жалпы оперативтік нұсқаулығын талқылаймыз. Қар барысы ареалы елдерінің өкілдері үшін интерактивті платформаның болуын қамтамасыз еттік және одан ары бірлескен күш-жігермен жасалған жұмыс нәтижелерін таныстырамыз. Трансшекаралық ынтымақтастықтың тәжірибесі туралы айтып, қар барысының ландшафттарын сақтау бойынша ұзақмерзімді ынтымақтастықтың жолдары мен әдістерін талқыладық. Бұл ілбіс мекендейтін барлық елдің өкілі үшін техникалық мәселелер мен ғылыми зерттеулерді талқылау, тәжірибе мен білім алмасу үшін бас біріктіретін тамаша мүмкіндік болды», – дейді ол.
Қар барысын көбейткіміз келсе, таутекені көбейтуіміз қажет. Өйткені қар барысы сол жануарды қорек етеді. Ал, қоректі заты кемісе, жануарды сақтап қалу қиын.
–Батыс Тянь-Шань, Ақсу Жабағылыда суырлар бар. Қар барысы суырларды да азық етеді. Қазір малшылар суырларды көп аулайтын болған. Соған тосқауыл керек. Ол үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, баламалы қызмет түрін ұсынуымыз қажет. Қазір спутник қондырғылар алып жатырмыз. Олар жануардың мойнында жүреді. Сол арқылы жануардың қай ареалда жүргенін біліп отырамыз. Ал фототұзақ арқылы олардың немен қоректеніп жүргенін анықтаймыз. Осы арқылы олардың нақты санын біле отырып, аң аулаушыларға тосқауыл бола аламыз. Шекара қызметкерлерімен де байланыс орнатып, оқытып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының биологиялық алуан түрлілік саласы бойынша ұлттық менеджер Талғат Кертешов.
Алматыдағы генетика институтының жанынан арнайы зертхана құрылмақ. Қазір оған қажетті құрал-жабдықтар алу мәселесі қаралып жатыр. Осы арқылы қар барысы басынан аяғына дейін зерттелетін болады. Қар барысын сақтап қалу үшін мамандар осы іске білек сыбана кірісуге дайын.