Жасы кіші демеңіз...
Жасы кіші демеңіз...
460
оқылды

Биыл Жастар жылы болғандықтан жас мамандарға, соның ішінде белгілі бір кәсіппен айналысуды қолға алған іскер әрі талантты жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Соның бір көрінісі – дарынды жастардың бойында кәсіпкерліктің, азаматтық белсенді тұлға мен көшбасшы құндылықтарын қалыптастыруға және жетілдіруге бағытталған «Зерен – 2019» республи­калық танымдық жастар жазғы лагерінің ашылуы.

«Зерен–2019» республи­ка­­лық танымдық жастардың жазғы лагері Жастар жылына орай «Жол картасы» шеңбе­рін­­де жүзеге асырылып жа­тыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев лагерьге барып, жас кәсіп­кер­лердің ұсыныс-пікірін тың­дап, олардың бизнес-идеяларымен танысты.

– Қазір осы алаң еліміздің әр өңірінен және жақын шетелден келген ең дарынды әрі бастамашыл жастардың басын қосып отыр. Әрқай­сы­сыңыз өз жоба­ларыңызды таныстырып, оның мүмкін­дік­тері мен әлеуеттері туралы айтып қана қоймай, тәжірибе жинап, үздік бизнес-тәлім­гер­лерден, коучтар мен са­рап­шылардан білім ала ала­сыздар. Лагерьдегі қар­қын­ды білім алу күндері өз жолдары­ңызды табуға және өз-өзде­ріңізге деген сенімді артты­руға көмектеседі. «Зе­рен – 2019» лагері ойла­ры­ңыздан шығып, жаңа жоба­лар мен бастамалары­ңыз­ды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Дәурен Абаев.

Лагерь жастардың өзін-өзі көрсетуіне көмектесіп, жастардың, соның ішінде ауыл жастарының эконо­ми­калық және әлеуметтік саты­ларға қол жеткізуіне көмек­тесу үшін ашылған. Ұйым­дастырушылардың дерегіне сүйенсек, лагерьге қатысу мүмкіндігі 18 бен 29 жас аралығындағы Қазақ­стан­ның кез келген азаматына және ТМД-ның әр елінен келген 5 қатысушыға беріл­ген. Лагерь үш маусымға бөлінген. Әр маусымда 200 қатысушыдан болады яғни, 600 қатысушы. Қатысушылар командаларға жіктеліп, нарық­ты алдын ала зерттеп, нақты бизнес үлгілерді құрып жатыр. Қатысушылардың идеяларының арасында қа­зіргі жұмыс кезеңінде ағыл­­шын және қазақ тілдерін тиімді онлайн үйрету, мүге­дек­терге арналған киім тігу, ұлттық тағам – құртты дайын­даудың үлгісі және т.б. идеялар бар.

Лагерьде тұру және білім алу тегін. Бірінші ауысым 3 – 11 шілде аралығында, екін­ші ауысым 13 – 21 шілдеде, ал үшінші ауысым 23 – 31 шілде аралығында өтеді. Лагерьге келген жастар өз идея­сын жүзеге асыру мүм­кіндігіне қол жеткізеді немесе лагерь тәлімгерлерінің жетек­шілігімен мүлде жаңа жоба жасай алады. Негізгі бағыттар: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағды­лары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары.

Жобаның бірегейлігі – ашық диалог алаңы бола­тын­дығында, онда танымдық үде­рістің барлық қатысушы­сы сарапшылармен бірге стартаптар жасайды, орын­далған жұмыс қорытындысы бойынша өз бизнес-жоба­ларын таныстырады.

Білікті сараптамалық қазы­лар алқасы қатысушылар жасаған жобаларды іріктейтін болады. Үздік 30 жоба қар­жы­ландырылады. Ал жал­пы жүлде қоры – 15 миллион теңге.

Алматы облысынан кел­ген қатысушы Ақбота Жа­рыл­қасынның айтуынша, осын­дай ауқымды әрі маңыз­ды жобаға қатысу шын мәнінде болашаққа берілген жолдама. «Алматы облысы­нан өз жобаммен келдім. Қазір маған тәжірибе мен «жарқ ете қалу үшін» нақты не істеу керек екенін білетін білікті маманның кеңесі жетпей тұр. Зеренге келген соң, өзіме тәлімгер таптым. Жеңіске жетіп, жобамды еліме таныстыруды арман­даймын және оған барлық мүмкіндігім бар деп ойлай­мын. Жастарды қолдауға арналған «Зерен – 2019» тәрізді жобалар мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық, оның үстіне тегін қатысып, 9 күн бойы жемісті жұмыс істеуге мүмкіндігің бар. Жастардың бәріне өз күшін байқап көруге, байқауларға қатысуға қорықпауға, қатысуға өтініш беріп, жарып шығуға кеңес беремін, себебі солай етсек қана біз өзімізді көрсете аламыз» – дейді ол.

Лагерь жұмысы шілденің соңына дейін жалғасады. Бағдарлама қорытындысы бойынша, нақты жүзеге асатын кәсіпкерлік бизнес-жобаларды Қазақстанның барлық өңірінде іске қосу жоспарлануда. Болжалды нәтиже – жаңа азаматтық бастамаларды ашу арқылы ауыл және қала жастарының дамуына серпін беру. Ауқым­ды жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің тапсырысы­мен Қазақ­стан Азаматтық Альянсы жүзе­ге асырып отыр.

 

Нұрдари ХУВЛАЙХАН