Биыл Жастар жылы болғандықтан жас мамандарға, соның ішінде белгілі бір кәсіппен айналысуды қолға алған іскер әрі талантты жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Соның бір көрінісі – дарынды жастардың бойында кәсіпкерліктің, азаматтық белсенді тұлға мен көшбасшы құндылықтарын қалыптастыруға және жетілдіруге бағытталған «Зерен – 2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагерінің ашылуы.
«Зерен–2019» республикалық танымдық жастардың жазғы лагері Жастар жылына орай «Жол картасы» шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев лагерьге барып, жас кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірін тыңдап, олардың бизнес-идеяларымен танысты.
– Қазір осы алаң еліміздің әр өңірінен және жақын шетелден келген ең дарынды әрі бастамашыл жастардың басын қосып отыр. Әрқайсысыңыз өз жобаларыңызды таныстырып, оның мүмкіндіктері мен әлеуеттері туралы айтып қана қоймай, тәжірибе жинап, үздік бизнес-тәлімгерлерден, коучтар мен сарапшылардан білім ала аласыздар. Лагерьдегі қарқынды білім алу күндері өз жолдарыңызды табуға және өз-өздеріңізге деген сенімді арттыруға көмектеседі. «Зерен – 2019» лагері ойларыңыздан шығып, жаңа жобалар мен бастамаларыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Дәурен Абаев.
Лагерь жастардың өзін-өзі көрсетуіне көмектесіп, жастардың, соның ішінде ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік сатыларға қол жеткізуіне көмектесу үшін ашылған. Ұйымдастырушылардың дерегіне сүйенсек, лагерьге қатысу мүмкіндігі 18 бен 29 жас аралығындағы Қазақстанның кез келген азаматына және ТМД-ның әр елінен келген 5 қатысушыға берілген. Лагерь үш маусымға бөлінген. Әр маусымда 200 қатысушыдан болады яғни, 600 қатысушы. Қатысушылар командаларға жіктеліп, нарықты алдын ала зерттеп, нақты бизнес үлгілерді құрып жатыр. Қатысушылардың идеяларының арасында қазіргі жұмыс кезеңінде ағылшын және қазақ тілдерін тиімді онлайн үйрету, мүгедектерге арналған киім тігу, ұлттық тағам – құртты дайындаудың үлгісі және т.б. идеялар бар.
Лагерьде тұру және білім алу тегін. Бірінші ауысым 3 – 11 шілде аралығында, екінші ауысым 13 – 21 шілдеде, ал үшінші ауысым 23 – 31 шілде аралығында өтеді. Лагерьге келген жастар өз идеясын жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізеді немесе лагерь тәлімгерлерінің жетекшілігімен мүлде жаңа жоба жасай алады. Негізгі бағыттар: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары.
Жобаның бірегейлігі – ашық диалог алаңы болатындығында, онда танымдық үдерістің барлық қатысушысы сарапшылармен бірге стартаптар жасайды, орындалған жұмыс қорытындысы бойынша өз бизнес-жобаларын таныстырады.
Білікті сараптамалық қазылар алқасы қатысушылар жасаған жобаларды іріктейтін болады. Үздік 30 жоба қаржыландырылады. Ал жалпы жүлде қоры – 15 миллион теңге.
Алматы облысынан келген қатысушы Ақбота Жарылқасынның айтуынша, осындай ауқымды әрі маңызды жобаға қатысу шын мәнінде болашаққа берілген жолдама. «Алматы облысынан өз жобаммен келдім. Қазір маған тәжірибе мен «жарқ ете қалу үшін» нақты не істеу керек екенін білетін білікті маманның кеңесі жетпей тұр. Зеренге келген соң, өзіме тәлімгер таптым. Жеңіске жетіп, жобамды еліме таныстыруды армандаймын және оған барлық мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Жастарды қолдауға арналған «Зерен – 2019» тәрізді жобалар мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық, оның үстіне тегін қатысып, 9 күн бойы жемісті жұмыс істеуге мүмкіндігің бар. Жастардың бәріне өз күшін байқап көруге, байқауларға қатысуға қорықпауға, қатысуға өтініш беріп, жарып шығуға кеңес беремін, себебі солай етсек қана біз өзімізді көрсете аламыз» – дейді ол.
Лагерь жұмысы шілденің соңына дейін жалғасады. Бағдарлама қорытындысы бойынша, нақты жүзеге асатын кәсіпкерлік бизнес-жобаларды Қазақстанның барлық өңірінде іске қосу жоспарлануда. Болжалды нәтиже – жаңа азаматтық бастамаларды ашу арқылы ауыл және қала жастарының дамуына серпін беру. Ауқымды жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен Қазақстан Азаматтық Альянсы жүзеге асырып отыр.
Нұрдари ХУВЛАЙХАН