«Жекпе-жек» сарайында Жауынгерлік өнер фестивалі өтті.
Фестиваль Қазақстан жауынгерлік өнері ассоцияциясының ұйымдастыруымен өтті. Елбасы қолдауымен 2018 жылдың қыркүйек айында құрылған ассоцияция құрамында бүгінде 200 мыңнан астам спортшы бар. Бұл фестиваль – осы жылдың 7 мамырынан Қазақстанның он алты қаласында өткен Жауынгерлік өнер фестивальдерінің қорытындысы.
Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова спортсүйер қауымды Жастар жылы аясында Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған Жауынгерлік өнер фестивалімен құттықтады.
– Жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын насихаттау. Бүгінгі кеште Жауынгерлік өнер ассоцияциясының құрамына кіретін жекпе-жек спортының 21 түрінен спортшылар өнерін тамашалаймыз. Жиналған қауымның фестивальден ұмытылмас әсер алуына тілектеспін, – деді министр.
Сондай-ақ шараға Халықаралық спорт федерациясы әлемдік қауымдастығының вице-президенті Стефан Фокс келді.
– Қазақстан үнемі қонақжайлылығымен таңғалдырады. Сіздер әрдайым өздеріңіздің спортқа жақындықтарыңызды көрсетіп келесіздер. Осы орайда Қазақстан 2021 жылы Дүниежүзілік жауынгерлік ойындарын қабылдайтынын айта кеткім келеді. Бұл спорттық қабілетті көрсетуге мықты мүмкіндік деп білемін, – деді ол құттықтау сөзінде.
Гала-фестивальде Азия, Европа, Әлем чемпионаттары жүлдегерлерінің муай-тай, панкратион, қоян-қолтық күрес, кикбоксинг, самбо сияқты жауынгерлік өнер түрлерінен жекпе-жектері өтіп, жеңімпаздар анықталды.
Көрермен жадында муай-тай жауынгерлік өнер түрінен 54 келі салмақта өнер көрсетіп, тайландтық қарсыласын нокаутпен жеңген Николай Самусев (лақап аты «Жауынгер») жақсы сақталғанын айта кеткен жөн. Себебі, Николай жеңісін қазақ еліне арнайтынын және қаламақысының бір бөлігін Арысқа аударатынын мәлімдеді.
Жауынгерлік өнер әлі талай Николай Самусев сияқты халқына жанашыр жеңімпаздармен толығатынына сенім мол.