Ауылға бардым. Жап-жас жігіттер екі қолға бір күрек таба алмай босып жүр. Кейбірі нәпақа табамын деген оймен жан-жаққа вахтамен жұмысқа кеткен. Бірі – ай, енді бірі жиырма не он күн сыртта болып тапқан қаржысын үйіне тасиды. Оған келесі вахтаға кеткенге дейінгі азық-түлік алады.
Ауылда отырып-ақ, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар. Бірақ некен-саяқ. Құрдастар қалаға жұмыс іздеп шұбырып кеткенде ауылда қалған Дәлел атты кластасымыз бүгінгі күні жерден өз нәсібін көріп отыр. Былтыр, көлге жақын жерге картоп еккен болатын. «Жақсы болды. Өнім ауыз толтырып айтарлықтай шықты. Дүкендерге килолап сатып көрдім, бірақ артынан қалаға апарып тонналап, арзан болса да, делдалдарға өткіздім. Тапқан ақшам керек нәрселерді алуға да, кейін малға қысқа шөп-жемге де жетті. Биыл тағы да салдым. Тұқымды сатып алған жоқпын. Былтырғы өнімнен бір-екі тонна картопты тұқымдыққа алып қалғанмын. Сол сеп болды. Тек жанармайға ғана ақшам кетті», – дейді ол.
Дәлел сияқты жігіттер әр ауылда бар. Аягүл Мантай фейсбук парақшасында Жамалбек атай туралы жазған екен «...Бала кезімізде Жамалбек ата бас болып, балалары лайдан кірпіш құйып, сататын. Біздің ауылдың біраз үйі Жамалбек атаның балалары құйған кірпішпен салынған. Жұмыс жоқ кезде жұмыс тауып, ақша табатын. Бір жылы Жамалбек атаның үйінде трактор пайда болды. Жоқ, сатып алмады. Біреулер жарамсыз деп тастаған трактордың темірлерінен трактор құрастырып алды. Ол кезде қазіргідей ауыл-ауылды аралап, ешкім темір сатып алмайтын. Темір ауылда əәр жерде шашылып жататын. Сол трактормен балалары жұрттың жерін жыртып, ақша тапты. Бақшасына қияр егіп, кейде сарымсақ егіп, базарға апарып, саудагерлерге өткізіп, жақсы пайда табатын. Жұрт жатса да, Жамалбек атам жатпайтын. Жұрт жатса да, Жамалбек атамның балалары жатпайтын. Әлима апам бағындағы алма, өрік, жүзім, шие т.б. жемістерден тосап жабатын. Жегенінен артылған жемісті балалары базарға апарып сатып келетін. Қызанақты көп егетін. Қызанақтан қысқа салаттың түр-түрін жасайтын.
Жазда қашан көрсем, Әлима апам банкі жауып жататын. Қателеспесем, екі жүзден көп банкі жабады-ау деймін. (Өзі бірде қанша жабатынын айтып еді, ұмытыппын). Апам жиі бәліш пісіретін. Жасы жетпіске жақындаса да,əәлі күнге дейін бәлішті жиі пісіреді. Айтайын дегенім, сол бір қиын дағдарыс кезде Жамалбек атамның үйі тарықпай, жақсы өмір сүрді. Қазір де үйіне бара қалсам, жетпістен асқан Жамалбек ата тымпыңдап бірдеңе істеп жатады. Кеше барсам, бақшада жүр. Былтыр бақшаға жүгері еккен. Биыл жоңышқа егіп тастады. Өткенде ғана «жоңышқаның бірінші орымын орғызып, жинап тастадым» деп еді. Жоңышқасы жайқалып тұр».
Бұл кісі де ешкімге жаутаңдамай өз күнін өзі көріп жүр. Адал, ақ еңбекпен.
Мемлекет бағдарламалар түзді. Ауылда жұмыс болсын деп. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 60 млрд теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 27,5 млрд теңге қарастырылған. Атап өтсек, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында – «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағдарламалары қаржыландырылады. «Қазіргі уақытта қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдап, несие беріп жатыр. Бағдарлама бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 проценттік сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 проценттен аспайды. Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров.
Міне, ауылдағы ағайынға керек көмек. Тек арланбай, аянбай жұмыс істе. Адал ас ішуге ұмтыл. Жоқ, жоқ деп даурықпа. Қазақ жалқау емес. Оған Дәлел, Жамалбек сияқты ауылдағы ағайын дәлел. Осындай адамдарды көбірек насихаттап, дәріптеуіміз керек-ақ.