Шіліңгір шілдедегі ауа-райының аптап ыстығына қарамай, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Атап айтқанда, бігінгі таңда қаладағы 676 тұрғын үйді жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ бүгінгі таңда қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету бойынша аз қамтылған және көпбалалы 650 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төлем жүргізілген. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің Арыс қаласына жасаған сапарында мәлім болды.
Асқар Мамин бастаған бірқатар министрлер мен министрлік өкілдері бар жұмысшы топ Арыс қаласындағы зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Атап айтқанда, Үкімет басшысы Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді. Ол өңірлік штабтар жұмысын тексеріп, тұрғын үйлердің, мектеп, балабақша, теміржол вокзалы ғимараттарының, қалалық аурухананың қалпына келтірілу қарқынын көрді.
Нысандарды аралау барысында Үкімет басшысы Арыстағы апатты жағдай бойынша әскери базаға жақын орналасқан аудандарға барды. Жалпы, ең көп залал көрген «Көктем-1», «Көктем-2» ықшамауданы болып саналады. Мұнда қауіпті снарядтар жарылған.
Мәселен, Атырау облысының әкімдігі жарылыстан қатты зардап шеккен «Көктем-1» ауданындағы №1 сектор бойынша бекітіліп, үйлерді қалпына келтірумен айналысып жатыр. Яғни, аталған секторға Атырау облысы мен Жетісай ауданы әкімдіктері жауапты. Қазір мұнда 12 құрылыс компаниясының 500-ге жуық құрылысшысы 458 үйді жөндеуден өткізіп жатыр.
Бұдан бөлек, облыспен бірге аталған ауданға бекітілген Жетісай ауданы әкімдігі сектордағы қиранды құрылыс қалдықтарын шығарумен айналысуда. Шамамен тәулігіне 450 тоннаға жуық күл-қоқыс тасымалданып жатыр. Сонымен қатар, Жетісай ауданы әкімдігінің мамандары бекітілген секторда бір реттік әлеуметтік жәрдемақыға құжат қабылдау жұмыстарын жалғастыруда.
Жұмысшы топты еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыс қалалық орталық ауруханасында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен таныстырды.
Арыстың бүгінгі жай-күйі туралы нақты ақпарат беру мақсатында арнайы келген делегация Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қазіргі таңда Арыстағы емхана науқастарды қабылдап жатқанын және 1 ай ішінде қалалық аурухана іске қосылатынын атап өтті.
– Арыс қалалық орталық ауруханасындағы медициналық қондырғыларды жаңарту 1 тамызға дейін жүзеге асады. Бұл мақсатқа қаражат бөлінді. Ары қарай сатып алу жағы шешіледі, – деді Елжан Біртанов.
Айта кету керек, Арыс қаласында болған төтенше жағдайдың салдарынан аудандық аурухана жартылай зақымданды. Жарылыс толқынынан емдеу мекемесінің терезелері сынған, аурухана шатыры мен ішкі және сыртқы есіктері мен баспалдақтарына зақым келген. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазойлсервис» ЖШС мердігерлік ұйымы қаражаты аясында қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 4 шілдеден бастап жарылыстан зақымданған есік-терезелері ауыстырылып, шатыры жөнделіп, әрлеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары 1 ай ішінде аяқталады.
Арыс қалалық орталық аурухана басшылығы өз күшімен емхананың жұмыс бөлмелерін ретке келтіруде. Айталық, 1 шілдеден бастап халыққа амбулаториялық қызмет көрсету қалпына келтірілді. Бір ауысымда 500 келушіге арналған консультациялық диагностикалық емханасы бар, 200 төсектік жаңа аудандық аурухананың құрылысын жүргізу шешімі қабылданды. Ауданы 7 гектар жер учаскесі анықталды, жоба алдындағы жұмыстар жүріп жатыр.
Асқар Мамин, сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Түркістан облысының штабында Асқар Маминге Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Арыс қаласын қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету аясында аз қамтылған және көпбалалы 650 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төлем жүргізілгенін хабарлады.
Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің басшылары әлеуметтік қолдау шаралары, медициналық қызметтер көрсету, тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі А.Баталов, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов бөлінген секторлардағы құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы ақпарат берді.
Жалпы, бүгінде 676 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі кезде барлық сектор жұмыспен қамтылған, 3 040 жеке тұрғын үй құрылысы мен көпқабатты тұрғын үйлер нысандарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, 190 құрылыс компаниясы, 5 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника жұмылдырылған. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша жұмыстар 66 денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарында жүргізіліп жатыр.
Кеңесті қорытындылаған Премьер-министр Асқар Мамин қаланы қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірі, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді қатысып жатқанын айтты.
«Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша барлық негізгі жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс», – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды уақытылы қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуді, медициналық қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды және білім беру нысандарын жаңа оқу жылының басталуына дайындауды тапсырды.
Түркістан облысы