«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесіп, мұнай-газ бен химия өнеркәсібіндегі ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кездесуде қордың қоржындық компаниясы – «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ мен «Татнефть» ААҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған құжат Қазақстанда мұнай өңдеу, мұнай-химия және газ-химия нысандарын жобалау мен жаңғырту, сондай-ақ мұнай өндіру технологияларын, цифрлық технологияларды енгізу бойынша жобаларды жүзеге асыруда ынтымақтастықты реттейді.
«Татнефть» ААҚ – ресейлік ірі мұнай-газ компанияларының бірі болып саналады. Сонымен қатар, Еуразияда осы сала бойынша көшбасшылар қатарында. 2018 жылы бұл компанияның нарықтық капитализациясы 1,7 трлн рубльді ($ 24,6 млрд) құраған. «Татнефть» тобына 100-ден астам кәсіпорын кіреді. Ол кәсіпорындардың әрқайсында кемінде елуден астам адам еңбек етеді. Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – еліміздің мұнай-газ саласындағы мемлекет мүддесін білдіретін көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаушы қазақстандық оператор. Компания Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатының 26 пайызын, табиғи және ілеспе газдың 15 пайызын өндіреді, магистральды құбырлар арқылы мұнай тасымалдаудың 56 пайызын және магистральдық құбырлар арқылы табиғи газды тасымалдаудың 79 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Татарстан президенті Рустам Минниханов сауда миссияларының шетелдік әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті. Айта кетейік, Татарстан – мұнай-химия өнеркәсібі саласын дамытқан елдердің бірі.
Тараптар, сонымен бірге Қазан қаласы маңындағы «Иннополис» инновациялық орталығында қормен бірге болашаққа жоспарланған ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Атап өтсек, ғылыми, жоғары технологиялық экожүйелерді құру, соның ішінде бизнес-модельді қалыптастыру, одан күтілетін нәтижелер мен инвестиция тарту бойынша тәжірибе алмасу салаларын сөз етті.
Кездесу соңында қор басшысы Ахметжан Есімов Татарстан президентіне жекешелендіру бағдарламасын ұсынды. Еске салсақ, қор 2015 жылы Қазақстан Үкіметі қабылдаған Кешенді жекешелендіру жоспарын орындауға қатысады. Аталған жоспарға енгізілген қор тобы активтерінің 80 пайыздан астамы жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 15 пайыз қатысу үлесі
2018 жылдың қараша айында IPO-ға орналастырылды. Сондай-ақ алдағы жылдары қордың негізгі сегіз компаниясын – «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық Энерго», «Тау-кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» және Qazaq Air компанияларының акцияларын орналастыру немесе стратегиялық сату жоспарланып отыр.