Қарағанды облысының ауруханалары мен емханаларында 458 жас дәрігер жұмыс істеуге ниет білдірді. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппарат отырысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. Өңірге жас дәрігерлердің мұндай ағынын қамтамасыз етуге Enbek.kz бірыңғай ақпараттық порталы мүмкіндік берді. Жүйеге 50 медицина ұйымы, оның ішінде мамандарды қабылдауға дайын 9 ауылдық медицина ұйымы тіркелген.
– Порталда біз жас дәрігерлерді Қарағанды облысында жұмыс істеуге ынталандыру үшін барлық артықшылықтарды көрсеттік: жалақы мөлшері, одан ары резидентурада жұмыс істеу және кәсіби дағдыларды жетілдіру мүмкіндігі, қызметтік баспана беру, көтермелеу және өзгелері. Нәтижесінде, облыста 458 түлек жұмыс істеуге ниет білдірді. Олардың 81-і ауылдық жерге көшіп баруға дайын, – деді Ержан Нұрлыбаев.
Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау басқармасы таяу үш жылда оларға 281 баспана беруді жоспарлап отыр. Абай, Қарағанды және Жезқазғанда 27 дәрігер осы жылдың соңына дейін пәтер кілтін алады. Пәтерлер толығымен жөнделген, жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған.
Сонымен бірге, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы Теміртау әкімшілігімен бірлесіп, 60 пәтерлі жөнделген ғимаратты денсаулық сақтау жүйесінің балансына беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жас мамандар үшін Қаражал, Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында да баспана дайындалды.
Қарағандыдағы №1 қалалық аурухана облыс орталығындағы 12 пәтерді жөндеуге сметалық жобалау құжатын әзірлеуді аяқтады.
Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы,