Дәрігерлердің жалақысы өсті
Дәрігерлердің  жалақысы өсті
424
оқылды

Осы айдан бастап аймақтағы денсаулық сақтау саласының 18 398 қызметкері жаңа жалақы алады. Дәрігер­лер, медбикелер мен мейірбикелердің жалақы­ларына қосымша 30 па­йыз үстеме қосылды. Оның ішінде қызметтік жалақы емес, нақты ең­бекақы көтерілді. Мысал­ға, егер бұған дейін медициналық қызметкер 80 000 теңге алса, бірінші шілдеден бастап оның жалақысы 24 000 теңгеге көбейіп, 104 000 теңгеге жеткен.

Денсаулық сақтау жүйесінің барлық саласында жалақы кө­терілді. Көмекші қызметкер­­лердің де (хатшылар, күзет­ші­лер, аула сыпырушылар және т.б.) жа­лақыларына 22-30% ара­лы­ғында үстемақы қо­сы­лады. Есеп­теулер жұмыс өті­ліне, қыз­мет көрсету саласы мен қосымша жұмыстарға қатысты есептеледі.

Жаңа жалақыны санау мәсе­лесін Денсаулық сақтау басқар­масының жетекшісі Ержан Нұр­лыбаев жеке бақылауына алды. Ол үшін мекемеде zarplata@zdravkrg.kz электронды поштасы құрылды. Мұнда жалақының жаңа жүйесіне байланысты сұрақтар туындағанда кез келген медициналық қызметкер хат жаза алады.

– Еңбекақыны қайта есеп­теулер орын алған жағдайда қыз­меткерлерде сұрақ болуы мүм­кін. Сондықтан жаңа элек­тронды пошта құруды тапсыр­дым, онда қандай да бір мәселе туындаған жағдайда біздің кез келген қызметкер хат жаза ала­ды немесе жаңа жалақы туралы түбіртектің суретін жібере ­ала­ды, – деп түйіндеді Ержан Нұрлыбаев.

Жалақыны көтеру респуб­ликалық бюджет пен өңірлік медициналық ұйымдардың жеке есебінен жүргізіледі.

Бюджет саласының жала­қысы төмен қызметкерлеріне еңбекақыларын көтеруді Nur Otan партиясының съезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сымен осы тапсырманы орын­дау мерзімі 2019 жылдың 1 шіл­де­сі­не ауыстырылды.

 

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы