Атамбаевтың түбіне не жетті?
Атамбаевтың түбіне не жетті?
335
оқылды
Негізгі тағылған айып – елдің бұрынғы басшысы қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты 2013 жылы түр­меден заңсыз босатқан. Көрші­леріміз өз тарихында 3 президентін соттаса, соның алғашқысын түрмеге отырғызбақ. Бірақ бұл даулы істің артында не тұр? Атамбаевтың негізгі айыбы осы ма? Көрші Қырғыз Республикасында 2 жылдан бері жалғасып келе жатқан саяси текетірес осымен аяқталған шығар. Қырғыз елінің қазіргі және бұрынғы басшысының арасы суығалы үлкен арпалыс жүрді. Екі саяси қошқардың басы бір қазан емес, бір елге сыймады. Ақыры бірі екіншісін түрмеге тоғытып тынды. Әрине, бұл оңай болған жоқ, ұзаққа созылды. Былтыр 27 маусым күні қырғыз Парламенті Жогарку Кеңеш елдің бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаевтан экс-президент ретіндегі ерекше қол сұғылмау мәртебесін алып тастағанда істің насырға шабатыны белгілі бола бастады.  109 депутаттың 103-і Атамбаевқа қарсы дауыс берді. Парламент қаулысы бірден бас прокуратураға жолданды. Тегін емес. Прокурорлар экс-президентке бірнеше қылмыс бойынша айып таққан еді. Сонымен, саяси текетірес неден басталды? Атамбаев 2011-2017 жылдары Қырғыз Республикасын басқарған 3-ші президент. Бұл елдің қазіргі конституциясы бойынша президент тек 6 жылға бір рет қана сайлана алады. Атамбаев бұл талапты орындап, 3 жыл бұрын қызметінен кетті. Сайлауда қазіргі қырғызбасы Сооронбай Жээнбековті қолдады. О баста екеуі бір партиядан шыққан саяси үзеңгілестер деп қарастырылған. Алайда Жээнбеков билікке келген соң екеуінің арасы күрт бұзылды. Атамбаев қызметтен кетсе де, саяси алаңды тастағысы келмей, жаңа басшы Жээнбековті өз кадрларымен қоршап, оны бақылаудағы президент қылғысы келді. Бұл оның қателігі болатын. Жээнбеков тілалғыш орынбасар болады деген болжамның күл­талқаны шықты. Ол ережеге көнбеді, мінез танытты. Қайта Атамбаевтың ең сенімді серіктері – басты кадрларын қысқа уақытта толы­ғымен ауыстырды. Олар – президент әкімшілігінің басшысы Фарид Ниязов, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Абдил Сегізбаев, бас прокурор Индира Джолдубаева, премьер-министр Сапар Исқақов және басқалар. Президент Жээнбеков оларды тек қызметінен босатумен шектелмеді. Ескі команданың біразына айып тағып, соттады. Әрине, ресми түрде бұл құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Алайда Жээнбековтың рұқсатымен екені айқын еді. Бұл өзінің бұрынғы басшысы Атамбаевпен ашық қарсыласу дегенді білдірді және Жээнбеков бұл қадамға саналы түрде барды. Мәселен, Атамбаевтың жақын адамы экс-премьер-министр Сапар Ысқақов жемқорлықпен айналысты деп айыпталып, 18 жылға сотталды. Экс-вице-премьер Асқарбек Шадиев бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 13 жылға сырттай бас бостандығынан айырылды. Бішкек қаласының бұрынғы басшысы Албек Ибраимов 15 жылды арқалап кетті. Ал Атамбаевпен бірге айыпталған елдің бұрынғы бас прокуроры Индира Джолубаева 5 млн сом айыппұл төлеуі тиіс.   Atambaev Осылайша, Сооронбай Жээнбеков билік элитасын Атамбаев кадрларынан тазалады. Тіпті, Атамбаевты қырғыздың социал-демократия партиясының төрағалығынан да алып тастады. Аталған партияның елдің саяси өмірінде ықпалы мол. Парламенттегі 120 орынның 38-ін алып отыр. Енді партия толығымен Жээнбековтың қарамағында деуге бо­лады. Жалпы, Алмазбек Атамбаевтың тек 1 ғана қылмыс бойынша (Батукаевты түрмеден заңсыз босатқан) айыпталуы «жолының болғаны» деуге келер. Неге? Себебі бұған дейін прокуратура оған бірнеше ауыр айып тақты. Біріншісі – Атамбаев Кой-Таш ауылында жерді заңсыз алып, онда қазіргі үйін салған. Екіншісі – «Ака Инвест» фирмасы арқылы ақша жымқырған. Үшіншісі – Бішкек жылу электр стансасын жаңғырту, жөндеу барысында жемқорлыққа қатысы болған. Төртіншісі – Бішкек жылу электр стансасының көмір сатып алу ісіне араласып, жемқорлыққа жол берген. Ал оның Кой-Таш ауылындағы үйін шабуылдау барысында арнайы жасақ сарбазының өлімі де экс-президентке айып ретінде тағылмақ болған. Дегенмен сот үкімі тек Батукаевтың ісі бойынша ғана шығарылған. Сот процесі барысында саяси сауда жүргені көрініп-ақ тұр. Батукаев пен Атамбаев арасында қандай байланыс болғаны белгісіз. Бірақ 2013 жылы билікке келген экс-президент ұзақ жылға сотталған нағыз қандықол қылмыскерді «ауыр кеселге ұшырағаны үшін» деген жалған дәрігерлік анықтама негізінде бостандыққа заңсыз шығарғаны белгілі болды. Қылмыс әлемінің серкесі түрмеден босаған бойда Ресейдің Грозный қаласына тартып кеткен. Батукаевтың кесірі көпке тиді, экс-министр, экс-бас прокурор, тіпті зертхана қызметкері де істі болды. Атамбаевтың ісінен хабарсыз адам оны оңай беріле салды деп ойлап қа­луы мүмкін. Әрине, олай емес. Ол алдымен Жээнбековпен жабық, кейін ашық күресуге тырысты. Өзіне тағылған айыптың барлығын жоққа шығарды. Социал-демократиялық партияның басында қалуға тырысты. Ұсталған өз адамдарын қорғап бақты. Тіпті, Ресейге барып, В.Путиннен қолдау табуға да тырысты. Ең соңында Кой-Таш ауылында өзін ұстауға келген арнайы жасаққа қарсы оқ атты. Жақтастарын жинады. Бәрі де нәтиже бермеді. Биліктің аты билік. Жээнбеков дегеніне жетті. Өзінің экс-үзеңгілесін 11 жылға түрмеге айдап салды. Жалпы, Атамбаев Орталық Азияда сотталған алғашқы экс-президент. Әрине, нақ осы елде бұрынғы басшылар Асқар Ақаев пен Құрманбек Бәкиевке де үкім шыққан, алайда сырттай. Бірі – Ресейде, екіншісі – Беларусьте. Әзірге еліне оралар ойы жоқ секілді. Алмазбек Атамбаев сотталса, елде саяси дағдарыс орнауы мүмкін бе? Басында осындай ой болғанымен, қазір жағдай тыныш секілді. Оның жақтастары тағы көшеге шығуын жоққа шығаруға болмайды. Жоқ, әзірше Бішкек тыныш. Соңғы ереуіл наурыз айында болған, екі мың демонстрант өз жақтасын түрмеден босатуды талап еткен. Алайда Атамбаевты емес, экс-депутат Сабыр Жапаровты абақтыдан шығарғысы келген. Саяси дағдарыс жайлы болжамға келесі бір себеп бар. Қырғыз саяси жүйесінің әлсіз тұсы – ел оңтүстік пен солтүстікке бөлінген. Әр тарап өз өкілін қолдайды. Былтыр Шу облысының өкілдері солтүстіктің тумасы Атамбаевты ешкімнің қолына беріп қоймаймыз деп оның үйін күзетті. Яғни, ол азаматтар үшін заң, қылмыс, тергеу, үкім деген ұғымдардан бұрын саяси-географиялық бөлініс маңызды. Өз кезегінде Жээнбеков оңтүстіктің өкілі саналады. Кезінде Ақаев пен Бәкиев те осылай аймақ бойынша бөлінді. Бөлініс соңы талай жанның құрбан болуына әкелді. Бұл жолы ондай қателікке жол беріле қоймас. Сонымен, Атамбаевтың түбіне не жетті? Түрлі болжам айтуға болар. Меніңше, саяси ашкөздік. Президент қызметінен де-юре кетсе де, де-факто қол үзе алмау. Билік басында жанама түрде қаламын деген теріс ниет. Алайда қос төңкерісті бастан кешірген Қырғыз Республикасы басқа ел. Саяси элита да өзгерген сыңайлы. Саяси қуыршақ ұстағысы келген экс-басшыны қаламады.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА