Отбасы – алтын бесік, қасиетті шаңырақ, ізгілік пен ырыс ошағы. Тату-тәтті отбасы, оның мүшелерінің рухани жақындығы, бір-біріне адалдығы, шаттық-қуанышта бірге шалқып, қайғы мен қиындықта өзара қолұшын беруі – нағыз бақыттың бастауы. Ал отбасыда бақытты емес адамдардың Отанға, мемлекетке де көңілінің тола қоюы, елге, ұлтқа сүйіспеншілік пен рақым танытуы неғайбыл.
Қай заманда да қазақтың тіршілігінің тіні, ауқатының ұстыны, дәстүрлі құндылықтарының тұғыры отбасынан басталатын болған. Алайда кейінгі кездері қазақстандықтардың осы рухани қазынадан бас тартуға бейім тұратыны, отауды берік қорғанға айналдыру орнына тезірек қиратуға ұмтылатыны қамықтырады. Ресми мәліметтер көрсеткендей, әдетте ортақ перзенттері жоқ отбасылардың ажырасу дерегі көп. 2016 жылы 47 677 тұл отбасы ажырасуға бел буып, оның 33 948-і немесе 71,2%-ының өтініші қанағаттандырылған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 52 896-ге дейін артқан. Соттар арқылы сол жылы баласыз ерлі-зайыптылардың 36 810-ы немесе 69,6%-ы айырылысып тынды. Ұқсас жағдай былтыр және биыл да қайталанды.
Отаулардың бұзылуы фактілерінің артуына байланысты мемлекет татуластыру институтын сынақ ретінде енгізген. Ол бойынша бет-бетімен кетпес бұрын жұбайлар алдымен міндетті түрде медиатормен әңгімелесіп, оның кеңесін тыңдауы тиіс. Бұл пилоттық жоба аясында некені бұзу туралы 8 099 іс бітім келісімімен аяқталған.
Бір қынжылтатыны сол, енді балалы отбасылардың ойрандалу деректері көбейе бастапты. Бұған азаматтарды экономикалық себептер итермелеуі ықтимал. Биылғы 30 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған баса назар аудартты:
«Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен Президент Әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы», – деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.
Осының алдында Шымкент судьялары қалалықтардан ажырасу және әкеліктен бас тарту жөнінде өтініштер күн сайын 10-15-тен қаптап түсіп жатқанын мәлімдеді. Әңгімелесу кезінде адамдардың бұған АӘК алу үшін барып жатқаны анықталған.
Расында, 2019 жылдың 5 айында Қазақстан бойынша кәмелет жасқа толмаған балалары бар отбасылардан некені бұзу туралы өтініштер 29 мыңнан асып кетіпті. Алайда судьялар олардың барлығын бірдей қанағаттандырып жатқан жоқ. Осы кезеңде 15 025 іс қана қанағаттандырылды. Қалғандары бітімге келуге байланысты тоқтатылған; татуласуға уақыт беру үшін 1-ден 6 айға дейін кейінге қалдырылған; тараптардың бірінің талабымен өтініш қараусыз қалдырылған немесе әзірге сотта қаралмаған.
Мемлекеттен жәрдемақы алу үшін отбасын бұзуға жол бермеу мақсатында қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізіп, «жәрдемақы алу үшін жалған ақпарат ұсынған және мемлекеттік органдарды алдаған ерлі-зайыптыларға әкімшілік жаза қолдану» ұсынылып отыр. Бұл ретте осындай тәсілмен алынған сома – жәрдемақы мемлекетке кері өндіріп алынады және оған барғандар алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ елімізде отбасын сақтап қалу мақсатында жергілікті әкімдіктер жанынан «Отбасын ресурстық қолдау орталықтарын» ашу жоспарда бар. Онда бас қосуға сөз байласқан жастардың некеге тұру алдында бірлескен тұрмыста кездесетін мәселелер бойынша мамандардың кеңесін алудың міндетті рәсімі жүргізіледі. Тиісінше, азаматтар ерлі-зайыпты атану үшін АХАТ-қа осындай кеңес алғандары туралы анықтама тапсырады. Осыған байланысты «Неке және отбасы туралы» кодексіне тиісті түзетулер енгізу қарастырылып жатыр.