Әлібек Әлденей Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Тwitter-дегі парақшасында Әлібек Әлденей Nur Otan-ның хатшысы болып тағайындалғанын жазды. «Елбасы «кері байланысты» күшейтіп, қоғамның сұранысына сәйкес дер кезінде әрекет етуді тапсырды. Бұл істе халықпен тиімді байланыс орнатудың жаңа жолы қажет. Осыған байланысты партия Лидерінің келісімімен Әлібек Әлденей Nur Otan-ның хатшысы болып тағайындалды» делінген жазбада.
Әлібек Әлденей әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да және Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алған. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Халықаралық бағдарламалар орталығы, «Самұрық-Қазына» қорында еңбек еткен. 2015 жылы «Алматы» телеарнасының бас директоры болып тағайындалды. Биыл сәуірден бастап Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасын басқарды.